ҚАЛАҒА ҚАНДАЙ БАЗАР ҚАЖЕТ?
ҚАЛАҒА ҚАНДАЙ БАЗАР ҚАЖЕТ?
Өткен аптада Алматы қаласы әкiмшiлiгi бiрнеше базардың бұзылып, орнына көлiк тұрағы мен саябақтардың салынатыны туралы мәлiмдеген едi. Қала аудандарына кеңiнен қанат жайған базарлардың қайсысы алынады, қайсысы қалады деген сұрақ әрбiр сатушы мен сатып алушыны алаңдатып отыр. Оның үстiне бұл мәселе көпшiлiктiң арасында түсiнбестiк туғызып, түрлi алып-қашпа әңгiмелердiң өрбуiне себепкер болуда. Алматы әкiмшiлiгiнiң мәлiметi бойынша, қызыл жиектен асып кеткен және санитарлық нормаларға сай келмейтiн базарлар бiржола жабылады.
Алып мегаполистiң халқы үшiн азық-түлiк алыс аймақтардан жеткiзiлiп, ең әуелi базарларға түседi. Бұдан кейiн қала бойынша дүкендер мен сауда орталықтарына таратылады. Яғни азық-түлiк алу әрбiр алматылық үшiн онша қиындық тудырмайтынын байқауға болады. Оңтүстiк астана тұрғындары киiм-кешек, ұсақ-түйек тауар, үй жиһазы, қала бердi құрылыс заттарын да базардан алуға үйренген. Бақшасы жоқ, бауы жоқ пәтердегi қалалықтардың базарсыз күнi қараң десек қателеспеймiз. Бiраз жұрттың жұмыс орны да осы жерде.
Алматы қалалық Сәулет және қалақұрылыс басқармасы 74 базардың жарамсыз деп табылған 34-i бұзылатынын хабарлағаны мәлiм. Әкiмшiлiктiң қара тiзiмiндегi базарлардың орнына сауда үйлерi мен заманауи ғимараттар бой көтередi деп көрсетiлген. Ал осыған дейiн тұтынушыларға жоғарғы деңгейдегi қызмет көрсетiп келген өркениеттi сауда орталықтарының жағдайы не болмақ? Осы жайтты анықтау үшiн қалалық Сәулет және қалақұрылыс басқармасына сауал тастадық.
– Әуел бастан-ақ бұл тiзiмдi күрделi жөндеу жүргiзiлетiн және құрылыс, көрiктендiру ережелерiне, санитарлық талапқа сай емес базарлар бойынша жасадық. Қызыл жиекте орналасқан базарлар ғана бұзылады, қалғандары жөндеуден өтедi. Мәселен "Адем" мен "Ялян" секiлдi сауда орталықтары жөндеу жүргiзiлетiндердiң қатарында. Мұндағы қызыл жиек деп отырғанымыз – көше шекаралары, коммуникация желiлерi өтетiн коммуналдық меншiк. Жөндеу жұмыстары мен көшiрудiң нақты қай уақытта басталатындығын айта алмаймыз: ол базар басшыларының белсендiлiгiне байланысты. Дегенмен неғұрлым тездетулерiн ескертiп отырмыз. Ал көшiрiлетiн базарларға келетiн болсақ, олар қала сыртындағы павильондарға, сондай-ақ қызыл жиектен тыс аумақтарға орналастырылады, – дейдi Алматы қалалық Сәулет және қалақұрылыс басқармасының бiрiншi орынбасары Жанат Айтiлеу мырза.
Бүгiнде Солтүстiк айналым қиылысындағы "Саремсе", "Тиграхауд" базарлары және "Ақсай" ықшамауданындағы "Арыстан" базарының сметалық жобасы дайын. Ал Барахолка аумағындағы "Болашақ" базарының иелерi күрделi жөндеуге өздерi тапсырыс берiп отыр. Ендеше тауарсыз қаламыз деген тұтынушы үшiн де, саудасыз қалам деп үрiккен саудагер үшiн де еш қауiп жоқ.
Құрылыс, көрiктендiру ережелерiне және санитарлық талапқа сай емес базарлар тiзiмi
Алмалы ауданы бойынша:
1. "Алматы гүл өсiрушiлер клубы шағын базары", мекен-жайы: Қабанбай батыр-Байсейiтов көшелерiнiң қиылысы
2. "Кәрiм" базары, мекен-жайы: Төле би-Мирзоян көшелерiнiң қиылысы
3. "Береке" базары, мекен-жайы: Гоголь-Мұратбаев көшелерiнiң қиылысы
4 "Алматы сауда" МҚК базары, мекен-жайы: Қабанбай батыр-Әуезов көшесiнiң қиылысы. Жер телiмi қалалық денсаулық сақтау басқармасы құзырына берiледi
5. "Жұлдыз 57" базары, мекен-жайы: Розыбакиев-Райымбек көшелерiнiң қиылысы
6. "Тұлпар" базары, мекен-жайы: Төле би-Тiлендиев көшесi
Әуезов ауданы бойынша:
1. "Орда" шағын-базары (ИП Бақаева), мекен-жайы: 6 ықшам ауданы, Абай даңғылы
2. "Сәлем" базары (Қуат-Авто" ЖШС), мекен-жайы: Алтынсарин көшесi
3. "ИП Беремқұлов", мекен-жайы: Төле би-Момышұлы көшесi
4. "Береке" базары ("Синма" ЖШС), мекен-жайы: Төле би-Ясауи көшесi
Алатау ауданы бойынша:
1. "Лакома" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
2. "Казинтертелекомсервис" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
3. "Алатау-2" базары, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
4. "Адам" базары, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
5. "Динискин" ЖК, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
6. "Евразия" ("Евразия") ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
7. "Думан" ЖК, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
8. "Арал" базары, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
9. "Глория" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
10. "Береке" ("СИНМА" ЖШС), мекен-жайы: Рысқұлов, Школьная көшелерiнiң қиылысы
Бостандық ауданы бойынша:
1. "Орбита" базары, ("Центр Орбита" ЖШС), мекен-жайы: Бiржан сал– Мұстафин көшелерiнiң қиылысы
2. "Көктем" базары, (ИП "Қалымбетов") Темирязев көшесi
3. "Мерей" сауда павильоны (КТП "Мерей"), мекен-жайы: Қожабеков-Розыбакиев көшелерiнiң қиылысы
4. "Қарқара" базары, мекен-жайы: Темирязев-Әуезов көшелерiнiң қиылысы
Жетiсу ауданы бойынша:
1. "Жеңiс" базары ХСК, "Жақсылық" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
2. "Жетiсу" базары, "ЛасЛТД" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
3. "Аякөз" базары "Аягөз TRADE", мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
4. "Жаркент" базары, "Александо и К" ЖШС мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
5. "Лотос" ЖШС, мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
6. "Шакир и К" (Жазушылар одағы қарамағындағы базар), мекен-жайы: Солтүстiк айналым көшесi
7. "Саудакент" базары, "Саудакент" ЖШС, мекен-жайы: Райымбек даңғ. 237
Медеу ауданы бойынша:
1. "Жүсiпова ЖК" базары, Жамбыл-Өтеген батыр көшелерiнiң қиылысы
Түрксiб ауданы бойынша:
1. "Ақбұлақ" базары ("Заман" ЖШС), мекен-жайы: Сейфуллин даңғ. 176
2. "Керуен" базары, ("Хаир-Ихсан" ЖШС) мекен-жайы: Алматы-1 темiржол вокзалы
P.S. Қала базарларымен күрес таңсық емес. Мұндай тәжiрибе осыдан бiрнеше жыл бұрын қолға алынып, еш нәтиже шықпағаны мәлiм. 2005 жылдың 28 қарашасында Солтүстiк айналымның төрт базары – "Ақжар", "Жаркент", "Аягөз", "Олжада" бiрден әлемет өрт шығып, иiн тiрескен базарға өрт сөндiрушiлер жете алмай, саудагерлер сеңдей соғылысқан. Мiне, осыдан кейiн адам аяғы үзiлмейтiн қара базарды бұзуды әкiмшiлiк көп ұзатпай 2005-2006 жылдары қолға алды. Алайда бұл тәжiрибе де iске аспай қалды. Оған кiнәлi базар басындағы мықтылар ма, әлде арзан тауар тұтынатын қара халық па? Қайтсек те, қала базарларын өркениеттi деңгейге келтiру бастамасына сәттiлiк деймiз, дегенмен де толық тазалық қашан орнайтыны әлi күнге белгiсiз…
Ақниет ОСПАНБАЙ