БАҚ ПЕН ҚЫДЫР ХИКАЯСЫ

БАҚ ПЕН ҚЫДЫР ХИКАЯСЫ

БАҚ ПЕН ҚЫДЫР ХИКАЯСЫ
ашық дереккөзі
519

Асанәлi аға туралы айтсақ…

…Баяғыда Бақ пен Қыдыр келе жатады. Бақтың көзi көрмейдi. Қабақ етi салбырап, жанарын тұтас жауып тұрады екен. Бақты үнемi Қыдыр жетелеп жүредi. Бiр күнi олардың алдынан дәу атан түйенi мойнына салып көтерiп алған бiреу жолығады. Өзiнiң қара күшiмен Бақтың көзiне түскiсi келген бейбақты жүрегiмен сезген Бақ: "мынау кiм, көзiмдi ашшы көрейiн", – дейдi. Бiр ғажабы, Қыдыр Бақтың қабағын көтерiп, көзiн ашқан кезде оның жанары әлгi қара күш иесiне емес, бұлақ басында су алып жатқан қаршадай қызға түседi. Ол қыз – кәдiмгi Домалақ анамыз екен! Не нәрсенi болса да халықтан артық таразылайтын ешкiм жоқ. Халықтың бағасы да Бақтың көзi сияқты. Кiмге түседi, кiмдi бағалайды – өздерi бiледi.

Асанәлi ағамыз бұл аңызды кiмнен естiгенiн, қай кiтаптан оқығанын бiр өзi ғана бiлер, ал бiзге анығы ол мұны бiр iнiсiне арнап айтыпты. Ол iнiсi Асекең айтқан аңызға таңғала отырып, маған жеткiздi. Құдайдың құдыретi, ендi мiне, сол аңызды мен Асекеңнiң өзiне арнағалы отырмын. Бұл да тура Бақ пен Қыдырдың аңызы сияқты, айналып келiп Асекеңнiң өзiн тапты…

Асекеңдi алғаш рет экраннан көрдiм. Экран дегенде ол қаланың кеңформатты кинотеатры емес, алыстағы Амангелдi деген ауылдың кiшкентай клубының әктелген қабырғасы болатын. "Қыз Жiбек" фильмi түсiрiлгелi жатыр дегендi газеттерден оқып, "Бәрекелдi!" дескен ел-жұрт, ендi сол көптен күткен киносы экранға шығып, ауылға келгенде ерекше қуанған. Фильм қазақтың пейiлiндей, етек-жеңi мол, кең тынысты екен. "Алтау ала болса, ауыздағы кетедi, төртеу түгел болса, төбедегi келедi" дейтiн, әсiресе қазақ үшiн мәңгiлiк мәнiн жоймайтын мәселе де, мiне, осы фильмде түпкiштей көрсетiледi. Сосын сөз зергерi Ғабит Мүсiрепов сценарийiн жазып, аса талантты режиссер Сұлтан Қожықов киноға түсiрiп, дәулескер күйшi, сазгер Нұрғиса Тiлендиев музыкасын дайындап, қазақтың ғажайып қыл қалам шеберi Гүлфайрус Исмайлова суретiн салған фильм, өлмес өнер иелерi Кененбай Қожабеков (Сырлыбай), Ыдырыс Ноғайбаев (Қаршыға), Асанәлi Әшiмов (Бекежан), Әнуар Молдабеков (Шеге), Төлеген (Құман Тастанбеков), Қыз Жiбек (Меруерт Өтекешова) жасаған ұлттық галереямен тiптi асқақтап кеттi емес пе. Бiрақ осы дарындардың iшiнен Асекең сомдаған Бекежан бейнесi, бүгiнгi тiлмен айтсақ, сол кездегi өнерсүйер қауым үшiн нағыз "кумирге" айналған болатын. Неге бұлай? Бекежан бейнесiнде шәлкем-шалыс жағымсыз мiнез-құлықтар көп бола тұра, халық оны неге сонша құрметтедi?

Бұл сауалдың сыры, әлбетте өнердiң шексiз құпиясын шебер меңгеруде жатыр. Ең бастысы, ол Бекежанның бойына жақсылық сәулесiн де сыналап сыйдыра бiлген едi. Достасуы да, өштесуi де жылдам, ет пен сүйектен жаралған пенделер сияқты Асанәлiнiң Бекежаны да бiрде аңқылдап күлiп тұрып айбарлана қалса, ендi бiрде ақ батасын берiп тұрып қанын iшiне тартып, сұрлана қалады. Себебi де жоқ емес, өзi өлердей сүйген сұлуға Төлегендей батыр жiгiттiң өтiмдiлiгiн ойлағанда, бойындағы ақкөңiл батырға тән аңғалдықты жауыздық жеңiп кете бередi.

Елге бiр келгенде Асекең киноөнерiн бағалайтын жұртшылық алдында:

– Мен Төлеген-Құманмен фильмде ғана бәсекелеспiн, ал былайғы өмiрде Қыз Жiбек-Меруерт екеуiнiң тiлеуқор ағасымын. Екеуiнiң үйлену тойында Төлегенге күйеу жолдас болып, махаббат қуаныштарын дүркiретiп бiрге өткiзсек, тұңғыштарының есiмiн де мен қойғанмын, – деген болатын.

Асекең, негiзiнен психологиялық иiрiмдерi терең пьесалар мен фильмдерде ойнайтын салмақты, ойлы актер болғанымен, жәй өмiрде әзiл-қалжыңсыз аттап баспайтын адам. Сол кездесуде болар: "Төлегендi "өлтiргенiм" үшiн кемпiрлерден әбден "таяқ" жедiм" деп, халықты ду күлдiрген. "Мынау, – дейтiн ендi бiр келгенде Мейiрман Нұрекеевтi көрсетiп, – Қай жақтансыңдар?" деп сұрасам, тiлiн бұрап "Чилиденбiз" дейдi, ал онысы Қызылорданың кәдiмгi Шиелiсi" деп күлкi тiлеп отырған қазақтарды одан сайын мәз қылатын. Айта берсек, Асекең айтыпты дейтiн мұндай "деген екендер" жүдә көп қой. Жә…

Көрермендер "Қыз Жiбектен" кейiн жандүниесi рухани қоңылтақсып қалмас үшiн тағы жақсы туындыны күттi. Көп ұзамай ол арман да орындалды. Дүниеге "Атаманның ақыры" фильмi келдi. Мұндағы әсер мүлде бөлек болды. Асанәлiсiнiң жағымсыз болса да жақсы әсер қалдыра бiлетiн бейнелерiне жаман үйренiп қалғандардың қалай қабылдағанын қайдам, өз басым "Қыз Жiбектегi" қызба, алқын-жұлқын, ұрма-перме және анда-санда аңғал, ақ көңiл Бекежанның "Атаманның ақырында" байсалды, ақыл-парасатқа бай, сонымен бiрге елдiк пен ерлiкке қызмет ететiн айла-шарғысы да бар Қасымханға айналғанын көрдiм. Ұнағаны, әсiресе фильм басталған кездегi ойға тұнған жанары болды. Бұл ойлы жанарды бiраз уақыттар бойына көрсетiп тұру, бәлкiм тыз етпе, шыдамсыз бiреулерге ұзақтау көрiнген де шығар, бiрақ ол осы қарасында фильмге арқау болар терең мазмұнды тұңғиық көзбен "сөйлеп", сыршыл көзбен "жазып" жатты. Осы көрiнiстен-ақ фильм атының менмұндалап тұрғанына қарамастан, оның оқиға-желiсi жалаң айқай-сүрең мен құрғақ атыс-шабысқа емес, парасатқа, ақылға, сабырға және ұтымды айла-тәсiлге құрылғанын болжағанбыз.

Әрине, картина өз оқиғасына лайық динамикамен бiрте-бiрте дамып, бiрте-бiрте қоюлана түседi. Мұның жайы патша көңiл көрерменге белгiлi болса керек. Майда балалар жағы (ең адал көрермен – балалар ғой) Қасымхан Шадияров ағаларының вагондағы оқиғасына қызықса, бiз оның атаман Дутов пен оның сыбайласы Абылайхановпен жеке қалған сәтiндегi психологиялық драмасына қатты мән берiп, жүйке мен жүректiң тартысын соншалықты шынайы бере бiлгенiне тәнтi болған едiк. Негiзi, "Қыз Жiбек" те, "Атаманның ақыры" да – қазақ киносы мен қазақ (Қазақ дегенде Қазақстанды мекендейтiн бүкiл ұлт пен ұлысты айтып отырмыз. Және осы түсiнiкке құлақ үйретер кез әлдеқашан жеткен сияқты) көрермендерi үшiн үлкен олжа болса, Асанәлi аға Әшiмов үшiн өнердiң төрiне екi-ақ аттап ("Қыз Жiбек" және "Атаманның ақыры" арқылы) шығу болды.

Асағаны кейiн экраннан емес, туған жерiне, оның мәдени орталығы – Тараз қаласына жолы түскенде "көзбе-көз" көре бастадым. "Ассалаумағалейкүм" деп қос қолдап амандасып, дастархандас та болдық. Мұның мәнiсi былай, Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлiбек Әмзеев марқұм болған әкесiне қайбiр жылдары ас берiп, соған Асанәлi аға да ат басын бұрған. Ал Әлекеңнiң ауылы Талас деп аталатын алыстағы ауданның Қызыларық деген бiр қиырында болатын. Әруаққа Құран бағыштап өскен ата-бабалар жолын ұстанған ер көңiлдi Асекең сол қиындықтарға қарамастан алыстан ат сабылтып келдi. Құдай қосқан қосағы туралы жан тебiрентер сағынышқа толы кiтабы да жаңадан жарыққа шығып жатқан кез, дастархан басында Жамбыл облысындағы бiр-екi кiшiгiрiм бастық пен бiр-екi кiшiгiрiм жазушыға қол қойып, сол дүниесiн сыйлады. Мен қалыс қалдым. Бiрақ "аз ұйқтар да көп жортар" дегендей, жасөспiрiм кезiмнен өнерiн сыйлап өскен әз ағаның аузынан шыққан әр сөздi құлағымнан қағыс жiбермеуге тырыстым. Кейде тұтас бiр кiтаптың беретiнiн бiр-ақ ауыз сөзбен жеткiзуге болады. Соны күттiм. Әңгiмеден әңгiме туып, сөз кезегi "Шоқан Уәлиханов" фильмiне тiрелдi. Бұл фильмдi түсiрген – Асекең. Атақты актер болса да "Шоқан Уәлиханов" – оның режиссер ретiндегi "тырнақалды" дүниесi. Әке (Шыңғыс) мен ұл (Шоқан) арасындағы драмалық қайшылықты жеткiзуден асқан қиын түйiн жоқ. Оның үстiне, Әке Шыңғыс – Асанәлi аға да, Ұл – Шоқан Асанәлi ағаның ұлы Сағи. Шыңғыстың ат үстiнде отырып, ұлына қарай желе жортып келе жатқандағы ойлы жүзi көп нәрседен, яғни "ұлым сен бұрын кiм едiң, ендi кiм болдың, елiңнiң қамын жейтiн азамат болдың ба, жоқ па?" деген сияқты саналуан сұрақтарды сөйлемей-ақ сездiредi. Мiне, әңгiме осы тұсқа ойысқанда Асекең асықпай ойланып, алыс жаққа (киiз үйде отырғанбыз) бiр қарап алып:

– Мен Сағиға ойды, негiзiнен көзбен жеткiзуге тырыс дейтiнмiн. Өзiңдей ана орыстың баласына қарашы (фильмдегi Ф. Достоевскийдiң рөлiн ойнаған актердi айтты), үндемей-ақ қалай ойнайды деп үлгi қылатынмын, – деген едi сонда.

Негiзi, мықты адамдар өзiнен мықтыны мойындаудан өспесе, өшпейдi ғой, Асекең де бiреу байқап, бiреу байқамаған әлгi орыс актерiнiң көзiндегi шаш ағартар қайғы-мұңды қапысыз аңдап, жас та болса оны ғажайып өнер құдыретiмен шынайы бере бiлген актерге керемет сүйсiнгенiн айтып едi сонда. Бұл әңгiменi дастарқан басында отырған кiсiлер бәйге тамашалауға шығар-шықпастан-ақ ұмытып кеткен шығар, ал бiрақ мен әлi күнге дейiн ұмыта алмай жүрмiн. Бәлкiм, мен күткен бiр кiтаптың беретiн ғибратын жеткiзген жалғыз ауыз сөз сол жиында осы болған шығар.

"Әкемтеатрдың" актерлерi мен актрисаларына жолығып, өрелi өнердiң өрiсi жайлы әңгiме бастасам болды, Асекеңнiң аты-жөнi, әйтеуiр бiр жерден шыға келедi. Бiрде талантты актриса Тұрахан апаймен ұзақ сөйлестiм. Көп қиындықты жеңген кiсi ғой, өзiнiң театрға көптен берi тер төгiп келе жатқанын айту үшiн "Е-е, мен бұл театрда Әзiрбайжанды (Мәмбетов) "ұрдым", Асанәлiмен (Әшiмов) "ұрыстым" деп бастап, Тұңғышбай, Есмұқандарға дейiн айтып өттi. Айтқанда, жеккөрiнiшпен емес, өткен-кеткен пендешiлiктердi мысқылмен, күле отырып еске алған.

Бiрде Асанәлiнiң анасы тамаққа қарай алмай қатты ауырып қалады да, "менi бiр емдесе ана Тұрахан емдейдi, түсiме кiрдi, шақырыңдар" дептi. Тұрахан апайға қырық жасында қобызда ойнау өнерi дарыған. Сахнада, кинода бақсының рөлiн өте керемет ойнайды. Театрға келген құрметтi қонақтар "Ойбай-ау, мына қобызшы шал кiм? Қатырды ғой, тiптi" деп таңғалып жатқанда, Асекең "е, ол өзiмiздiң Тұрахан ғой" дейдi екен күлiп. Сахна маңғазы Асанәлi анасы алдында құрдай жорғалайтын әдетiмен Тұраханды онша "мойындай" қоймаса да шеше өтiнiшiн жеткiзедi. Тұрахан барады, емдейдi, жазады (оның құпиясы бөлек әңгiме). Сонда төсегiнен тұрып, тамаққа бетi қараған ана "Әй" деп Асанәлiнi шақырып алады да: "Мына Тұраханға жақсылап тұрып сый-сияпат жасаңдар" деп бұйырады. Ана бұйрығы тап-тұйнақтай орындалады. Кейiн Асекең Тұраханға жолыққан сайын "Ойпырмай, сен емдеп кеткелi берi шешем жақсы болып қалды. Бұрын обедiмiз жақсы болса да анамыздың тәбетi болмаушы едi, ендi шешемiздiң тәбетiне обедiмiз жетпей жатыр" деп өзiне тән қалжыңмен ризашылығын бiлдiрген екен.

Асекеңнiң бiр жақсы қасиетi туған жерiне ат басын жиi-жиi бұрып тұрады. Жақында Тараз қаласының орталығындағы Төле би даңғылымен Азиада алауын жүгiре басып, алып өттi. Жас спортшыларға жетпiстегi аталық ақылын айтып, ақ батасын бердi. Сарысу ауданындағы Ысты Тiлiк бабаға ескерткiш кешен ашылғанда да Кеңес Аухадиев екеуi Алматыдан арнайы келiп, елмен емен-жарқын шүйiркелестi. Оның алдындағы жылдары дәулескер қобызшы Ықылас Дүкенұлына Тараз қаласынан ескерткiш ашылғанда да тектi тұлғаға тән мiнезiмен төбе көрсетiп, қуаныш бөлiскен. Одан да бұрын өзi туып-өскен Сарысу ауданындағы Жайылма ауылынан Алланың үйiн салдырып, мешiт мұнарасынан естiлген алғашқы азанды өз құлағымен тыңдап, алғашқы оқылған намазға қатысып қайтқан. Хазiретi Лұқпан хакiм "Уай, пендем! Мына екi нәрсенi ұмыт: бiреуге жасаған жақсылығыңды, бiреудiң саған жасаған жамандығын!" дептi. Санай берсек, Асекеңнiң жұртқа жасаған жақсылығы көп. Бiрақ оны мiндет қылатын кiсiңiз Асекең емес.

Мақаланы қорытындылап, тобықтай түйiнiн айту үшiн манағы Бақ пен Қыдыр туралы аңыздың ғибратына қайта оралсақ. Асекеңе Бақтың көзi түскен. Бәлкiм, сол кезде бала Асанәлiден, бозбала Асанәлiден, кемелiне келген актер Асанәлiден бұрын Бақтың көзiне түскiсi кеп, тыраштанғандар да болған шығар, бiрақ Қыдыр қабағын көтерген Бақтың көзi басқа емес, Асанәлiге түсiптi. Ол Бақ кiм? "Әрине, халық" дерсiз. Өйткенi "Халық қаласа хан түйесiн сояды!" деген бар. Бiрақ халықтың iшiндегi Асанәлiнi таныған халық ұлдары ше? Мысалы режиссер-профессор – Асқар Тоқпанов. Асқар аға Тоқпановтың ерекше қасиетiнiң бiрi – адам танығыштығы екен. Ол ауылшаруашылық институтында оқып жүрген Асанәлiнi көрiп: "Қой, Қазақстанда бiр агроном кем болса одан елдiң ештеңесi кетпес, ал сен мықты актер боласың, елге ұлы актерлер керек" дептi. Одан кейiн қазақ халқының бағына туған режиссерлер Сұлтан Қожықов, Шәкен Айманов… бұл тiзiмдi жалғастыра берсек, әңгiмемiз бiрталай жерге барары сөзсiз. Сосын "Қыз Жiбектiң" түсiрiлуiне қамқор болып, ал "Атаманның ақыры" фильмiн түсiру идеясын айтып, нақты тапсырма берген Алаш алыптарының бiрi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев ше?!. Ақкөңiл Асекеңнiң кейде кейбiр керауыздардың сөзiн сөйлеп, сойылын соғып кете жаздайтын аңғал мiнезi де бар, бiрақ өнерiн бағалап, өзiн сыйлап, аман-саулығын сұрастыра жүретiн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ше?!.

Алла Тағала құлдарына Бақты берiп те, алып та сынайды. Сол аса қамқор, ерекше мейiрiмдi Алла Тағала Асанәлi Әшiмов деген құлына бақты берудейiн бердi, алудайын алды. Анасының, жарының, ұлдарының әзiз жанын Алла Тағалаға бiрiнен кейiн бiрiн тапсыру жауыңа да тiлемейтiн қасiрет. Бiрақ Асекең ағамыздың сексеуiлдей сiрi жаны бұл сынаққа да шыдады…

Көсемәлi СӘТТIБАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары