ЕТ САСЫСА, ТҰЗ СЕБЕСIҢ...

ЕТ САСЫСА, ТҰЗ СЕБЕСIҢ...

ЕТ САСЫСА, ТҰЗ СЕБЕСIҢ...
ашық дереккөзі

Жоғарғы соттағы сыбайлас жемқорлықтың әшкерленуi

Үкiмет құрамы жасақталып жатқанда, Қаржы полициясы Президенттiң атына Жоғарғы соттың алты судьясын қызметiнен босату туралы ұсыныс жасады. Олар – Алмаз Тәшенова, Мақсұт Әбiлқайыр, Мәрзия Балтабай, Сәулебек Жәкiшев, Бақытжан Жақыпов, Марлен Қалназаров. Жағымсыз ақпаратты Сенат депутаттары алдында Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Аслан Мусин алақандағыдай жайып салды. Себебi Заң бойынша Жоғарғы сот судьяларын тағайындау немесе қызметiнен босату Парламент сенатының келiсiмiмен жүзеге асады.

Сөйтiп сыбайлас жемқорлық үшiн айыпталған судьялардың алды қамауға алына бастаған. Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, олар бiрнеше мәрте азаматтардың құқықтарын бұзып, сот үкiмдерiн жеке тұлғалардың пайдасына шығарған екен. Сондай-ақ, судьялардың тергеу органдарының жұмысына өктемдiкпен араласқаны, жалған мекемелердiң мүдделерiн қорғағаны анықталды. Бүгiнде оларға қатысты қылмыстық iс қозғалып, прокуратура мамандары тергеу барысын мұқият қадағалап отыр. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров: "Агенттiк заңмен белгiленген тәртiппен, Бас прокуратураның санкциясы бойынша Қазақстанның Жоғарғы сотының лауазымды тұлғаларына қатысты арнайы оперативтiк iс-шаралар жүргiздi. Нәтижесiнде Азаматтық және әкiмшiлiк iстер жөнiндегi қадағалау сот алқасының төрағасы А.Тәшенова мен Жоғарғы сот судьясы С.Жәкiшевтiң iс-әрекеттерiнен сыбайлас жемқорлық фактiлерi анықталды. Заңсыз сыйақыға "Фикарел" АҚ-ның пайдасы үшiн лауазымдық өкiлеттiктерiн терiс пайдаланған бұлар мемлекетке 212 миллион теңге сомасында шығын келтiрген", – дедi. Ташенова мен Жәкiшевтiң үстiнен 307-баптың 4-тармағы бойынша, яғни лауазымдық өкiлеттiктерiн ауыр салдарға соқтыра отырып, терiс пайдаланғандары үшiн қылмыстық iс қозғалды. Бойында әдiлдiк, тазалық, батылдық, мейiрiмдiлiк сияқты жақсы адами қасиеттер қалыптасқан сауатты судья ең алдымен тәуелсiз мемлекет қауiпсiздiгiнiң басты кепiлiнiң бiрi екенi дәлелдеудi қажет етпейтiн ақиқат. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда жағдай бұлай болмай тұр.

Осы тосын оқиғадан кейiн Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлiмбеков қызметiнен өз еркiмен босату жөнiнде Президентке арыз жазыпты. Онда: "Жоғарғы соттың алты судьясына қатысты анықталған қылмыстық iстерге сәйкес, Жоғарғы сот төрағасы лауазымын атқаруға моральдық құқығым жоқ деп санап, өз еркiммен кетуiме мүмкiндiк беруiңiздi сұраймын. Сiздiң сенiмiңiздi ақтай алмағаныма өкiнемiн және кешiрiм сұраймын", – дептi. Бұл туралы Президент "Әлiмбековтiң өз басына тағар кiнә жоқ, ол – таза, дұрыс маман. Бiрақ анадай жағдай болғаннан кейiн тиiстi шешiм қабылдағанын дұрыс деп санаймын" деген ойын бiлдiрдi. Елбасының ұсынысымен Жоғарғы сот төрағалығына осыған дейiн Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметiн атқарған Бектас Бекназаров тағайындалды.

Адам тағдырын ойыншыққа теңеп, әдiлдiк сұрап келгендердi жапа шектiрген судьялар Қазақстан сотының адымын алға бастырмай отырғаны анық. Бұдан кейiн iстiң төрелiгiн айтып, ақ пен қараны ажыратуы тиiс соттарға қарапайым халық қалай сенсiн? Елордадағы Жоғарғы сот судьяларының былығы ашылып жатқанда, шалғайдағы көптеген аудандық соттың қара қылды қақ жаратындығына ешқашан сенбейтiндердiң пiкiрi терiс дей алмайсың. Әдетте өркениеттi елдерде Жоғарғы сот судьялары өмiр бойына сайланады және олардың үстiнен қылмыстық iс қозғау – ешкiм сенбейтiн жағдай деп бағаланады. Бiздiң елде де Жоғарғы сот судьялары Конституцияда жазылғандай өмiр бойына тағайындалады екен. Бiр кездерi Қазақстанда судьяларды өмiр бойына тағайындамай, 2 жыл сайын ауыстырып отыру туралы ұсыныс айтылғанмен, сөз жүзiнде қалып едi. Бұл жемқорлықтың тамырына балта шабады дестi бiлетiндер. Өкiнiшке қарай, бұл қоғамдық пiкiр ескерусiз қалып тұр.

Жәнiбек ӘШIМ