ХИДЖАБҚА КIМДЕР ҚАРСЫ?

ХИДЖАБҚА КIМДЕР ҚАРСЫ?

ХИДЖАБҚА КIМДЕР ҚАРСЫ?
ашық дереккөзі

Соңғы кездерi хиджаб мәселесi қазақстандық БАҚ беттерiнен түспейтiн өзектi тақырыптың бiрiне айналды. Сырт көзге оншалықты күрделi мәселе болып көрiнбейтiн хиджаб бүгiнгi күнi дiни танымына қарай қазақ қоғамын екi бөлетiндей қауқары бар қауiптi факторға айналып барады. Осыны сезген кейбiр саясаткерлер бұл мәселеге май құйып, өршiтiп, өзiне саяси капитал жинауға көшкен сыңайы бар. Бұған мысал ретiнде Дос Көшiм мырзаның "Көзге күйiк болған көк орамал немесе тағы да хиджаб мәселесi" атты мақаласы хиджаб төңiрегiндегi әңгiменiң үлкен дауға ұласуына себепшi болды.

Мақаланың негiзгi мазмұны хиджаб киюге тыйым салу, адам еркiндiгiн шектейтiн, құқығын таптайтын шешiм деп есептейдi. Елбасы Н.Назарбаевтың Түркiстанға барған сапарында хиджабқа қарсы айтқан пiкiрiн iлiп алып, Президенттiң қателескендiгiн дәлелдемек болады. Мақаланың соңында екi мәселенi атап көрсетедi. Бiрiншiсiнде, хиджабқа қарсы күрестi "қазақтың ұлттық ерекшелiгiне, салт-санасы мен дәстүрiне де шабуыл басталды. Демек хиджабтың аяғы қазақтың ата-бабадан қалған құндылықтарын жоюға алып келуi ғажап емес" деп көрсетедi. Екiншiсiнде, дiни танымдық тартыстың соңы саяси сипат алып кету ықтималдығын айтып, сақтандырған болады. Алайда автордың мақсаты басқада сияқты. Ол былай дейдi: "Дiни фанатизмнiң күшi – ұлттық, не коммунистiк фанатизмнен де жоғары. Сонымен қатар, ұлттық бағыттағы азаматтар мен ұйымдардың осы уақытқа дейiн дiни мәселенi ту етiп көтерiп, саясаттарына құрал етпей отырғанын да естен шығармау керек". Бұл жерде автор ескертiп отыр ма, әлде ой салып отыр ма? Ол жағы түсiнiксiз. Осы тақырыпқа ҚМДБ-ның қызметкерi Қайрат Жолдыбайдың "Бiлiм ордаларында хиджаб киюге заңмен тыйым салу керек пе?" деген мақаласы да бұл мәселенi одан ары үрлей түстi. Ол хиджабты қолдай отырып, оның формасын өзгерту қажет деген мәселенi көтердi. Ол: "Елбасымыз кеше ғана Түркiстан қаласында зиялылармен кездесуiнде хиджаб туралы ашық көзқарасын бiлдiрдi. Бiрақ заңмен тыйым салу туралы айтқан жоқ… Елбасымыздың бұл тұрғыдан айтқан бұл сөзiн мұсылман қыздардың шариғат бойынша киiнуiне түбегейлi қарсы көзқарас деп түсiну – асығыстық", – дейдi. Бұл екi мақалада да, бұлардан басқа мақалалар да хиджабқа қарсы шығу Ислам дiнiне, Құранға, Ұлы Жаратушыға қарсы шығу ретiнде сипатталып, Батыстың жетегiнде кеткен Елбасы мен үкiметтi райынан қайтару мақсатын алға қойғаны көрiнiп тұр. "Не себептi Президент Н.Назарбаев хиджабқа қарсы, неге қазақтың дәстүрлi дiни танымындағылар хиджабты қолдамайды? Оның себебi не?" деген сұрақтарға мақала авторларының ешбiрi бастарын ауыртқысы келмейдi. Бiз осы мақала шеңберiнде осы сұрақтарға шама-шарқымызша жауап берудi мақсат еттiк. Хиджабты қолдаушылар өз пiкiрлерiнiң дұрыстығын Құран Кәрiмдегi "Нұр" сүресiндегi: " Ей, Мұхаммед … Мумин әйелдерге айт! Жат еркекке көз сүзбесiн, абиырларын жапсын ( бет, қол, аяғынан басқа), iшкi (тән) көрiктерiн көрсетпесiн. Көкiректерiн желектермен жауып жүрсiн. …" 30-31 аяттарға арқа сүйейдi. Хиджабсыз ол талапты орындау мүмкiн емес деп есептейдi. Алайда олар әр халықтың өмiр сүрген ортасына, табиғи, этникалық ерекшелiктерiне орай болмыс туралы түсiнiгiнде, дүниетанымында өзiне ғана тән ерекшелiк болатынын түсiне бермейдi. Мысалы арабтардың өзiнде көшпелi бәдәуилер мен қалалықтар арасындағы ерекшелiктiң өзi көп жағдайда табиғи орта халықтың киiм киiсi мен тұрмысына белгiлi дәрежеде ықпал ететiнiн дәлелдейдi. Қалалық арабтар әйелдерiне қатаң талап қойып, оранып жүруiн қаласа, бәдәуи әйелдерi еркiн, шаруаның ыңғайына қарай киiнедi. Олай болса, арада мыңдаған шақырымды құрайтын алшақтық пен табиғи, мәдени ортасы мүлде бөлек қазақ қыздары мен әйелдерi нелiктен хиджаб киюi керек? Оның үстiне қазақ халқы мен араб халқы арасында дүниетанымдық ерекшелiк барлығы неге ескерiлмейдi? Қазақ халқы ислам дiнiн қабылдағалы бiр мың екi жүз жылдық тарихты басынан өткердi. Осы аралықта қаншама зұлматты көрсе де, исламнан бас тартып көрмептi. Бiрақ ешқашан әйелдерiнiң басын бүркеп, сырт көзден тасалап та көрмептi. Алайда бұл қазақ халқы әйелдерi мен қыздарын ашық-шашық жүргiздi дегендi бiлдiрмейдi. Қазақ та әйелдерi мен қыздарын шариғат талаптарына сай, өзiнiң табиғи, мәдени ерекшелiктерiне сай киiндiрдi. Әйел баласын арына балады. Ешқашан да жесiрiн жылатып, жетiмiн қаңғытпады. Қазақ халқы көп жағдайда әйелдiң қоғамдағы ролiн еркектен жоғары қойғанын көремiз. Мысалы "Әйел – үйдiң туы екен, еркек – үйдiң қуы екен", "Ат айналып қазығын табады", "Ет сасыса тұз себедi, тұз сасыса не себедi?". Осы мақалдарға қарайтын болсақ, қазақ әйелiнiң қоғамдағы ролiн қалай бағалағанын көруге болады. Үйдiң туы да, қазығы да, тұзы да – әйел. Демек еркекпен тең немесе одан жоғары. Алайда қазақ әйелi “мен осындай екенмiн” деп жолдан тайған жоқ. Ерiн пiрiм деп бiлдi, оған мойынұсынды. Алдын кеспедi. Мойнына түскен ауыртпалықты ерiмен бiрдей көтере бiлдi. Қазақ қыз баланы осындай талапқа сай етiп тәрбиеледi. Қазақ қызы сырттай еркiн болғанымен оның рухы, жан дүниесi берiк болатын. Керек десе қазақ қызы өзiнiң еркiн ұлттың мүддесiне, ел-жұртының мүддесiне бағындыра бiлдi. Осының барлығының негiзiнде қазақ халқының дiни дүниетанымы жатты. Басқаша айтқанда, қазақ халқында ислам дiнiнiң өмiр сүру формасы болып қалыптасқан Йасауи жолы жатыр. Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның салған жолы кезiнде бiр түрiк емес, бүкiл ислам әлемiне үлгi болған едi. Ислам дiнiн Х-ХII ғ. ұшыраған тоқыраудан алып шыққан Қожа Ахмет Йасауи болатын. Ол сопылық iлiмдi тариқат дәрежесiне көтере бiлдi. Ислам дiнiнiң жаны мен тәнiн бiрiктiре алды. Ол өз iлiмiн, өз жолын қалыптастырғанда Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбар хадистерiн негiзге алды. Ол исламда болу үшiн араб халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрiн қабылдау шарт еместiгiн, ислам дiнiнiң талабы, Құранның талабы – адамгершiлiктiң асыл мұраттары екендiгiн түсiне бiлдi, халыққа түсiндiре бiлдi. Ол өз iлiмiн Құран Кәрiмнiң "Қиямет күнi Менiң алдымда сендерге мал-мүлiк, перзент, бақ-дәулеттерiңнен пайда жоқ. Тек ол адам Маған таза жүрегiмен келсе ғана пайда бар" (88:89) деген аяты мен Мұхаммед Пайғамбардың(с.а.с.) "Денеде жұдырықтай бiр кесек ет бар. Егер ол таза болса – бүкiл дене таза болып, өте көркем болады. Егер ол бұзылып, хақтан тайып, жаман жолға кетсе, бүкiл дене бұзылады. Бiлiңдер және өте мұқият болыңдар, оның аты – жүрек!" және "Алла Тағала сiздердiң түрлерiңiзге және байлықтарыңызға назар салмайды, бiрақ та жүректерiңiзге қарайды" – деген хадистерiн негiзге алды. Өзi ол жолдан ешқашан тайған жоқ. Шәкiрттерiн де осы жолға тәрбиеледi. Осылай Қожа Ахмет Йасауи жүрек тазалығы арқылы адамзат қоғамын шындық пен әдiлет жолына бастады. Сопылық iлiмнiң алға қойған мақсат-мұратының тазалығы ислам әлемiнiң бар тарапынан қолдау тапты. Оның үстiне сопылық iлiм өзiне жергiлiктi халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрiн бойына сiңiрiп, олардың барлығына мұсылмандық рең берiп қайта қайтарды. Бұл өзiнiң дәстүрлi мәдениетiнен айырылған халықтардың жоғалған рухани, мәдени құндылықтарын қайтаруға мүмкiндiк бердi. Ең бастысы, сопылық iлiмнiң шығуымен жеке адамның немесе қоғамның имандылығы сыртқы белгiлерiне қарап емес, iшкi рухани дүниесiне қарап өлшене бастады. Ендi халық шын мұсылман деп дiннiң сыртқы талаптарын бұлжытпай орындап жүрген адамды емес, оның иман-сенiмiнiң берiктiгiне назар аударатын болды. Иман – адамның Алланың барлығы мен бiрлiгiне, Оның перiштелерiне, кiтаптары мен Пайғамбарларына сенуi, сонымен бiрге адалдықпен шүкiршiлiк етуi, әдiлдiк, тағдырдың жазғанына мойынсұнуы, бар нәрсенi Алладан деп бiлуi. Тыйым салынған нәрселерге: имансыздық, екiжүздiлiк, өркөкiректiк, тәкаппарлық сияқты т.б. қылықтар жатады. Қожа Ахмет Йасауи халқына осы құдыреттi сезiндiре бiлдi. Оны сезiндiру үшiн адамдардың жүрегiне иман нұрын жақты. Иман нұры туралы Құран Кәрiмде былай делiнедi: " Алла – аспанның да, жердiң де нұры. Ол бейне бiр үй тегiндегi сәулеге ұқсайды. Текте шырағдан тұр. Шырағдан шишаның iшiнде. Әлгi шиша – iнжу-жұлдыз дерсiң. Ол шырақ Батыста да, Шығыста да болмаған ғажайып бiр зәйтүн ағашының майынан тамызық алады. Әлгi май от тимей-ақ жалындап кеткелi тұрады, ал от тисе нұр үстiне нұр қосылмақ. Алла қалаған пендесiн, мiне, осы нұрына бөлейдi, ол өз нұрының мысалын осылай түсiндiредi (Нұр сүресi, 35). Ол шырақ бiр үйлерде [мешiттерде] жағылады (Нұр сүресi, 36). Алланы еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден ондай адамдарды сауда-саттық iстерi тоса алмайды. Олар жүректерi де, көздерi де орнында тұрмайтын, тауқыметтен (қиямет күнiнен) қорқатын (Нұр сүресi, 37). Қожа Ахмет Йасауи осы аяттарда бұйырылған үкiмдердi толық орындап шықты. Ол соңына ерген әрбiр жанның жүрегiне иман нұрын ұялата бiлдi. Жүрегiнде иманның шамы жағылған пенденiң ешқашан қиянатқа бармайтынына ол толық сендi. Ол адам баласының жүрегiне иман нұрын Алланы зiкiр ету арқылы жақты. Ол былай дейдi: Хикмат бiрлан аууал адам дiн бар айлады, Он сегiз мың қамуғ алам қайран ерур. "Қалу бала" деген қуллар улуш алды. Сәкут еткан қуллар дiнi ойран болур. Хақ тағала иман ‘ата қылды бiзга, Әууал Мустафа расулы айды бiзга. Друд етсақ қууат берар дiнимiзга, Йоқ ерса қылғанларым ойран ерур. Бұл хикметтiң иманның дiндегi орнының қаншалықты жоғары екендiгiн, иман жоқ жерде ешбiр дiн өмiр сүре алмайтынын көрсетедi. Сол себептi, Қожа Ахмет Йасауи иманды дiннiң тiрегi деп бiлдi. Ол өз заманында соңына ерген шәкiрттерiне зiкiр ғибадатын салдырғанда ер-әйел деп бөлмей, бiрге отырғызып зiкiр салдырады екен. Мұны естiген Бұхара ғұламалары, "Қожа Ахмет Йасауи исламның шартын бұзды. Еркек пен әйелдi қараңғыда араластырып отырғызып, бiрге зiкiр айтқызып, адалдықты тәрiк еттi," – деп, Йасыға арнайы кiсi жiбередi. Қожа Ахмет Йасауиге келген кiсi Бұхара ғұламаларының аманатын жеткiзген соң, ол кiсi жауап қатпай, бiр сандық алып, iшiне бiр шетiне шоқ, екiншi шетiне мақта салып, түйеге артып берiп, келген қонағын Бұхараға қайтарады. Бұхараға келгеннен кейiн әлiгi кiсi болған оқиғаны баяндайды. Сандықты ашып көрсе, бiр шетiнде шоқ, екiншi шетiнде мақта тұрғанын көредi. Мұның мәнiсi не екендiгiн ғұламалар ұға алмай, сол күйiнде сандықты Йасыға қайтарады. Бұхаралық ғұламалардың өкiлi "Сiз жiберген мына сандық iшiндегi шоқ пен мақтаның сырын ғұламалар шеше алмады. Мұның жауабын өзi айтсын деп өтiнiш жасады. Мен сол жауапты бiлуге келдiм,"– дейдi. Сонда Қожа Ахмет "Егер иманы кәмiл болса, еркек пе, әйел ме, бiр-бiрiне ешқашан зиян жасамайды. Өйткенi Тәңiрден жасырын адам баласы ешбiр нәрсенi жасауы мүмкiн емес. Ал зiкiр салып, жан-тәнiмен Аллаға жылап, жалбарынып отырған кiсiнiң ойына арамдық келмек түгiл, ондай жерден жамандық атаулы безiп кетедi. Өйткенi зiкiр салған жерге шайтан тұмсығын сұға алмайды. Сол себептi, менiң шәкiрттерiм зiкiр салғанда әйел, еркек болып бөлiнбейдi,"– деген екен. Әрине, бұл оқиғаның қаншалықты тарихи негiзi барлығына куәлiк бере алмаймыз. Алайда қазақ халқында бүгiнге дейiн сақталып келе жатқан әйел еркiндiгi, ешқашан бетiн бүркемелеп, ер кiсiден бойтасаламауы астарында халқымыз жүрегiндегi иманның берiктiгiмен байланысты екендiгi дау тудырмайды. Бiз мұны қазақ тарихындағы өзге мысалдардан да көре аламыз. Асан Қайғының ұлы Абат өзiнiң батырлығымен, жомарттығымен, кеңпейiлдiгiмен, мырзалығымен аты шыққан жiгiт екен. Бiр күнi Алтын Орда ханы әз-Жәнiбек ордасында отырып, қасындағы уәзiрлерiнен "Осы бiздiң елде кiм батыр, кiм мырза, кiм жомарт, кiм кеңпейiл? – деген сұрақ қояды. Сонда бәрi бiрдей "Абат" – деп жауап бередi. Хан Абатты сынамақ болып, кiсiлердi жiбередi. Олардың барлығы Абатқа барып, Абаттың батырлығына, жомарттығына, кеңпейiлдiгiне, мырзалығына тәнтi болып оралады. Ең соңында хан Абатты сүрiндiре алмаған соң, реңдi, өнерлi, сөзуар жiгiттi шақырып алып, Абаттың үйiне барып, қалайда Абаттың әйелiн жолдан тайдыруды тапсырады. Жiгiт қонақ болып Абаттың үйiне келедi. Келген жiгiттiң мақсаты не екенiн сезген Абат, қонақасын бергеннен кейiн, қонағынан рұқсат сұрап, аңға шығып кетедi. Бiр апта аңда болып, қайта оралса, қонақ жiгiт әлi кетпеген екен. Абат оған ешнәрсе айтпайды. Қонақ қайтып кетедi де, ханға барып болған оқиғаны баяндайды. Қанша әрекет жасаса да Абаттың әйелiн жолдан тайдыра алмағанын айтады. Сонда хан: "Абат сенен неге келдiң деп сұрамады ма?" – деп таңданады. Сонда жiгiт: "Сұраған жоқ. Қонақ ретiнде сыйлап, сыбағамды берiп, шығарып салды" – дейдi. Жәнiбек хан Абатты қанша сынаса да ешнәрсе шығара алмасын түсiнiп, Абаттың өзiн шақырады. Абат келген соң Абатқа былай дейдi: "Әй, Абат, мен сенi қанша сынасам да, сүрiнбедiң. Мырзалығыңа, жомарттығыңа, кеңпейiлдiгiңе, батырлығыңа тәнтi болдым. Ал әйелiңдi қызғанбай, бөтен еркекпен қалдырып кеткенiңдi түсiне алмадым. Оның сыры неде?" – деп сұрапты. Сонда Абат: "Адам баласы жасаған ұрлығын адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Иманы берiк адам ешқашан жамандыққа бармайды. Өйткенi ол Алланың қаһарынан қорқады. Имансыз болса, оны аңдығаннан пайда жоқ. Ретi келгенде арамдықтан бас тартпайды. Сол себептi, мен бұл мәселеге бас ауыртпаймын", – деген екен. Мiне, бұл мысалдар қазақ әйелiнiң еркiн болуының негiзiнде қазақ халқының иманының берiк болуымен байланысты екендiгiн көрсетедi. Қазақ халқы ар-иманын малынан да, жанынан да артық қойды. Ол мұны "Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы" деген бiрауыз сөзбен тұжырымдап, ұрпағына қалдырды. Оның үстiне қазақ халқындағы некелiк қатынастағы ерекшелiк те қазақ әйелдерi мен қыздарының еркiн болуына мүмкiндiк бердi. Өзге мұсылман халықтарында емшек емiспеген ұл мен қызды үйлендiру мүмкiн. Оларға неке бұйырады. Ал қазақ халқында жетi атаға дейiн некелесуге рұқсат жоқ. Жетi атаға жетпей қосылатын болса, олар өлiм жазасына кесiледi. Бұл да қазақ қызының, әйелiнiң еркiн болуына мүмкiндiк бердi. Өйткенi бiр ауылда ағайын-туыс отыратыны белгiлi. Ол ауылдың қызы – бiр әке-шешесiне ғана емес, бүкiл ауылға қыз. Әйел болса, бiреуге келiн, бiреуге жеңге, бiреуге шеше. Оған мынау әйел деп қарайтын ол ауылда жан жоқ. Мұндай жағдайда қазақ әйелi еркiн болмағанда, кiм еркiн болады. Оның үстiне қазақ әйел-қыздарын арына балады. Ешқашан да оларды ешкiмнiң қорлығына берген жоқ. Қазақ арасына тараған мына мақалдар бұған толық дәлел бола алады: "Ауру астан, дау қарындастан", "Жесiр дауы, жер дауы". Бұл қазақ халқының әйел-қыздарына еркiндiк бере отырып, олардың ар-намысын да қорғай бiлгендiгiн көрсетедi. Қазақ әйелi халық басына ауыртпалық түскен кезде, ол ауыртпалықты ерлерiмен бiрдей көтерiсе бiлдi. Кейбiр аналар тек өз ерлерiнiң ғана емес, жалпы халықтың тауқыметiн мойнына алды. Ел-жұрттың болашағы үшiн өздерiн құрбан еттi. Мысалы Қожа Ахмет Йасауидiң қызы Гауһар Ана, Зеңгi Атаның әйелi Ануар Ана, Домалақ Ана, Қызай, Ғ.Мүсiрепов жазатын Ұлпан сияқты Аналар ерлерiне серiк болудың үлгiлерiн көрсеттi, өздерiн құрбан ете отырып, ел-жұрттың болашағы үшiн қызмет жасады. Мысалы Домалақ Ананың қызы Қызайдың ерлiгi осыған дәлел бола алады. Қазiр найман тайпасының бiр атасы Қызай атымен аталады. Олар бетiн бүркеп емес, жүрегiне иман отын жаға отырып, сондай рухани биiк дәрежеге жеттi. Бұл Аналарды бар қазақ әйелi өздерiне үлгi тұтып, солардай болуға ұмтылды. Әлемнiң өзге елдерiн түгел шарпыған жезөкшелiк, "бачобазлик"(гомосексуализм) қазақ даласында мүлде болған жоқ. Өзге елдерде зындан, түрме дегендер болса, бұл қазақ даласында мүлде жат нәрсе едi. Иманы берiк қоғамға бұлардың барлығы жат болатын. Қазақ халқының иман-сенiмiнiң берiктiгi оның дүниетанымының берiктiгiмен тiкелей байланысты едi. Оның негiзiнде Қожа Ахмет Йасауи iлiмi мен оның халықтың рухани тұтастығын қалыптастыру үшiн қолданған "жария зiкiрдiң" көмегiмен халық санасына түркiнiң дүниетанымдық көзқарасының негiзi – "уахдат ал-ужудты-болмыстың бiрлiгiн" сiңiре бiлдi. Әр адам өзiн Алла жаратқан болмыстың бөлшегiмiн деп санады және сол болмыс үшiн жауапты екендiгiн естен шығармады. Бұл дәстүрлi қазақ қоғамының қоршаған ортамен үйлесiмдi бiрлiкте дамуына, өркендеуiне мүмкiндiк бердi. Қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өнер барлығы осы болмыстың бiрлiгi негiзiнде дамыды, өркен жайды. Қазақтың әнi де, күйi де, жыры да осыған қызмет еттi. Олардың барлығы киелiлiк сипат алды. Осы киелiлiк сипат негiзiнде қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығы мен қайталанбас ерекшелiгi қалыптасты. Дiннiң мәдени қызметi консервативтi, екiншi жағынан белсендi: ол бiр жағынан мәдени дәстүрдiң қажеттiлiгiн көрсетсе, екiншi жағынан мәдениеттiң әртүрлi салалары арасындағы тұтастықты қамтамасыз етедi. Өткеннiң бiзге қалдырған мәдениетi ешқашан халықтың өзi ойлап шығарған тәртiбi ретiнде қабылданған емес. Олардың барлығы өмiрдiң дiни заңдылықтары негiзiнде дүниеге келген. Сонымен бiрге, дiн мен мәдениет арасындағы арақатынас әр кезде екiжақты болып келедi. Әр халықтың табиғи өмiр сүру ерекшелiгi дiндi қабылдаудағы ерекшелiкке алып келедi. Басқаша айтқанда, кез-келген дiндi қабылдағанда дiннiң пайда болған жерiндегi өмiр сүру формасын қабылдау мүмкiн емес. Қазақ халқында да ислам дiнiнiң өмiр сүру формасының өзiндiк ерекшелiктерi бар. Бiрақ онда ислам дiнiнiң негiзгi талаптарына қайшы ешнәрсе жоқ. Қазiргi қазақ халқының бiзге дейiн жеткен мәдениетi – халқымыз басынан кешiрген дiни үдерiстер мен дiни дүниетаным жемiстерi. Бүгiнгi күнi қазақ одан бас тарта алмайды. Бас тартар болса тарих сахнасынан кетедi. "Хиджаб тартпаған әйел баласы – мұсылман емес" деп атой салып жүрген қандастарымыз қазақтың дәстүрлi дiнi мен дүниетанымынан, рухани мәдени болмысынан толық бас тартып, уаххабилiк танымды қазақ санасына енгiзбек болып жүрген "әсiре мұсылмандар". Уаххабилiк дүниетанымның қазақы дүниетанымнан ерекшелiгi неде? Ендiгi кезекте соған тоқталайық. Исламдық дүниетанымның негiзi Құран мен Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) хадистерiнде екендiгiне ешкiм шәк келтiрмейдi. Бiрақ осы Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерiн танудың екi түрлi жолы бар. Бiрiншiсi, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерi – "Настарды" – нақыл мен ақыл арқылы қабылдап, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерiнiң iшкi мағыналарын тауил арқылы шешу тәсiлдерiн қолданды. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерiн зерттеу, ислам қоғамының қажетiн қамтамасыз ету жолындағы әрекет Исламдағы алғашқы ғылым салаларының пайда болуына әкелдi. Құранның мағыналарын түсiндiретiн "Тафсир" ғылымы мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерiн жинап зерттейтiн "Хадистану" ғылым дүниеге келдi. Алла Тағаланың заты мен сипаттарының бiр болуын қарастыратын "Калам" ғылымы пайда болды. Бұл ғылым салалары "ахл ал-сунна уа-л жамаға" мазхабтарында кеңiнен қолданылып, ислам дiнiндегi басқа да ғылым салаларының кеңiнен қанат жаюына, адамзат тарихында түбегейлi бетбұрыс жасауына мүмкiндiк бердi. Ал уаххабилер болса, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерi – Настарды тура қабылдайды. Басқаша айтқанда, Құран мағыналарының iшкi мағыналарын ашу үшiн Пайғамбар хадистерi мен тәпсiршi ғұламалардың түсiндiрмелерiн қабылдамайды. Құран аяттарының мағыналарын түсiну үшiн ақыл мен тауил әдiсiн қолдану – Құран мағынасын бұрмалау деп есептейдi. Құран Кәрiмнiң iшкi мағыналарынан бас тарту – Ислам дiнiнiң ұлылығынан бас тарту екендiгiн түсiнгiсi келмейдi. Нәтижесiнде Тәңiр тағаланың адам баласына жiберген Ұлы нығметтерi жай қарабайыр қағидаларға айналуда. Мұны уаххабилер жала жабу деп те айтуы мүмкiн. Алайда Кұран Кәрiмнiң "Лұқман" сүресiнiң 37-аятында: "Егер жер бетiндегi ағаштар – қалам, теңiз артынан жетi теңiз қосылып – сия болса да Аллаһтың сөздерi жазылып бiтпейдi. Шүбәсiз, Аллаһ нағыз жеңiмпаз, әрi хикмет иесi" деп жазылған. Демек бұл аят каримада Құранның мағынасының қаншалықты терең екендiгi паш етiлген. Адам баласы Тәңiр жiберген Ұлы нығыметтi түсiну үшiн ақылмен әрекет етпесе, Құранның астарлы мағыналарын қайтiп түсiнбек?! Ал Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) Құранның мағынасына қатысты былай дейдi: "Құранның әр сәт сайын ортаға шығып отыратын жаңа мағыналары бiтпейдi." Олай болса, Құран аяттарын ақылмен тануға болмайды, не айтылса соны орындау керек деп жүрген уаххабилердiң мұсылман баласын қандай нығметтерден айырып отырғанын сезiнуге болады. Қазiргi күнi арабшаны ежелеп оқитын немесе әлiптi таяқ деп бiлмейтiн уаххабилiк "жас перiлер" Құран аудармасын қолына алып, пәтуә беретiн дәрежеге жеттi. Бұдан кiм ұтты, кiм ұтылды? Бұдан кiмнiң ұтылғанын көру қиын емес. Исламның ұлылығы аяққа тапталып, асыл дiн ұрдажықтың қолындағы қолшоқпарға айналды. Соның нәтижесiнде қазiргi күнi әлем халқы Ислам десе, көзiне қойнына бомба тыққан, жақсы мен жаманды, адал мен арамды айырмайтын террористi елестететiн болды. Сонысына қарамай уаххабилер "дiннiң асылын бiз ұстап отырмыз, бiздiкi ғана дұрыс. Бiздiң соңымызға ермегеннiң бәрi – кәпiр" деген үкiм шығарып, баланы әкеге, iнiнi ағаға қарсы қойып, халық арасына жiк салып жүр. Қазiргi күнi уаххабилiк уағызбен санасы уланған жастарымыз қасиеттi, киелi саналған қазақтың әдет-ғұрып, салт дәстүрлерiнен бас тартып, рухы мүлде бөлек жандарға айналуда. Мысалы әулиелерге зиарат жасау, әруақтарды қастерлеп, еске алу, Құран оқыту сияқты дәстүрлерiмiз "Аллаға серiк қосу, ширк келтiру" деген тұжырымдар арқылы мансұқталуда. Бұл киелi саналған дәстүрлерiмiз – адам баласын рухани тұрғыдан Алламен байланыстырушы сипаты бар дәстүрлер едi. Ендi бұл дәстүрлердiң киелiлiк сипаты көмескiленiп, өшiп барады. Бұл дәстүрлердiң барлығы Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) мұрасында негiзделген болатын. Қазiргi күнi Аллаға серiк қосқысы келмеген "әсiре мұсылмандар" келiн түскенде беташар жасауға, келiндердiң иiлiп сәлем салуына, жастардың ибалы болып, үлкенге құрмет көрсетуiне қарсы. Иiлiп, құрмет көрсетер болса, Аллаға серiк қосқан болып шығады. Аузы-басын тұмшалап, нағыз мұсылман болып көрiнiп жүрген қыз-келiншектер осы уаххабилiк идеологияның қармағына iлiгiп, өз халқына өгей болып жүрген жандар екенiн көпшiлiк сезе бермейдi. Керiсiнше, үстi-басын жауып жүр екен деп қуанады. Ал шындығында олардың рухының, дүниетанымының қазаққа жат болып кеткенiн көбiмiз түсiне бермеймiз. Бұлардан басқа, қазақтың қаншама асыл қасиеттерi уаххабилiк идеологияның құрбанына айналуда. Ең қорқыныштысы сол – қазақ өзi киелi санаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрiнен ажыраған күнi толығымен мәдениетiнен ажырайтынынан, қазақ халқының тарих сахнасынан кететiнi ешкiмдi ойлантпайтын сияқты. Қазақ жерiндегi дiни-рухани үдерiстер тарихын зерттеген маман болған соң, бұл маған өзгелерге қарағанда айқынырақ сезiледi. Кезiнде қазiргiдей сырттан келген дiни, рухани экспансия қазақ санасындағы киелi саналған белгiлi дәстүрлердi шайып кеткенде Қазақ хандығының мемлекеттiк жүйесi де ыдырап, Абылай ханның қайтыс болуымен мемлекеттiгiнен айрылған болатын. Өкiнiшке қарай, бiз бүгiнгi күнi сол қателiктi тағы да қайталап отырмыз. Мұны қазақтың естi азаматының көпшiлiгi сезiп жүр. Олардың iшiнде Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Ол хиджабқа қарсы болғанда тек орамалға ғана қарсы болған жоқ. Хиджабтың артында көлегейленiп тұрған бүкiл уаххабилiк дүниетанымға қарсы болуы мүмкiн. Ол үшiн Президентке демократиялық нормаларды бұзды деп кiнә арту, соның есебiнен өзiне саяси капитал жинамақ болған демократ мырзалардың өз Отанына жаны ашымайтынын немесе қазiргi дiни үдерiстерден мүлде хабарсыздығын бiлдiрсе керек. Ал қыздардың басына орамал тарту мәселесiне келетiн болсақ, менiңше, оған ешкiм қарсы шықпайды. Өйткенi қазақ қыздары күнi кешеге дейiн басынан орамалдарын тастаған жоқ. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейiн Түркiстанда қазақ қыздарының басынан орамал түспегенiне куәлiк бере аламын. Орамал тартпаса басына зерлi тақия киетiн. Одан кейiн барып қазақ қыздарының басынан орамал түсе бастады. Бiрақ ешқашан қазақ қызы да, әйелi де тұмшаланып, хиджабқа оранған емес. Оның неге олай болғанын бiз жоғарыда айтып өттiк. Бұл мәселенiң шешiлу жолы бiреу – қазақтың дәстүрлi дiни танымы мен қазақтың дәстүрлi киiмдерiн жарнамалап, уақыт және шариғат талаптарына сай киiм үлгiлерiн жасап, киiндiру. Мысалы Түркiменстанда студент қыздардың ұзын көйлек пен зерлi тақия кию дәстүрi бар екен. Мүмкiн бiз де сондай бiр жолын табармыз. Қыздар үшiн шығарылған кез-келген киiм үлгiлерiнiң қазақтың рухани, мәдени болмысымен сабақтастықта болуы – киiм үлгiлерiне қойылатын басты талап болуы шарт.
Зiкiрия ЖАНДАРБЕК, Қожа Ахмет Йасауи атындағы ХҚТУ-дiң доцентi, т.ғ.к.
Түркiстан қаласы