ЖЕР МЕН КӨКТIҢ АРАСЫ – ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ

ЖЕР МЕН КӨКТIҢ АРАСЫ – ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ

ЖЕР МЕН КӨКТIҢ АРАСЫ – ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ
ашық дереккөзі
550

Тылсым да тұңғиық ғарыш кеңiстiгiне адам баласы алғаш рет 1961 жылы сапар шектi. Он сегiз мың ғаламның жасырған ғажайыптарын ашу осы күннен басталады деп ұқты адамзат. Ғарышқа аттанған салтанатты сапардан соң мiне тура жарты ғасыр өтiптi, бiрақ адам қиялы жетпеген сансыз жұлдыздар сыры мен шешiлмеген ғалам құпиялары жетерлiк.

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан 12 сәуiрде ашық кеңiстiкке ауаны жара ұмтылған "Восток" кемесiнiң бортында ғарышкер Юрий Гагарин болды. Ғарыш саласында бәсекелес АҚШ-тың алдын ораған КСРО үшiн бұл үлкен жетiстiк едi. Жалпы осыдан кейiн жер шарынан ғарышқа аттанған кемелердiң санында шек болмады, бiрде сәтсiздiкке ұшырап, атмосферадан алыстай алмаса, бiрде ғарыш көгiне жұлдыздай зулап жатты.

Дүниежүзi бойынша ашық кеңiстiкке тiкелей жол – "Байқоңыр" айлағында. Әлем кемелерiн ғарышқа аттандырар айлақтың ең оңтайлы нүктеде орналасқандығын ғалымдар ежелден мойындаған. КСРО-ның мақтанышы болған "Байқоңыр" қазiр де Ресеймен қош айтыса алмай отыр. Кең байтақ Қазақстан аумағындағы айлақ жарты ғасырға Ресейге жалға берiлдi. Бүгiнде халықаралық ұшыру айлағына айналған "Байқоңырдың" тағдыры Қазақстанға емес, Ресейге таңулы.

15 одақтас республикалар ыдырап, Тәуелсiздiкке қол жеткiзген соң, Қазақстанның ғарыш саласы қалай дамыды?

ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САЛАСЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

1991 жылғы 31 тамыз – Қазақ КСР Президентiнiң Жарлығымен "Байқоңыр" ғарыш айлағы Қазақстанның территориясындағы мүлiктiк кешен ретiнде оның меншiгi болып жарияланды.

1991 жылғы 11 қыркүйек – Қазақ КСР Президентiнiң Жарлығымен республиканың Ғарыштық зерттеулер бағдарламасын әзiрлейтiн және жүзеге асыратын Қазақ КСР Ғарыштық зерттеулер агенттiгi құрылды.

1991 жылғы 2 қазан – Тұңғыш қазақ ғарышкерi, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкiров "Союз ТМ-12" ғарыш кемесiнде ЭП-8 экспедициясының ғарышкер-зерттеушiсi ретiнде ұшты. "Байқоңыр" ғарыш айлағына Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, КСРО елдерiнiң көптеген басшылары, Австрия канцлерi Р.Враницкий келдi. Халықаралық экипаждың құрамында бiрiншi австриялық ғарышкер Франц Фибек болды. Қазақстан Президентi әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдары үшiн арнайы баспасөз конференциясында: "Байқоңыр" – бұл кеңес халқының игiлiгi ғана емес, сонымен қатар барлық елдiң байлығы, әлемдегi бiздiң ортақ басымдылығымыз", – деп атап өттi.

1994 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президентi Борис Ельцин "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi қағидаттары мен шарттары туралы" мемлекетаралық келiсiмге қол қойды. Онда алғашқы рет екi тәуелсiз мемлекеттiң арасында "Байқоңыр" ғарыштық кешенiн жалға беру туралы мәселе талқыға салынды.

1994 жылғы 1 шiлде – ЭО-16 экспедициясының негiзгi экипажының борт-инженерi ретiнде Талғат Мұсабаев алғашқы рет ұзақ мерзiмге ғарышқа ұшты. "Байқоңыр" ғарыш айлағына "Союз ТМ-19" ғарыш кемесiнiң ұшуын тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келдi. Ресей ғарышкерi Юрий Маленченко мен тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш ғарышкерi Талғат Мұсабаев енген экипаж орбитада 126 тәулiк бойы жұмыс iстедi. Ашық ғарышта 11 сағат 7 минут болды. Талғат Мұсабаев алғашқы рет ғарышқа Қазақстан Республикасының туын, қасиеттi қазақ даласының бiр уыс топырағын және мұсылман жамағатының киелi кiтабы – Құранды алып ұшты.

1998 жылғы 29 қаңтар – "Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы", "Ресей батыры", ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа екiншi рет ұшты. ОЭ-25 (НАСА-7 "Пегас") экспедициясының негiзгi бағдарламасы бойынша "Союз ТМ-27" ғарыштық кемесiнiң командирi ретiнде бортинженер, Ресей ғарышкерi Николай Бударин және Еуропалық ғарыш агенттiгiнiң астронавты, француз Леопольд Эйзартц енген халықаралық экипажды басқарды. "Байқоңыр" кешенiне Қазақстан Республикасы Премьер-министрi Нұрлан Балғымбаев келдi. Т.Мұсабаевтың басшылығымен 25-шi негiзгi экспедиция экипажы орбитада 208 тәулiк жұмыс iстедi. Ол Қазақстан, Ресей, АҚШ, Еуропа және өзге де елдердiң ғылыми бағдарламалары бойынша, сондай-ақ "Мир" станциясын құтқаруда орасан зор жұмыс орындады. Ғарышқа 5 рет шығу нәтижесiнде Т.Мұсабаев ұзақтығы 30 сағат 8 минутты ашық ғаламда өткiздi.

2001 жылғы 28 сәуiр – "Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы", "Ресей батыры", ұшқыш-ғарышкер Т.Мұсабаев Ресей ғарышкерi Юрий Батурин және әлемдегi бiрiншi ғарыш саяхатшысы, американдық миллиардер Денис Тито (әлемдiк бiрiншiлiк) енген халықаралық экипаждың командирi ретiнде үшiншi рет ғарышқа ұшты. Осыған байланысты, Талғат Мұсабаев пен оның экипажы әлемдiк ғарыш тарихындағы ғарыштық туризмге жол ашты.

2004 жылғы 22 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрi Даниал Ахметов пен Ресей Федерациясының премьер-министрi Михаил Фрадков "Байқоңыр" ғарыш айлағында жоғары деңгейдегi экологиялық қауiпсiз "Бәйтерек" ғарыш-зымыран кешенiн құру туралы үкiметаралық келiсiмге қол қойды.

2005 жылғы 25 қаңтар – Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен "2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту" мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. 2005 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен 100% мемлекеттiк акциялар қорымен "Қазғарыш" Ұлттық Компаниясы" АҚ құрылды. Кейiн "Қазақстан Ғарыш Сапары" Ұлттық компаниясы" АҚ болып ауыстырылды.

2005 жылғы 30 наурыз – 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Ресей мен Қазақстан арасындағы үкiметаралық келiсiмге сәйкес, "Бәйтерек" Қазақстан-ресейлiк бiрлескен кәсiпорын" АҚ құрылды. Ресей мен Қазақстанның екiжақты келiсiмiмен "Бәйтерек" БК" АҚ-тың бас директоры болып ұшқыш-ғарышкер, "Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы", "Ресей батыры", авиацияның генерал-майоры Талғат Мұсабаев тағайындалды.

2006 жылғы 18 маусым – "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Кaзсат-1" бiрiншi қазақстандық байланыс және хабар тарату спутнигi ұшырылды. "Кaзсаттың" ұшырылуын Қазақстан Республикасы Президентi Н.Назарбаев және Ресей Федерациясы Президентi В.Путин бақылады.

2007 жылғы 27 наурыз – Қазақстан Республикасы Президентiнiң № 302 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгi (Қазғарыш) құрылды.

2007 жылғы 11 сәуiр – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы болып, "Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы", "Ресей батыры", ұшқыш-ғарышкер, авиацияның генерал-майоры Талғат Мұсабаев тағайындалды.

2008 жылғы 12 наурыз – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен "Қазақстан Ғарыш Сапары" Ұлттық компаниясы" АҚ-тың 2008-2010 жылдарға арналған даму жоспары бекiтiлдi.

2008 жылғы 22-23 мамыр – Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң Қазақстанға алғашқы ресми сапары кезiнде "Қазғарыш" басшысы Талғат Мұсабаев пен "Ресейғарыш" басшысы Анатолий Перминов ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы, ғаламдық навигациялық серiк жүйесi ГЛОНАСС-ты пайдалану және дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы үкiметаралық келiсiмдерге қол қойды.

2009 жылғы 20-27 ақпан – Талғат Мұсабаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң делегациясы ресми iс-сапармен Францияға барды.

"Қазғарыш" өкiлдерi сапар барысында Француз ғарыш агенттiгiнiң (KNES) өкiлдерiмен кездесiп, ғарыш қызметi саласындағы екiжақты ынтымақтастықтың даму мәселелерiн талқылады.

Қазақстан делегациясы "Қазғарыш" төрағасы Т. Мұсабаевтың бастамасымен Францияда өткен "Ле Бурже" халықаралық авиасалонында болды. Авиағарыш салонының жұмыс аясында өткен "Қазақстан Ғарыш Сапары" Ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы мен француздың "EADS-Astrium" компаниясы Астанада салынатын ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенiн жалпы жобалауға келiсiмшарт жасады. Елiмiзде мұндай кешен жасау жөнiндегi келiсiм-шарт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Николя Саркозидiң аталмыш саладағы стратегиялық серiктестiк жөнiндегi тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы нақты нәтижесi болып отыр.

2010 жылғы 9 сәуiр – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық пен "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану және жалға алу мерзiмiн 2050 жылға дейiн ұзарту келiсiмiн ратификациялады.

Келiсiм Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенiн жалға алу мерзiмiн 2050 жылға дейiн және "Байқоңыр" қаласы әкiмшiлiгi мен Ресей Федерациясының басқа да органдарының қызметiн Қазақстан мен Ресей арасындағы анықталған әкiмшiлiк-территориялық өкiлеттiк аясында ұзартады.

"БАЙҚОҢЫРДАН" "ГАГАРИН" ҒАРЫШ КЕМЕСI АТТАНДЫ

5 сәуiрде "Гагарин" ғарыш кемесi аттанды. "Байқоңырдан" "Союз-ТМА-21" ғарыш кемесi халықаралық ғарыш стансасына ұшып шықты. Юрий Гагариннiң ұшқанына 50 жыл толуына орай кемеге "Гагарин" деген ат қойылды. Кеме iшiнде келесi ұзақ мерзiмдi экспедицияның ресейлiк-америкалық экипаж мүшелерi бар. Олар орбитада бес ай бойы жұмыс iстейдi. "Гагарин" кемесi халықаралық ғарыш стансасына командир Александр Самокуяевты, борт-инженер Андрей Борисенко мен НАСА астронавты Рональд Гэранды жеткiзедi. Кеме "Союз-ФГ" зымыран тасығышынан сәттi түрде ажырап, халықаралық ғарыш стансасына қарай бет алған.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары