ТАБИҒАТ ҮНДЕСТIГI

ТАБИҒАТ ҮНДЕСТIГI

ТАБИҒАТ ҮНДЕСТIГI
ашық дереккөзі

Қарап отырсаң, өзара үндестiктен, өзiндiк заңдылықтан тұратын жаратылыстың қарапайым пенде тереңдей бермейтiн шарттары бары белгiлi. Былай қарағанда ұшы-қиырсыз көрiнер дүниенiң белгiлi жүйеге құрылған үндестiгiн, аспан мен жердiң, күннiң, айдың және жұлдыздардың өзара байланысын, өкiнiшке орай, бiз ескере бермеймiз. Жердiң сiлкiнуi, судың тасуы және құрғақшылық сияқты табиғи апаттардың да тектен-тек болмайтындығы да анық. Жер шарының құпияға тұнған бүлк-бүлк тынысын дәл сол күйiнде қабылдаймыз, түп-төркiнiне бойлауға да тырыспаймыз.

Өзара үндестiк болмаса, есеп-қисаптан тұрмаса, дүние атаулы үгiтiлiп түсер едi, жер үстiн мәңгiлiк мылқаулық, топастық билер едi. Әлемдегi iрiлi-ұсақты жан-жануар, зат – бәрi бiр-бiрiмен тығыз байланысты, бiр-бiрiне тартылып тұрады. Бiрiнiң қозғалысына екiншiсiнiң тағдыры тәуелдi, бiрiнiң тербелiсiнен екiншiсi өзгерiске ұшырайды. Үздiксiз тасқындаған толқын ағыстарынан жеткен хабар, белгiлер, жұлдыздардың әлiппесi, планеталардың орналасу тәртiбi ұдайы жаңарып, дамып-жылжуынан сан алуан жаңалықтардың, оқиғалардың өрбитiнi – қиялдың нәтижесi емес, дәлелденген нақтылық. Әрбiр жан иесiнiң жарық дүниеге келуi ғарыш – адам – кеңiстiк – жер үндестiгiнiң жемiсi. Шыр етiп сәби туылғанда, планеталардың, жұлдыздардың дәл сол сәттегi орналасу көрiнiсi оның бүкiл тағдырына ұдайы ықпал ететiндiгi қазiр ешкiмге таңсық емес. Әл-Фараби бабамыздың "Жұлдыздар туралы" – деген трактатында аспан әлемi жетi қабатты делiнген. Әр қабатта үлкен-үлкен шырақтар орналасқан. Олар планеталар деп айтылады. Сол планеталар жеке-жеке құрсақтағы баланың дамып, жетiлiп өсуiне 40 күннен әсер тигiзедi екен дейдi. Егер де әр планета 40 күннен әсер етсе, және оны 7 планетаның (әр қабаттағы) санына көбейтсек 280 күн болады екен (40 х 7 = 280). Бұл 280 күн қазiргi ғылыми медицинадағы нәрестенiң құрсақта өсiп жетiлуiне керек 9 ай 9 күнге де дәл келiп тұр. Қандай көрегендiк десеңiзшi! Егер ананың құрсағындағы баланың даму уақыты 280 күнге жетпей туылса – "шала туылған" болып, ал егер керiсiнше асып кеткен жағдайда да қалыпты өсуден ауытқуы деп тұжырымдалады. Мұндай нәрестелер дүниеге келгеннен кейiн де "ылғи дәрiгерлiк қадағалау" тобына тiзiмге алынуы қажет. Сондықтан дәрiгерлер мұндай нәрестенi үнемi тексерiп отыруға мiндеттi ("группа риска") деген ұғым. Ал осыны ертедегi адамдардың да бiлгендiгiн әл-Фарабидiң осы трактатынан бiлiп отырмыз. Табиғат заңдылығына бiр сәт көңiл бөлейiкшi. Кез келген саяжайдағы гүлдердiң ғарышпен байланысын байқайсыз. Таң ата бастағаннан күн шыққанша ашылатын гүлдер бар және кешкi намазшамда ашылатын гүлдер бар. Негiзiнен гүлдердiң көпшiлiгi күн шыққанда, оның шапағатымен нұрланып, толық ашылып, керiсiнше күн ұясына батқанда қайтадан жабылып қалады. Халқымыз табиғат сұлулығынан, әдемiлiгiнен бойына қуат, жүрегiне шуақ алып, аса зор iңкәрлiк сезiмге бөленген және табиғаттың сұлулығының алдында бас иген. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: "Сұлулық дегеннiң тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы гүлдi алайық. Сол гүлдерге бiз сұлу емессiң деп айта алмаймыз. Ол – табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың iшiнде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарағын. Олардың iшiнде де қаншама сұлулық бар. Сол себептi, қарағым, сұлулық деген нәрсенiң өзi табиғаттың творчествосы. Осы күнде ғалымбыз деп жүрмiз, бiрақ табиғатқа қарсылық ету күнә!" – деп, табиғат сұлулығын сезiне бiлу және аялау қажеттiгiн ерекше ескерткен екен. Осының өзi-ақ жерден өсiп шыққан гүлдiң ғарышпен гармониялық байланысын көрсетпей ме? Демек үлкен планета – Күн мен кiшкентай планета – Жерден өсiп шыққан гүл бiр-бiрiмен ғарыштық байланыста. Сондықтан олар бiрлесiп қана тiршiлiк кеңiстiгiнiң ұлағатты да адамға қажеттi аурасын түзедi. Сонымен қатар Жердiң өсiмдiктерi тек күнге ғана әсерленбейдi, олар ғарыш әлемiндегi басқа планеталармен де өзара байланыста болады және оларға тiптен адамдардың пиғыл-пейiлi мен көңiл-күйi де әсер ететiнi дәлелденiп отыр. Ғалымдар мынадай бақылау жүргiзген. Бөлмеде өсетiн өсiмдiктерге құрылғылар қойып, өсiмдiктен шығатын энергиялық импульстердi көрсететiн сезiмтал аппаратпен тексередi. Бiр-бiрлеп кезекпен бөлмеге бiрнеше адам кiрiп-шығады. Бөлмеге кiргенде бiрi өсiмдiкке тиiспей жанынан өтедi, екiншiсi өсiмдiкке су құйып суғарады, ал үшiншiсi – өсiмдiктiң жапырағын жұлады. Жапырақ жұлған адам бөлмеге қайта кiргенде өсiмдiк қауiптi қайта сезiнiп, құрылғылардың көрсеткiшi өзгерiске түсетiнiн көрсеткен. Тiптi кейбiр гүлдер адам мейiрiмiн төгiп жанында жүрсе құлпырып, олар кетiп қалса солғын тартып, тiптен солып қалатындығын кәнiгi бағбандар бiледi. Мейiрiмдi адамның өсiрген жемiс-жидегi де өнiмдi болып, керiсiнше тек жалға алып, пайда табу үшiн өсiрiлген жемiс-жидектер нашар өнiм беретiндiгi де iс жүзiнде дәлелденген шындық. Демек жердiң өсiмдiгi де адамды психологиялық тұрғыда сыннан өткiзiп, оны жақсы көрiп немесе керiсiнше жек көрiп, аспан әлемiндегi өз планеталарына ол туралы ақпарат берiп отырады Ендi әрбiр семьяның бiр гектар өз жерi болсын делiк. Ол жер қазiргiдей тек қана картоп егiп, оны сатып баюға арналған жер емес, керiсiнше сiздiң өзiңiздiң жекеменшiгiңiздегi, құлпыртып гүл егiп сүйсiнетiн, жемiс-жидек егiп, жемiсiн жеп, бала-шағаңызды өсiрiп-тәрбиелейтiн, еңбекке баулитын, ұрпақтарыңыздың да өсiп-ержететiн киелi шаңырағыңыз. Демек сiздiң өз жерiңiз (ғарышпен байланыстағы өз кеңiстiгiңiз) бар, ол жерде әртүрлi жалдамалы жұмысшылар емес, сiздiң өзiңiз (бала-шағаңызбен) өз қолыңызбен өсiрген жемiс-жидектер мен өсiмдiктер өсiп тұр. Ол өсiмдiктердiң әрқайсысы (сол алқаптың әрбiр шөбiне дейiн) сiздi жақсы көредi, сiздiң мейiрiмiңiздi сезедi және сол өсiмдiктер, сiз үшiн әлем кеңiстiгiнiң жағымды энергияларын өз бойына жинайды. Сол жағымды энергияларды жинап, сiзге бередi. Демек ол өсiмдiктердiң сiзге және сiздiң ұрпағыңыздың денсаулықтарын жақсартуға септiгiн тигiзетiн емдiк қасиеттерi бар. Тарихтан көне Египетте 5 мың жылдай бұрын әртүрлi дiндердiң негiзiн салған перғауындар билiк құрғаны белгiлi. Олар сол кездiң ең бай адамдары болған. Олардың сәндi сарайларының астында әртүрлi бағалы бұйымдар мен алтынға толы сандықтары болған. Ең бастысы олар көптеген ғылым түрлерiн меңгерген. Сол перғауындардың өздерiне ғана тиесiлi жерi болған және ол жерлерiнде өздерi ғана жемiс-жидек өсiрiп, құлдарын iстетпейдi екен. Себебi олар көптеген ғылымның сырын бiлумен қатар әрбiр гектар жердiң де құпия сырын бiлген болса керек. Египеттегi көне храмдардың қабырғасында: "Өз құлдарыңның қолынан тамақ (ас) жеме!" – деген жазу болған. Көне Римде де егер құл жермен жақсы жұмыс iстей бiлсе, оған жер бөлiп берiп, құлдан сол жердiң 10% өнiмiн алып тұратын болған және оларға кiшiгiрiм үй салып тұруға да ақша берген. Ол құлды басқа бiреуге сату керек болса, оны жерiмен қоса сататын болған. Неге Рим сенаторлары кейбiр құлдарға жер бөлiп берген? Себебi басқа құл иемденiп, жұмыс iстесе, ол жердiң түсiмi кемитiнiн бiлген. Тек мейiрiмi түскен адамға ғана Жер-Ананың иетiнiн бiлген! Египет перғауындары мен көне Рим сенаторлары, адам ағзасына қандай тағамдардың пайдалы болатынын да бiлген. Қазiргi бiз базардан сатып алып жейтiн тағамдарымыз, әсiресе шетелдiк жемiс-жидектердiң адам ағзаларына тигiзетiн зияны көп. Олар "өлi" тағамдар. Себебi оларда ешқандай қуат жоқ, сол себептi оларда құрт та болмайды. Өзiңiз бақшаңызда өсiрiп жеген жемiс-жидекке не жетсiн. Өзiң егiп өсiрген жемiс-жидек (өз қолыңмен ұстап, дәнiн сепкен) сенiң ағзаңдағы ауруың туралы космосқа ақпарат берiп, соған ем болатын энергия-қуатты бойына жинайды екен. Сол себептi құрт жесе де өз жерiңде өсiрген жемiс-жидек адамға пайдалы. Себебi бiздiң қазiргi технократиялық тiршiлiк, тiптен құрт та жемейтiн мутант жемiстер өсiру "жетiстiгiне" жетiп отыр. Қорыта айтқанда, егер де сiздiң өзiңiздiң жекеменшiктi жерiңiз болмаса, ешқандай да адамға пайдалы тағам таба алмайсыз. Әрине, сiз ақшаға базардан немесе дүкеннен жемiс-жидек сатып аларсыз. Тек есiңiзде болсын: ол жемiс-жидектер сiз үшiн өсiрiлген жоқ, олар тiптен адам үшiн де өсiрiлмеген. Олар ақша табу үшiн өсiрiлген. Мейiрiм кеңiстiгi емдемейтiн аурулар болмайды, себебi ол кеңiстiк сiздiң өз қолыңызбен, жан-дүниеңiздiң жылуының арқасында пайда болған. Кез келген ауру-сырқат та адамның жан дүниесiнiң күйзелуiнен пайда болады. Қазiр адамның маймылдан жаратылғанына жаратылыстанушылардың өздерi де сенбейдi. Себебi бiр құдiреттi Жаратушының барлығына ешкiм де күмәнданбаса керек. Адамдар – Құдай-Тағаланың перзентi. Жемiс-жидектер мен жан-жануарлар, демалатын ауамыз бен бiздi қоршаған кеңiстiк (атмосфера) те Құдайдың құдiретiмен жаратылған және осының барлығы бiр құдыреттiң күшiмен тiршiлiк етедi. Құдай керемет тiршiлiк кеңiстiгiн, табиғатты жаратты және оларды өз перзентi адамға тәуелдi етiп, соның игiлiгiне бердi. Оны алыңдар да қажеттерiңе жаратыңдар. Ең бастысы сол тiршiлiктiң заңдылығын түсiнiп-түйсiне бiлу қажет. Ол үшiн бiздiң байырғы бабаларымыз сияқты табиғатпен бiте қайнасып, космостық байланыстан да хабардар болғанымыз жөн. Ендi гектар жер дегенiмiз не үшiн керек? Ол жер адам тер төгiп жұмыс iстеу үшiн ғана керек пе? Жоқ! Ол жер арқылы адам тiршiлiктi қолға алып, ғарышпен (макромирмен) өмiрлiк байланысқа түсу үшiн керек. Қазiргi адамдарға космосқа жол ашуға, Марсты немесе айды игерудi үйретуге бола ма? Жоқ, болмайды! Себебi мынадай пиғылмен бiз ол планеталарды да Жер-Анамызды жаралағандай зақымдаймыз. Оған сөз жоқ. Адамдарды жаратушы сол планеталарды (жердi) гүлдендiрiп , жұмаққа айналдыру үшiн жаратқанын, өкiнiшке орай ұмытып кетемiз. Менiңше, қашан адамзат соны түсiнiп, сана-сезiмiн жөндегенше бiз оңбаймыз! Ол ақиқат! Қазiргi жер-жерде болып жатқан (цунами, түрлi дауылдар, жер сiлкiнiсi және т.б.) табиғат апаттары да осы пиғылымыздың кесiрiнен. Соның үшiн бiзге тiршiлiктiң шын мәнiндегi сұлулығы неге байланысты екендiгiн түсiнiп-түйсiнiп, қорытынды шығару өте маңызды.
Әбдiсабыр ӨМЕШҰЛЫ, дәрiгер