КӨК БАЙРАҒЫМ ЖЕЛБIРЕ!
КӨК БАЙРАҒЫМ ЖЕЛБIРЕ!
Сәуiрдiң 15-iнде Қазақ елi тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған композитор Мұсайып Құсайынұлының "Шашу" атты шығармашылық кешi өтедi. Кешке Қазақстан Композиторлар одағы, Қазақтың мемлекеттiк Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрi, Қазақстанның Халық әртiсi Нұрғали Нүсiпжанов, Қазақстанның Еңбек сiңiрген қайраткерi Қабылаш Әбiкейұлы, Халықаралық конкурстардың лауреаты Құрманбек пен Риза қатысады.
Мұсайып Құсайынұлы 1967 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттiк консерваториясын оркестр дирижерi мамандығымен бiтiрген. Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесi. Ширек ғасырдан астам уақыт Моңғолия композиторлар одағының Баян-Өлгий аймақтық бөлiмшесiн басқарды. 100-ден астам авторлық және халық ән-күйлерi мен классикалық шығармаларды халық аспаптары оркестрiне өңдеп түсiрiп, әртүрлi жанрда көптеген шығармалар жазды. Мұсайып Құсайынұлының халық аспаптар оркестрiне өңдеп түсiруiмен сахналанған Евгений Брусиловскийдiң "Қыз Жiбек" операсы кезiнде көрерменнiң ыстық ықыласына бөленген едi.
2008 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттiк академиялық халық аспаптары оркестрiне арналған "Шашу" күйi мемлекеттiк грантты ұтып алды. 1989 жылы "Сыбызғы сазы" атты фольклорлық-этнографиялық көне аспаптар ансамблiн құрды. Соңғы жылдары шығыстық дәстүрлi күй өнерiн зерттеп, жинақтап, насихаттау iсiне де өз үлесiн қосып келедi. "Алтай домбыра күйлерi" атты кiтабы жарық көрдi.
"Түркiстан-ақпарат"