БАРЫМТАШЫЛАР ЗАҢ ҚҰРЫҒЫНАН ҚҰТЫЛМАДЫ

БАРЫМТАШЫЛАР ЗАҢ ҚҰРЫҒЫНАН ҚҰТЫЛМАДЫ

БАРЫМТАШЫЛАР ЗАҢ ҚҰРЫҒЫНАН ҚҰТЫЛМАДЫ
ашық дереккөзі

7 млн. 226 мың теңгенiң малы ұрланған

Қазiр "дәнiккен жаман ба, құныққан жаман ба", айыру қиын. Қазiргi заманның ұрылары туралы осылай сөз сараптамасқа лаж жоқ. Олар қоңы бiтеу қойлардың шылқыған майынан қауып, тойған соң жөнiне кететiн қасқырдан да қауiптi. Жүрген жерлерiн жұт жайлағандай үптеп кетедi.

Бөрiлерден бiр нәрсе қалады ғой, әлгi екi аяқты қорқаулар, ауыл-ауылды аралап, көзден таса малдарды даралап, пышаққа iлiнетiндерiн саралап, әкелерiнен еншi қалған дүниедей көлiктерiне тиеп алып, тайып тұрады. Осы суық қолды, "КамАЗ"-дарды жүгiмен, iрi қараларды түгiмен жұтатын сабаздардың аты-жөндерi – Бектұрған Сауыров, екiншiсi Серiкбай Ахметов. Бiрi 1964 жылы 15 наурызда Оңтүстiк Қазақстан облысында туған, Отырар ауданы, Шәуiлдiр ауылында тұрады. Сыбайласы Түркiстанның Ынтымақ ауылынан.

Сонымен Сауыров қомағайлана қылғытуға иi жұмсақ десе керек, Жаңақорған ауданын таңдапты. Алдымен Талаптың тау беткейiнен С.Адилов, Ү.Сейдеметов, А.Ибрайымов, Ш.Маханбетовтiң 13, Байкенже жерiнен А.Мәмбетәлиевтiң 14, Түгiскеннiң "Саусакөл" жайылымынан С.Көкенов, А.Әбдiхалықов, А.Садықовтардың 20, Қыраштың ойпаттағы артезиан жағынан Қ.Мампаев, Б.Тұрабаев, Б.Бердiсүгiровтiң 14 бас зеңгiбаба тұқымын көлiктерiне асықпай артып алып кеткен. Бектұрған бұл жортуылдарын 2009 жылдың қараша айының 19-нан 20-сына қараған түнiнде және 2010 жылы сәуiрде аты-жөндерi анықталмаған "Азатбай" мен "Ғабит" есiмдi жiгiттермен күнi бұрын уағдаласқан түрде жасаған. Сауыров осы 4 "сәттi сапарында" жәбiрленушiлерге 4 миллион 590 мың теңге көлемiнде шығын келтiрген.

Келесi кезекте Сауыров Ахметовпен бiрлесiп, 13 күн өткенде үлкен жол торабы маңындағы Манап ауылының Т.Сапарбеков, Ұ.Еркiнбаева, Н.Дүйсенбиев, Н.Ибрагимова, Б.Көпешовтiң 8 iрi қарасын қолды қылған. Онымен қоймай мамырдың 14-нен 15-iне қараған түнi қайтадан Қырашты торуылдап, Г.Бисенованың мал қорасына түседi. Ал маусым айында Н.Бейiмбетовтiң мал қорасынан 4, Г.Бисенованың мал қорасынан 1 мал ұрланады. Б.Сауыров тамызда тағы да 24-разьезд темiржолы бойындағы "Бөрiтескеннен" А.Құламетовтiң 12-бас iрi қарасын ұшты-күйлi жоқ қылады. Сөйтiп С.Ахметов пен Б.Сауыров кезектесiп, бұл жолы да анықталмаған "Азатбай", " Ғабит" және "Нұржiгiттi" тиiмдi пайдаланып, үш ауылды майлы iшектей сорып, мал иелерiне 2 миллион 636 мың теңгенiң зиянын тигiздi. Оңай олжалаған барлық малды өз облыстарындағы "Қарабұлақ" базарына пұлдап, түскен пайданы бөлiсiп отырған. Ұрлық алаңдары мен сауда орны аралығында "КамАз", "МАN", "Мерседес-Бенс" маркалары жүк көлiктерiн құрдай қатынатқан.

Қанша тайраңдаса да ұрылар құқық қорғаушылардың құрығынан құтыла алмады. Ештен кеш жақсы болып, ҚР Қылмыстық Кодексiнiң 175-бабы, 3-бөлiгi "б" тармағымен айыпталған Б.Сауыров пен ҚР Қылмыстық Кодексi 175-бабы "а,б,в" тармақтарымен айыпталған С.Ахметов 2010 жылғы 27 қыркүйекте қамауға алынды. Жаңақорған аудандық сот төрағасы отырысының хатшысы Г.Жүсiпәлиеваның қатысуымен ашық сот талқылауында қаралған iсте барымташылар айыптарын толығымен мойындады. Сот барысында қылмыстық iс-куаларының жауаптары және дәлелдемелер негiзiнде қылмыстық жауаптылығы жеңiлдетiлiп, бұрын сотта болмағандары ескерiлiп, жаза тағайындалды.

Қылмыстық iсте төрағалық етушi Жаңақорған аудандық сот төрағасы Нұрлан Өмiртайұлының 2010 жылғы 7 желтоқсандағы үкiмiмен сотталушы Бектұрған мен Серiкбайдың жәбiрленушiлерге келтiрiлген залалдарын өндiруге, мүлiктерiн тәркiлеуге үкiм шығарылды. Сөйтiп Сауыров төрт жылға, Ахметов екi жыл 6 айға бас бостандықтарынан айрылып, жазаларын түзеу колониясының жалпы режимiнде өтейтiн болады.

Иә, мәселе түрменiң ащы дәмiн татуда ғана емес, опық жегiзген оқыс қадамның оңды нәтиже шығарып, "ұрлық түбi – қорлық" екенiн шындап сезiнуде.

P.S. Үш жыл бойы жергiлiктi елдi мекендердi еңiреткен ептi екi ұрының осы күнге дейiн ұсталмай жүргенi таңғаларлық жайт. Оймақтай бiр облысты зар илетiп, ауыл малын торуылдаған қос қарақшының "сыбайласы" болғаны анық. Өйткенi ұрлық орнынан лезде табан жалтыратып, тiптi облыстық базарда ұрланған малды саудалауда "крутой" көкесi болғаны, екi ұрының жасырын қалып жүргенi осындай ойға итермелейдi.

Ләззат Әбдiрахманова, Жаңақорған аудандық сотының бас маманы