ҰЛТТЫҚ БАНКТIҢ ҚОЛЫ ҰЗАРДЫ

ҰЛТТЫҚ БАНКТIҢ ҚОЛЫ ҰЗАРДЫ

ҰЛТТЫҚ БАНКТIҢ ҚОЛЫ ҰЗАРДЫ
ашық дереккөзі
266

Қаржы қадағалау агенттiгiнiң тағдыры бiржақты шешiлдi. Кезiнде Ұлттық банктен еншiсiн алып, өз алдына отау құрған Қаржы қадағалау агенттiгi Ұлттық банктiң қоластына қайта кiрдi. Мемлекет басшысының Жарлығымен агенттiк төрайымы Елена Бахмутова бұрынғы қызметiнен алынды. Бiрақ үлкен шаңыраққа қайта оралған агенттiктiң жұмысы қалай өрбiмек?

Алматы өңiрлiк қаржы орталығы қызметiн реттеу мен қадағалау агенттiгiнiң төрағасы Аркен Арыстанов та қызметiнен босатылып, басшылықтың жүгенiн Ұлттық банктiң қолына ұстатты. Осыған дейiн қос агенттiктiң атқарып келген қызметi мардымсыз болғанын сарапшылар бүгiнде жиi айтып жүр. Онымен келiспеске болмас, өйткенi 2008 жылы жаппай етек алған қаржылық дағдарыс кезiнде оралымсыздық танытқан Қаржы қадағалау агенттiгiнiң пайдасы кiмге тидi? Әрине, қамба-қамба қазынаны қымқырып, шетелге асқан суық қолдыларды қадағалаудың нәтижесi тым мардымсыз болғаны қалай? Оңды-солға қарамастан несиенi тарыдай шашқан екiншi деңгейлi банктердiң тығырыққа тiрелетiнiн Қадағалау агенттiгiнiң байқамағаны тағы да ойландырады. Қаржы агенттiктерiнiң бiр шаңырақтың астына бiрiгiп, "бiр жеңнен қол шығарып", қаржының ел iшiнде орынды жұмсалуы мен қозғалысын бiр жерден реттегенi тиiмдi-ақ.

Агенттiктердiң болашағын анықтап берген Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл қадамды "стратегиялық экономикалық жоспарлаудың арақатынасын күшейтiп, мемлекеттiң экономикалық саясатындағы қаржылық қадағалаушылардың жұмыс координациясын арттыра түседi" деп түсiндiрдi. Әуел бастағы қаржыны қадағалау жүйесiн құп көрген Президент Ұлттық банк өз бетiнше шешiм қабылдай алады деп шешкен. Десек те Батыс елдерiнiң тәжiрибесiнде қаржылық қызметтi жекелей басқаратыны белгiлi.

Ұлттық банк төрағалығына қатысты төрелiк әзiрше айтылмайтын сияқты. Сенат депутаттары Марченконың Сенат табалдырығын аттамағанына бақандай үш жыл болды деп аттан салғанында, бас банкирдiң "Бәзбiреулер секiлдi бұл қызметке өзiм сұранып келген жоқпын. Менi тағайындаған Президент" деп айтқаны есте. Ендеше, бұл жолы да Қазақстанның қаржы саласын басқаратын мырзаға еш қауiп төнiп тұрған жоқ секiлдi.

Ал Ұлттық банктiң iшкi құрылымына келер болсақ, бiршама өзгерiстер орын алмақшы. Ұлттық банкте ендi 2 жаңа комитет жұмыс iстейтiн болады. Әрине, жаңа қосылған агенттiктердiң қызметi осы комитеттерге жүктелiп басқарылатыны белгiлi. Оның бiрi – қаржылық қадағалау секторымен, ал екiншi комитет – Алматы қаржы орталығының қызметiн реттеумен айналыспақшы. Мұндай хабарды жария еткен Григорий Марченко жуырда осы комитеттерге қатысты заң қаралып, бекiтiлетiнiн мәлiмдедi. Десе де қос комитет төрағасы белгiленiп қойған. Қаржы қадағалау агенттiгi төрағасының бұрынғы орынбасарлары Қуат Қожахмет пен Дархан Нұрпейiсов Елбасы Жарлығымен комитет басшылығын қолына алмақшы. Ал Қаржы қадағалау агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Елена Бахмутова "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына ауысады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары