ОРАМАЛ ДАУЫ: КIМ НЕ ОЙЛАЙДЫ?

ОРАМАЛ ДАУЫ: КIМ НЕ ОЙЛАЙДЫ?

ОРАМАЛ ДАУЫ: КIМ НЕ ОЙЛАЙДЫ?
ашық дереккөзі
328

"Бiрiншi байлық – денсаулық,

екiншi байлық – ақ жаулық,

үшiншi байлық – он саулық"

(Халық нақылынан)

"Түркiстан" газетiнiң өткен санында Зiкiрия Жандарбектiң "Хиджабқа кiмдер қарсы?" атты мақаласын мұқият оқып шықтым. Сөйтiп қолға қалам алып, оқырманмен орамал туралы ой бөлiсудi жөн көрдiм.

ҚАЛЫПТЫ МЕН ҚАУIПТIНIҢ ӨЛШЕМI

"Құдайдан қорықпағаннан қорық" деген дана сөз бар. Алайда соңғы кездерi қоғамдық көзқарас басқаша. Керiсiнше Құдайдан қорыққаннан қорқуға үндейтiн көзқарастардың кең насихатталуы оқырмандардың арасында пiкiр қайшылығын тудыруда. Қалыпты – қауiптiге, қауiптi – қалыптыға айналды. Соның дәлелi болар, қоғамда әйел адамның етек-жеңiн қымтап жүруi, жартылай жалаңаштанудан да тұрпайы көрiнiс табуда. Қоғамда заман талабына iлесудiң өлшемi – "жалаңаштану" сияқты көзқарас қалыптасты. Ал орамал тағып, ұзын киiм киiп жүрген жандар замана көшiне iлесе алмай, қатардан қалып кеткен ескiшiл адамдардай бағалануда. Бүгiнде әйел баласы бейне бiр зат секiлдi, әркiмнiң ойына келген арам пиғылдарына ойыншық болуы өкiнiштi-ақ. Мысалы әйелдiң жалаңаш тәнi өзгелердiң назарын тарту үшiн кәсiпкерлердiң тауарларын жарнамалайтын жарнама құралына айналды. Әйтпесе газет жарнамасында, көлiктiң дөңгелегiнiң жанында жалаңаш тәнiмен тұрған әйелдiң оған қандай қатысы бар дерсiң?!

Керiсiнше орамал таққан қыздардың қоғамдық ортада "отырса – опақ, тұрса – сопақ" көрiнiп жатқан жайы бар. Жатырқап, жақтырмай қарайды. Мұның астарында не сыр бар?

ОРАМАЛ ӨЗГЕ ДIНГЕ ЖАТ ЕМЕС

Әуреттi жабу – тек Исламға тән құбылыс емес. Киiм киюдiң бұл үлгiсi жөйт (еврей) пен христиан дiнiнде, мәдениетi тым бұрыннан басталатын кәрiс, жапон секiлдi елдерде де бар. Мысалы Менахем Брейер ("Йешива" университетiнiң профессоры) яһуди дiнiнiң талабы бойынша әйелдердiң мiндеттi түрде орамал тағу керектiгiн айта келе, бiр интернет басылымында танымал раввиннiң мынандай сөздерiн келтiрiптi: "Еврей қыздарына орамалсыз сыртқа шығу жараспайды, әйелдерiнiң орамалсыз жүруiне рұқсат еткен еркектердi қарғыс атсын, еркектерге ұнау үшiн басын ашып жүрген әйелдер жоқшылық әкеледi…"

Әйелдiң орамалсыз жалаңбас жүруi жалаңаш жүрумен тең саналғандықтан, яһуди дiн өкiлдерi мұндай жағдайда оның жанында дұға қылуға, ғибадат жасауға тыйым салады. Олардың көзқарасы бойынша, орамал – әйелдiң абыройы мен беделiн, әлеуметтiк жағдайын бiлдiретiн дiн белгiсi. Сондықтан төменгi таптағы әйелдер жоғарғы таптағы әйелдердiң қатарында көрiну үшiн орамал тағуға тырысатын. Орамал тағуды тектiлiктiң нышанына балаған жөйттер кезiнде Израильде зинақор әйелдердiң орамал тағуына рұқсат бермегенiне қарт тарихтың өзi куә. Еуропадағы еврей әйелдерi ХIХ ғасырға дейiн басынан орамалын тастамаған. Батыста жалаңбас жүру күштеп енгiзiлгеннен кейiн еврей әйелдерi оның орнына парик киген. Яһуди дiнiнiң "hassidism" бағытын ұстанушылар орамалға балама ретiнде әлi күнге дейiн парик киюде.

Ал христиан дiнiнде орамал тағу мәселесiне келсек, католик шiркеуiндегi монах әйелдердiң 1000 жылдан берi орамалын тастамай киiп келе жатқаны белгiлi. Христиан дiнiнiң Тертуллиян есiмдi ғалымы бойжеткендердiң шашын бүркемелеуге байланысты баяндамасында былай дейдi: "Бойжеткендер, көшеде жүргенде бастарыңа орамал тағыңдар, шiркеуде, бөгде адамдардың жанында бастарыңды ашық ұстамаңдар…"

Еуропа елдерiнде хиджаб киген әйелдердiң қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы – мұсылманша киiну қызметке кедергi еместiгiн дәлелдеуде. Бiр мысал: Ұлыбританияда тегi пәкiстандық мұсылман әйел баронесса Саида Варси осы елдегi консерваторлар партиясының әкiмшiлiк төрайымы және министр болып тағайындалды. Оны бұл лауазымға Ұлыбританияның премьер-министрi, консерваторлардың көшбасшысы Дэвид Кэмерон тағайындады. BBC ақпарат агенттiгiнiң хабарлауынша, баронесса Варси – Ұлыбритания министрлер кабинетiнiң құрамына енген тұңғыш мұсылман әйелi.

МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ДА МОЙЫНДАУДА

Орамал тағудың физиологиялық тұрғыдан да әйелдерге пайдасы көп. Мұны медицина саласының мамандары мойындауда. Медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева бұл жайлы былай дейдi: "…Ер адам көбiне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан болар, әйелдiң шашы магнит тәрiздi ауадағы кiр-лас қуатты жинағыш келедi. Бұл да оның, әсiресе, бас ауруына ұшырауына әсер етедi. Ашық-шашық жүрген әйел көктен өзiне қажет емес, артық қуатты алады, сөйтiп оның бойында еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады. Нәтижесiнде, ағзаның гормональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлi iсiк, т.б. ауруларға жол бередi. Ал баланың бiтуi мен тууына аса қажет әйелге тән экстрогенос гормондарының керектi мөлшерде қалыптасуына ықпал ететiн жерден келетiн қуат ұзын, кең көйлек арқылы әйел денесiне молынан, еркiн өтедi. Тар шалбар осындай аса маңызды процеске кедергi жасайды. Осы процестер дұрыс жүзеге аспағандықтан, қоғамда жантүршiгерлiк түрлi оқиғалардың (лесбиянкалар, гомосексуалистер, трансвеститтер, т.б.) орын алуына себеп болуы мүмкiн. Күштi феминистiк қозғалыстар салтанат құрған Батыста бедеу әйелдер мен еркектердiң көбеюi, сөйтiп моральдық азғындаудың шыңына жетпеген ТМД елдерiнен бала асырап алу өзектi мәселеге айналуы тегiн емес" ("Мұсылман" журналы, №1, қаңтар, 24-бет, 2004 жыл.)

Құмарлық сезiмi қозған кезде адам ақыл-есiнен белгiлi мөлшерде айрылатынын медицина саласының мамандары дәлелдеуде. Құмарлық сезiмi артып, нәпсiсi қозған адам ақылға, заңға, ар-ожданға да ырық бермейдi. Сондықтан еркектердiң осы бiр осал тұстарын түрткiлемеу үшiн әйел адамдар ашық-шашық киiнбеуi керек. "Естi қыз етегiн қымтап ұстайды" деген дана сөз де босқа айтылмаса керек. Еуропадағы "Queens" әйелдер бюросының мәлiметтерiне сүйенсек, Канадада әр 6 минут сайын 1 зорлау оқиғасы тiркелетiн көрiнедi. Онда әрбiр үш әйелдiң бiреуi өмiрiнiң бiр кезеңiнде зорлау оқиғасына тап болады. Демек бiрiншi ұятты жерге көз түседi, одан кейiн ол "iске" көшедi…

"ОРАМАЛЫММЕН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫМ"

Қоғамда орамал таққан қыздар туралы оң көзқарас жоқ деп айта алмаймыз. Ары мен ұятын сақтап, әуретiн жапқан қыздардың дiни сенiмiне қарамастан, жұмысқа алған жұмыс берушiлердiң жақсы бастамасына куә болдық. Ботагөз Нысанбаева – Алматы Энергетика және байланыс университетiнiң 4-курс студентi. Аталған оқу орнын биыл бiтiретiн ол қысқы демалыс кезiнде университет басшылығы өндiрiстiк тәжiрибеден өту үшiн Алматы қаласындағы электр станциялардың бiрiне жiбередi. Онда бiр ай көлемiнде сынақтан өтедi.

– Тәжiрибеден соң басшылар менi жұмысқа шақырды, – дейдi Ботагөз Нысанбаева. – Қазiр мен энергетика саласы бойынша жұмыс iстеймiн. Менiң сыртқы келбетiм немесе басымдағы орамалым жұмысыма кедергi келтiрген емес. Ұжымдағы әрiптестерiмнiң де маған деген көзқарастары жақсы. Менiң ойымша, кез келген адамға сыртынан бiрден баға беруге болмайды. Ең алдымен кiсiнiң бiлiмi мен iс-тәжiрибесi, сондай-ақ, сенiмдiлiгi мен адамдармен қарым-қатынас жасау қабiлетi бiрiншi орында сыналуы тиiс.

"КИМЕШЕКТI НЕГЕ КИМЕСКЕ?"

Елу жылдық еңбек өтiлi бар профессор Мәкен Молдабаевамен тiлдескенiмiзде, университетке қысқа белдемшемен келетiн студенттердi дәрiстен шығарып жiберетiн кездерi де болатынын айтып қалды. “Бұл туралы өздерiне қатты батырып та айтамын”, – дейдi педагог Мәкен Молдабаева. Бiрi тыңдайды, ал кейбiрi өзiңе айбат көрсетедi. Өздерiнiң анасымен жасты ұстазға дауыс көтеретiнiн қайтерсiз? “Ұяты жоқтың – иманы жоқ” деген сөздiң рас екенiне сол кезде көзiм жеттi. Ал орамал тағып, иманын сақтаған қыздардан байқағаным, оларда адамдармен қарым-қатынаста үлкенге құрмет, кiшiге iзеттiлiк, өтiрiк айтпау, сөзiнде тұру секiлдi адамгершiлiк қасиеттер басым. Қазақ жерiнiң әр аймағының ауа-райына тән әйелдердiң кимешегi әртүрлi болған, сондай-ақ, ол жас ерекшелiктерiне қарай түрлi үлгiде тiгiлген. Ата-бабаларымыз Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керiсiнше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегiмен көркемдеп, өзiнiң төл киiм үлгiсiне айналдыра бiлген. Бүгiнгi таңда да Құран өлшемдерiне әрi заман талабы мен ұлттық түсiнiгiмiзге сай әртүрлi киiм үлгiлерiн неге тiкпеске? Кимешектi неге кимеске? Осылай iстер болсақ, бәлкiм "орамал тағу, ұзын киiм кию – арабтың киiмi" деген қасаң көзқарастан арылар ма едiк?!

Мақаланы жазу барысында зиялы қауым өкiлдерi мен мамандардың, жастардың имандылыққа бет бұру үрдiсi мен орамал туралы ойларын бiлген едiк.

Өмiрзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының президентi, академик:

ДIН МЕН ДIЛДI ҮЙЛЕСТIРЕ БIЛЕЙIК

– Кiм не айтса да, мен жастарымыздың иманға бет бұруын – үлкен олжа деп түсiнемiн. Ұяты бар адамның жүрегiнде иманы болатынын данышпан Абай дәл айтып өткен. Ұяты жоқ адамның бойында иман тұрмайды деген сөз содан шыққан. Шошысақ, имансыз адамнан шошиық. Имансыз адамнан неше түрлi опасыздық күтуге болады. "Құдайдан қорықпағаннан қорық" демекшi, имансыз адамнан еш уақытта жақсылық күтуге болмайды. Қазақ жастарының Жаратушыға жалбарынып, жақсылыққа ұмтылысын Алланың шексiз сыйына балаймын. Мен оны қолдап, қуаттаймын. Мұндай жастарды қолдамасақ, әбестiк болады. Оған қуануымыз керек.

Қаракөз қарындастарымыздың етек-жеңiн жиып, әуреттi жерiн жауып жүруi – атам қазақтың дәстүрiнде бар жақсы қасиет. Балиғатқа толған қыздарымыз өздерiнiң жас ерекшелiктерiне қарай шариғат талабына сай киiнген. Осы дәстүр ұмытыла бастап, қайтадан жаңғырып, жастар арасында көрiнiс бергеннен кейiн кейбiр адамдар оларға шошына қарайтын болды. Етек-жеңiн қымтап, әуретiн жапқан қыздарға үрке қарап, жақтырмайтын жағдайлар кездесуде. Ондай көзқарастағы адамдарды да түсiнуге болатын шығар. Өйткенi жетпiс жылдық тауқымет тамырымызға балта шауып, дiнiмiз бен дәстүрiмiзден айыра жаздады.

Орамал тағу мәселесiн сөз еткенде, мен мына нәрсенi баса айтқым келедi. Мәселе – киiм мен орамалды үйлесiммен кие бiлуде. Өзiне жарасып тұрса, оның несiне қарсы шығамыз? Шынтуайтында, қазақтың салт-дәстүрi Исламның талаптарына сәйкес келедi. Сондықтан жабық киiну қазаққа жат емес. Дiнiмiз бен дәстүрiмiздiң үйлесiм табуынан болар, қазақ халқы Исламды тез қабылдап, шариғаттың шарттарына сәйкес өмiр сүрдi. Сүре де бередi.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

"ВИТРИНАЛЫҚ" МӘДЕНИЕТКЕ ҰРЫНБАЙЫҚ

– Екi дүниенiң бақытына жетелейтiн имандылықты өмiрiнiң негiзi етiп алған адамдардан, әсiресе жастардан шошитын дәнеңе жоқ. Аллаға сиыну, Оған құлшылық қылу – жұмыр басты пендеге тән қасиет қой. Өз басым мұны қасиетсiздiк деп түсiнбеймiн. Егер жастар саналы түрде дiнге бет бұрып жатса, бұл – жақсылықтың нышаны дер едiм. Мен оларды құрметтеген болар едiм. Қарасаңыз, Батыстан келген тобырлық мәдениеттiң ықпалы барған сайын күшейiп келедi. Осындай жағдайда жүректегi иман адам жаны мен санасын сақтап қалудың бiрден-бiр кепiлдiгi деп ойлаймын. Ал қыз-келiншектердiң орамал тағып жүруiне келсек, менiң ойымша, бұл көшеде жартылай жалаңаш жүрген қыздарға қатысты қоғамдық қарсы құбылыс. Кеуденi ашып, санын жалтыратып, кiм көрiнген еркектiң нәпсiсiн қоздыру, қоздырып қана қоймай, оны жаман жолға итермелеу – қайбiр жақсылық дейсiз. Бұл – қазақтың салты мен санасында жоқ нәрсе. Мен мұны еуропалық, батыстық мәдениеттiң ықпалы деп есептеймiн. Менiңше, әйел болсын, еркек болсын, сұлу тәнiн жауып жүру, әуреттi жерiн көрсетпеу – табиғи құбылыс. Бiр кездерi Еуропада "витриналық мәдениет" деген болды. Қазiр де бар. Бұл нарықтық қоғамға тән құбылыс болды. Бұл – адам тәнiн саудаға салған сияқты көрiнiс тапты. Сол кезде бар тәнiн көрсетiп жүру қатты белең алды. Сөйтiп өзiнiң тәнiн базардағы тауар ретiнде көрсеттi. Бұл – батыстық мәдениетке тән құбылыс. Сондықтан мен қазақ қыздарының осындай қылыққа баруын қоштамаймын. Әйел затының етек-жеңiн қымтап жүруi – адам табиғатына тән нәрсе. Адам шама келгенше, ақылға қонымды, үйлесiмдi киiнгенге не жетсiн?! Бiле бiлсек, ол да сұлулық қой. Алла берген тәнiң мен жаныңды қорғаштап, оны үйлесiммен алып жүрсең, ол – ақылдылықтың, үлкен мәдениеттiлiктiң көрiнiсi болмақ.

Дос КӨШIМ, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы, саясаттанушы:

ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛУ ЕТЕК АЛДЫ

– Бүгiнгi әңгiме хиджаб туралы емес, хиджабқа тыйым салу мәселесi туралы болмақ. Менiңше, Бiлiм және ғылым министрлiгi кiндiгiн көрсетiп жүрген немесе мұрны мен ернiне, одан қалса кiндiгiне сырға салған оқушылар мен студенттерге тыйым салудың (денсаулықтарын сақтауға бағытталған) жолдарын қарастырғандары көңiлге қонымды болар едi… Адам құқығы мен еркiндiгiнiң басты принципi – басқалардың құқығы мен еркiндiгiнiң сенiң құқығыңа бөгет болмауында жатыр. Бiреулердiң киген киiмдерi сенiң талғамыңа сай келмеуi мүмкiн, бiрақ ол оның сол киiмдi киiп жүруiне тыйым салуға негiз бола алмайды. Ең қызығы, кришнайттардың бiз үшiн мүлдем оспадарсыз көрiнетiн киiмiн киiп, бiзге түсiнiксiз өлеңдерiн қоғамдық орындарда айқайлап айтып жүргенiне қарсы (олар сол киiмдерiн жоғарғы оқу орындарында да киiп жүредi) ешқандай бұйрық қабылданған жоқ. Егер хиджабты дiннiң белгiсi, көрсеткiшi ретiнде қабылдасақ, мектептер мен жоғарғы оқу орындарының алдына тексерушiлер қойып, әрбiр оқушы мен студенттiң мойындарын тексеруiмiз шарт. Олардың кейбiреулерiнiң мойындарына таққан крест – христиан дiнiнiң белгiсi, демек олардың бiлiм мекемесiне кiруiне тыйым салынуы керек. Шынында да, егер дiннiң белгiсiне тыйым салатын болсақ, барлық дiнге бiрдей қарауымыз керек қой. Мүмкiн кейiннен мектептiң алдында ер балалардың шалбарларын шешiп тексеруге де кiрiсермiз…

"Хиджабпен күресте" шаш ал десе бас алатын кейбiр басшылар асыра сiлтеуге де кiрiскен сияқты. Бiр жерлерде айдар қойған балаларды кластан шығарса, ендi бiр жерде тақия кигендер де қуылып жатыр. Сол арқылы дiннiң араб халқының белгiсi болып табылатын киiммен емес, қазақтың ұлттық ерекшелiгiне, салт-санасы мен дәстүрiне де шабуыл басталды. Демек хиджабтың аяғы қазақтың ата-бабадан қалған құндылықтарын жоюға алып келуi ғажап емес.

Нұрлан АПАХАЕВ, заң ғылымдарының кандидаты, қорғаушы:

КОДЕКС КЕМСIТУШIЛIККЕ ЖОЛ БЕРМЕЙДI

– Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабында ешкiмнiң дiни сенiм-нанымына байланысты кемсiтушiлiкке жол берiлмейтiндiгi айтылған. "Бiлiм туралы" Заңның 47-бабының "Бiлiм алушының құқықтары мен мiндеттерi" деп аталатын 3-тармағының 10-11-тармақшаларында бiлiм алушының сенiмiне, ар-намысына нұқсан келтiруге ешкiмнiң құқығы жоқ екенi тайға таңба басқандай жазылған. Тағы бiр дәлел: Қазақстан 2005 жылдың 28 сәуiрiнде азаматтардың саяси құқықтарын қорғайтын халықаралық дәрежеде заң қабылдады. Оның 18-бабында былай делiнген: "Азамат дiни сенiмiн жасырын немесе жария ұстауға толық құқығы бар".

Елiмiзде кейбiр жұмыс берушiлер орамал таққан қыз-келiншектердi жұмысқа қабылдау немесе жұмыс кезiнде оларға қатысты өздерiнше "заң" шығарып алғанын көрiп, естiп жүрмiз. Ал жаңадан 2007 жылы қабылданған "Еңбек Кодексiнiң" 2-бабында: "Қандай да қызметкерге дiни сенiм бостандығына байланысты ешқандай кемсiтушiлiкке жол берiлмейдi", – делiнген. Кодекстiң дәрежесi заңнан жоғары. 400-ге жуық баптан тұратын "Еңбек Кодексiнiң" екi бабы адамның сенiмiне арналған. 65-бабының 4-тармақшасына сәйкес, жұмыс берушiнiң өз қызметкерiнен қандай дiнге сенетiнi туралы, қандай партияға мүше екенiн дәлелдейтiн ақпаратты алуға құқығы жоқ.

"Нормативтiк құқықтар туралы" Заңның 4-бабына сәйкес, елiмiзде заңдар бiрнеше сатыға бөлiнген. Ең бiрiншi Конституция, екiншi Конституциялық өзгертулер мен толықтырулар, үшiншi Президенттiң өкiмi, төртiншi Кодекс, т.б. заңдық күшке ие. Демек мектептiң, жоғары оқу орындарының iшкi ережелерi аталған сатыларға енбеген. Демек мұндай туынды "заңдардың" негiзгi заңдар алдында заңдық күшi жоқ.

Гүлжан СЫДЫҚОВА

Серіктес жаңалықтары