Қырғызстан: ДЕПУТАТТАР ДАУЛЫ МӘСЕЛЕНI ЖҰДЫРЫҚПЕН ШЕШУДЕ

Қырғызстан: ДЕПУТАТТАР ДАУЛЫ МӘСЕЛЕНI ЖҰДЫРЫҚПЕН ШЕШУДЕ

Қырғызстан: ДЕПУТАТТАР ДАУЛЫ МӘСЕЛЕНI ЖҰДЫРЫҚПЕН ШЕШУДЕ
ашық дереккөзі
263

Қырғыз парламентi күн өткен сайын саяси ойындардың орталығына айналып бара жатқандай. Соңғы кездерi орын алған оқиғалар осындай баға беруге түрткi болып отыр.

Тiптi, осы бiр ең мәртебелi мекемеде депутаттар саяси мәселелердi сөзбен ғана емес, арагiдiк жұдырықпен де шешiп алатындары бар. Жоғарғы Кеңештегi "Ата Жұрт" партиясының көшбасшысы Камшыбек Ташиев және осы партиядан депутат Садыр Жапаров "Республика" партиясынан депутат болып сайланған Алтынбек Сулеймановпен 1 сәуiрде Жоғарғы Кеңеш үйiнде төбелесе кеткен. Кикiлжiң Қамшыбек Ташиевтiң коалициядан шығу туралы мәлiмдемесiн талқылау барысында тұтанған. Сөйтiп күлкi күнi халық қалаулылары ел-жұртқа күлкi болды. Олар 12 сәуiрде әрiптестерiн мейрамханаға шақырып, бiр-бiрiне шекпен, қалпақ кигiзiсiп, татуласты. Бахадыр Сулейманов есiмдi депутат Қамшыбек Ташиевтен "таяқ жеп", ауруханаға жатып шықты. Бiрақ бұл "төбелестiң" нүктесi әлi қойылған жоқ.

Мемлекет қазынасына салық төлеу көлемi бойынша "Құмтөр" алтын кенiнен кейiнгi екiншi орынды иеленген "Мегаком" ұялы байланыс кәсiпорнының мәселесiне байланысты қызметiнен шеттетiлген бас прокурор Қубатбек Байболов бiрiншi вице-премьер-министр Өмiрбек Бабановтың әсемқорлығын сынға алды. Онсыз да, Жоғарғы Кеңештiң депутаттары "Мегаком" iсiне байланысты Өмiрбек Бабановты босату керек деп премьер-министрге арызданған. Байболовтың сөздерi отқа май құйғандай болды. Сол күнi Мәскеуде Қырғызстанның Кеден одағына кiруiн Ресей Үкiметi төрағасының бiрiншi орынбасары Игорь Шуваловпен талқылаған Өмiрбек Бабанов Бiшкекке келе салысымен, өзiн жұмыстан бiр айға босату туралы өтiнiш жазды. Оған депутаттық комиссия құрылып, Қубатбек Байболов дауының анық-қанығы дәлелденсiн деп өтiндi. Осы бойынша комиссияға Жоғарғы Кеңештегi бес фракциядан екi өкiлден кiрдi. Кейбiр фракциялардың бiрiншi вице-премьерлiкке өз үмiткерлерiн астыртын дайындап жатқанына қарағанда, мәселенiң Бабановтың пайдасына шешiлетiнi күмәндi. Ал ендi "Атамекен" фракциясының көшбасшысы Өмiрбек Текебаев Бабановтың қызметтен уақытша кетуi Конституцияға да, Еңбек кодексiне де қайшы келедi деп есептейдi. Сондықтан премьер-министрдiң өтiнiшке қол қойғаны дұрыс емес. Егер олай болса, үкiметтiң экономикалық саласы 14 мамырға дейiн бос тұрады.

Осы екi арада, Жоғарғы Кеңештiң "Ар-Намыс" фракциясының 10 депутаты Парламенттегi жетекшi коалицияға қосыламыз деп жар салды. Фракцияның лидерi Феликс Құлов сол күнi Мәскеуде болған едi. Бiшкекке оралған соң, мұндай жаңалыққа бiраз пұшайман болыпты. Бұл жағдайға байланысты "Ар-Намыс" фракциясының баспасөз қызметi дереу өз көзқарасын таратты. Ресми болғандықтан бұл мәлiмдеменi Феликс Құловтың пiкiрi деп айтсақ та болады. "Барлық адамдарға белгiлi, "Ар-Намыс" фракциясы өзiн парламенттiк оппозиция деп бiрауыздан шешiм қабылдап, мұны Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң мәжiлiсiнде ресми түрде жариялаған болатын. Бұған сәйкес, фракциядан шықпай, 10 депутаттың парламенттiк көпшiлiктiң коалициясына кiру шешiмiн бiлдiруi ешқандай заңды күшке ие бола алмайтыны былай тұрсын, ол парасатты ұғымға да қарсы келедi. Былайша айтқанда, бiр мезгiлде көпшiлiктiң коалициясында тұрып, оған ресми оппозиция болу мүмкiн емес. Сондықтан 10 депутаттың өтiнiшi басқарушы билiктiң күрделi саяси дағдарысты басынан кешiрiп жатқан кезде, оны тек моральдық жағынан қолдау көрсетудi бiлдiредi", – деп жазылған құжатта.

Көпшiлiктiң коалициясындағы "Атажұрт" фракциясы "Ар-Намыстың" 10 депутатының коалицияға қосылғанын мақұл көруде.

Парламенттегi осындай тұрақсыздықтарға, алыпқашты әңгiмелерге мемлекет басшысы да алаңдап отыр. Өткен жұмада Бiшкектегi ЕҚЫҰ академиясының студенттерiмен және мұғалiмдерiмен кездесуде президент Роза Отынбаева өлкенiң қазiргi жағдайында коалицияның алмасуы парламенттiң ыдырап кету қорқынышын туғызатынын айтты. “Биыл президенттiк сайлау өтпекшi, не үшiн парламенттiк сайлаумен қатар келуiмiз керек. Онсыз да Қырғызстан сайлау науқанын сыртқы қаржы көмегiнсiз, өз күшiмен өткiзуге дәрменсiз”, – дедi өлке басшысы.

Қырғызстанда қандай проблема болса да, ол Парламенттiң екшеуiнен өтуде. Жақында мәлiм болған бiр оқиға көпшiлiктi дүр сiлкiндiрдi. Өткен жылғы сәуiр төңкерiсiнде 87 азамат қайтыс болып, бәрiнiң аты-жөнi анықталған болатын. Президенттiң жарлығымен олар "7 сәуiр батырлары" төс белгiсiмен марапатталған. Солардың iшiнен Маралбек Мақсымбеков тiрi болып шықты. Қазiр Ресейдiң Екатеринбург қаласында тұрып жатыр. Былтыр сәуiр айында Қырғызстанға мүлде келмеген және жетi-сегiз ай Отанында қалған бала-шағасымен, туған-туысқандарымен хабарласпапты да. Бiрнеше жыл бұрын Бiшкекке келген кезiнде төлқұжатын жоғалтып алған. Сол төлқұжат 7 сәуiрде оққа ұшқан адамның қалтасында болған ғой. Ол Шоңташтағы "Ата Бейiтке" жерленген. Үкiметтiң шешiмiне сәйкес, Маралбектiң үлкен ұлы, кәмелеттен асқан Эрланға 1 миллион сом жәрдем берiлген.

Қазiр бұл мәселенiң егжей-тегжейiн Жоғарғы Кеңештiң аталмыш "төбелескiш" депутаты Алтынбек Сулейманов саралау үстiнде.

P.S. Бет қатталып жатқанда «Ар-Намыс» фракциясының коалицияға кiргенi мәлiм болды.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары