Талғат МАМАШЕВ: БҰЛ ҚҰРЫЛТАЙ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Талғат МАМАШЕВ: БҰЛ ҚҰРЫЛТАЙ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Талғат МАМАШЕВ:  БҰЛ ҚҰРЫЛТАЙ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК
ашық дереккөзі
181

Алдағы мамыр айында Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы өтпек. Осы алқалы жиында қандай өзектi тақырыптар талқыланады? Жалпы шеттегi қазақтың толғақты проблемасы не? Осы және өзге де мәселелер төңiрегiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашевпен сұхбаттасқан едiк.

– Талғат Асылұлы, алдағы мамыр айында өткелi отырған құрылтайдың күн тәртiбiнде қандай мәселелер қаралмақ?

– Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының Жарғысы бойынша дүниежүзi қазақтарының құрылтайы 5 жылда бiр рет өткiзiлуi тиiс едi. Естерiңiзде болса, III құрылтай 2005 жылдың қыркүйек айында өткен болатын. Былтыр елiмiзде ауқымды әрi аса маңызды шаралар жиi өттi. ЕҚЫҰ Саммитi, Азиада деген сияқты. Сосын осындай шаралардың көлеңкесiнде қалып қоймасын деген мақсатпен бiр жылға кейiн шегеруге тура келдi. Әрi биыл Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығымен тұспа-тұс келедi екен. Бұл айтулы мейрам тек 16 желтоқсанмен ғана шектелмеуi керек. Оны жыл бойы атап өтсек те артық етпейдi. Сөйтiп мамыр айында әлемдегi қазақтардың басын қосып, мұң-мұқтажын тыңдауды және проблемаларын шешу жолдарын қарастыруды жөн санап отырмыз.

Құрылтайды ашатын салтанатты жиында Елбасы қатысып, баяндама жасайды деп жоспарланған. Жалпы Құрылтайдың мақсаты – осы бес жылдағы жасалған жұмыстарды қорытындылап, алдағы мiндеттердi айқындау. Сонымен қоса ауқымды мәдени шаралар өткiзбекшiмiз. Дәстүрлi қолөнер шеберлерiнiң көрмесiн ұйымдастырамыз. Ақындар мүшәйрасы өтедi. Қазақстан өнер шеберлерiнiң гала-концертi және шетелден келген өнерпаздарымыздың концертi ұйымдастырылады.

Құрылтай 3 күнге жоспарланған. Алыс шетелдерден 350-ге жуық қазақ, Қазақстанның өз аумағынан 300-дей делегат келедi деп болжануда.

Бұл Құрылтайдың негiзгi қонақтарының 60 пайыздан астамы жастар болады. Бiздiң болжамымызша, 32-34 елден қазақтар келедi. Бiр күндi спортқа арнауды жөн көрiп отырмыз. Ондағы мақсатымыз – 10-12 футбол командасын жасақтап, халықаралық футбол турнирiн ұйымдастыру. Еуропадан 2 команда келедi. Сонымен қоса, ұлттық спорт түрлерiн насихаттау мақсатында көкпар, қыз қуу, аударыспақ, тоғызқұмалақ секiлдi ұлттық спорт түрлерiнен де жарыстар өткiзбекпiз. Еуропадағы қазақтар жыл сайын өздерiнiң Кiшi құрылтайын өткiзедi. Осы Құрылтай аясында футбол турнирiн өткiзедi. Еуропаның он елiнен команда келедi. Тiптi кей мемлекеттен екi-үштен команда жасақталады екен. Ылғи қазақ жiгiттерi. Солардың iшiнде Швеция мен Голландияның жасөспiрiмдер командасында ойнап жүрген қазақ жiгiттерi бар. Еуропаның аты азулы командаларында ойнап, кәсiби деңгейге жетiп қалғандары да жеткiлiктi. Түркияның футбол командасы да өте мықты екенiнен хабардармыз. Солардың арасында да қазақтар көп. Әрине, олар 16-17 жастағы жасөспiрiм балалар. Егер оларға спорт мамандарының көздерi түсiп, келiссөз жүргiзiп жатса құба-құп.

Бiз бiрнеше салада, оқу-бiлiм, бизнес, кәсiпкерлiкпен айналысып жүрген жастар, әлеуметтiк-руханият, спорт-туризм саласында министрлiктермен арнайы диалог алаңын ұйымдастырамыз. Соның бiрi – көшi-қон тақырыбына арналады, әрине.

– Биыл Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы. Сонымен бiрге, шеттегi қазақтарымызға сауын айтылып, олардың атамекенiне орала бастағанына да жиырма жыл толды. Жалпы көштен ұтқанымыз не деп ойлайсыз?

– 1991 жылы дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайы өттi. Сол кезден бастап шеттегi ағайындарымыздың Қазақстанға келе бастағаны белгiлi. 1992 жылы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы құрылды. Келесi жылы оған да 20 жыл толайын деп отыр. Осы уақыт аралығында 1 миллионға жуық қазақ келдi деймiз. Көш басталған тұста шетелде 5 миллион қазақ бар деушi едiк. Әлi 5 миллион қазақтың мұрты бұзылған жоқ. Себебi бiз жыл сайынғы өсiмiн ескермей келдiк. Егер бiз осы қазақтардың өсiмiн әкеп алсақ та жетiп жатыр. Бiрақ осының өзi болмай тұр. Егер қазақ зиялылары Қазақстан аумағымен шектеледi десек, қателесемiз. Қытайда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Ресейде қазақтың небiр дүлдүл ғалымдары, ақындары, жазушылары өттi. Сол үшiн бiз шетте жатқан рухани қазынамызды таныту мақсатында шетелдегi қазақтардың туындыларын "Атажұрт" баспасынан шығарып жатырмыз.

– Көшi-қон мәселесi Комитет деңгейiнен департамент деңгейiне дейiн құлдырады. Бұның көшi-қонға керi ықпалы болады деп ойламайсыз ба?

– Кейiнгi кезде жалпы көшi-қон мәселесi төңiрегiнде ой-толғамдар көп айтылып жүр. Оның бәсеңдегенi жайында да жиi дабыл қағылуда. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне қарасты Көшi-қон комитетi таратылып, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетiне қаратылды. Бұның негiзгi себебi – көшi-қонды жайлаған жемқорлық пен алаяқтық болса керек. Сол себептi де, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықты ауыздықтау мақсатында осындай шаралар қолданылған шығар деп ойлаймын. Екiншiден, көшi-қон мәселелерi бiр қолға тұрақтамай кеттi. Айталық, тiркеу, мемлекеттiк көшi-қон квотасын үлестiру мәселелерi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне, азаматтық беру мәселелерi Iшкi iстер министрлiгiне қарасты болып келген едi. Қазiр оның барлығы бiр қолға шоғырланды. Логикалық тұрғыдан бұл өте дұрыс қадам болды деп айта аламын. Оның үстiне Көшi-қон полициясы комитетiнiң басшылары көшi-қон мәселелерiн алға жылжытуға өте пейiлдi кiрiсiп отыр. Өткенде көшi-қон Iшкi iстер министрлiгiне өткеннен кейiн Көшi-қон полициясы Алматыда қоғамдық ұйым өкiлдерi, көшi-қонға қатысы бар салалық министрлiктер өкiлдерi, зиялы қауым және журналистердiң басын қосып iрi бiр жиын өткiздi. Оның басы-қасында да Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы жүрдi.

– Сол жиында Көшi-қон полициясы жанынан қоғамдық кеңес құрылады деген едi. Кеңестiң төрағасы ретiнде сiз сайландыңыз. Оның өкiлеттiгi қандай болады?

– Оның құрамында бiраз адам бар. Осы уақытқа дейiн күрмеуi қиын, шешiлмей жатқан мәселелердi ұсыныс ретiнде талқылап, оны Көшi-қон полициясы комитетiне жеткiзiп отыру керек. Мен бұл жөнiнде: "Бұл қоғамдық кеңес нақты бiр мәселелермен айналысатын болады. Бiздiң пiкiрлерiмiз ескерiлiп, көшi-қон реформаларын соған орай жүргiземiз. Әйтпесе аты дардай, заты жоқ ұйым болып қалады. Ондай кеңестiң қажетi жоқ", – дедiм. Бiз жұмысқа ендi кiрiсiп жатырмыз.

– Сол жиналысқа Қамбар Өзтемiр атты Ауғанстан қазағы қатысты. Ол Ауғанстаннан 2007 жылы көшiп келiп, төлқұжатында "ауған қазақ" деген жазу болғаны үшiн әлi күнге дейiн азаматтық ала алмай жүрген туысқандары жайында әңгiмеледi. Бұл адамдарға сiздер қандай көмек көрсете аласыздар?

– Бұл – әрине бiраз қинап жүрген мәселелердiң бiрi. Жалпы Ауғанстан қазақтары қазiр Түркияда, Сауд Арабиясында, Иранда жүр. Осыдан екi жыл бұрын Сауд Арабиясында болдым. Елшiлiктiң шақыруымен сол жерде Ауғанстаннан ауып барған бiраз қазақтармен жолықтым. 1997 жылы Сауд Арабиясынан 20-дай отбасын шақырып алып келiп, ендi ол жақта қазақ қалған жоқ деп жүрген едiк. Сөйтсек, әлi де мыңға жуық қазақ бар екен. Олардың бәрi сол Ауғанстаннан барған қазақтар. Алды 30-40 жыл, соңы 10-15 жыл сонда тұрып жатыр екен. Өздерiнiң қазақ екенiн, ата-бабаларының Қызылорда жақтан екенiн де бiледi. Сауд Арабиясының заңына байланысты, босқындарға ешқашан азаматтық бермейдi. Азаматтық ала алмағаннан кейiн не қызметке тұра алмайды, не меншiк иесi бола алмайды. Не дұрыс оқу оқи алмайды. Мен сол ағайындармен үш кездесу өткiздiм. Жидда қаласында жүзге жуық, Меккеде 50-60, Мәдинеде жүзге жуық қазақтармен кездестiм. Олардың төлқұжаттарында "қазақ" дейтiн жазу жоқ. Бәрiнiң қолында Ауған төлқұжаты немесе жергiлiктi босқын деген қағаз. Бiз елшiмен келiсiп: "Сендер әуелi осы жергiлiктi елдiң заңы бойынша, қазақ мәдени орталығы ретiнде құрылып, тiркелiңдер. Сол ұйым осындағы қазақтардың тiзiмiн шығарсын. Осындағы қазақтар бiрiңдi бiрiң бiлесiңдер ғой, бiр-бiрiңдi қазақ деп куәландырыңдар" дегендi айттық. Сөйтiп бұлардың екi тобы көшiп келдi. Былтыр күзде бiр тобы Маңғыстауға қоныстанды. Екiншi тобы, 57 отбасы тағы келдi. Үшiншi тобы Оңтүстiк Қазақстанға келiп қоныстанатын болады.

Ал жаңағы азаматтық ала алмай жүрген адамдарға қайта оралатын болсақ, жоғарыдағы қоғамдық кеңестiң қарайтын мәселесiнiң бiрi осы болуы керек. Бұрын көшi-қон органдарының жанында арнайы комиссия жұмыс iстейтiн, сол комиссия жаңағыдай күмәндi адамдардың ұлты қазақ екенiн растау керек пе, жоқ па, сол жайында шешiм қабылдайтын. Жалпы шетелдегi қандастарымызға айтар ақылымыз, сол жердегi қазақ мәдени орталықтарынан "қазақ" екендiктерiн растайтын анықтама алып келсiн. Бiздiң консулдық мекемелер осы анықтаманың негiзiнде олардың қазақтығын растап, берi жiбередi. Сөйтiп бұл мәселе шекарадан берi аспай шешiлуi тиiс.

– Қытайдағы қандастарымыз көшiп келу мүмкiндiгiнiң жоқтығын жиi айтады. Және Қазақстан тарапынан кедергiлер жасалып отыр дейдi. Жоғарыдағы жиналыста да осы мәселе сөз болды. Жалпы оларды көшiрiп алудың қандай механизмдерi бар?

– Көшi-қон шақыруы деген де соңғы жылдары айтылып жүрген мәселе. Қытайға барып, үгiт-насихат жүргiзiп, олардың тiзiмiн жасап көшiрiп әкелу мүмкiн емес. Өйткенi ол елдiң заңына қайшы әрекет болып табылады. Өз басым Қытайдың Құлжа, Тарбағатай, Алтай, тiптi Гансу өлкесiндегi қазақтар мекендейтiн Ақсай ауылына дейiн аралап келдiм. "Көшем" деп отырған ағайындар баршылық. Жағдайы бар, келуге ынталылары келiп болды. Жағдайы жоқ, бiрақ келгiсi келетiндер аса көп. Бұл – мемлекетаралық деңгейде шешiлетiн мәселе. Алдағы құрылтайда күн тәртiбiндегi мәселенiң бiрi де осы болмақ.

Өзбекстандағы қазақтардың келуi де сиреп кеттi. Бұрын квота өзбектегi ағайындар негiзiнде орындалып келсе, былтыр 2000 отбасы шекара жабық болғанына байланысты келе алмапты. Қанша "өзбек – өз ағам" десек те, олардың бүйрегi бiзге бұрылып тұрған жоқ.

Моңғолиядағы қазақтардың ең шетiн мәселесi – жол. Осы мәселе сонау 1992 жылдан берi көтерiлiп келедi. Менiң ойымша, бұл мәселе жуық арада шешiмiн таппайды. Ешкiм де 60 шақырым шекарасын ашып тастап, жол салуға мүмкiндiк бермейдi. Қанша жақын болса да, Ресей оған жол бермейдi. Қазiр Баян-Өлгийдегi қазақтардың әлеуметтiк жағдайы бiршама жақсарып қалған екен. Бәлкiм олардың үйренген мекенiнде отыра бергенi де дұрыс па?!. Оларға Қазақстан бизнестiң көзiн ашып, рухани құндылықтар тұрғысынан көмек көрсетсе жақсы болмақ.

– Осыдан бiраз жыл бұрын жоғары оқу орындарының жанынан қазақ диаспораларының балаларына арналған дайындық курстары ашылған. Бiр жылдары онда 1500 балаға дейiн оқыған едi. Қазiр олардың қарасы тым азайып кеттi. Оған не себеп?

– Ол негiзi Қытайдан келетiн балалар үшiн жасалған болатын. Келгендерiнiң бәрiн дайындық курстарына қабылдап, ешқайсысының бетiнен қақпадық. Дегенмен шынын айту керек, ол жақтан дайындығы нашар балалар келедi. Жақсы үлгерiммен оқығандары Бейжiңде оқиды. Бiзге сол Қытай ЖОО-ларына түсе алмай қалғандары келедi. Бiз бұның бәрiн сараптан өткiзiп, саралап отырдық. Бiрақ Қытайдан шығудың жолы осы ғой деп, бәрiне көз жұма қарадық. Дегенмен соңғы жылдары бұл да сиреп кеттi. Қазiр жүзге жуық қана бала келетiн болды. Онда тiкелей барып, үгiт-насихат шараларын жүргiзу қиын. Ол жақта қазақ мәдени орталықтары жоқ. Бiлiм министрлiгi осы мәселелермен тiкелей айналыспайды. Бейжiңде, бiздiң елшiлiкте Бiлiм министрлiгiнiң бiр адамы бар. Бiрақ ол адам Қытайда оқып жатқан Қазақстан студенттерiнiң iсiмен айналысады. Ал берi қарай, Үрiмжi маңына келiп, ондағы қазақ ағайындарының балаларын елiмiзге жiберу мәселесiмен айналысуға мүмкiндiгi жоқ. Екiншi мәселе – дайындық бөлiмiн бiтiрген балалардың барлығын жоғары оқу орнына түсiру мақсат болмау керек. Мақсат – оларды қандай да бiр кәсiпке баулу. Сол арқылы кәсiп көзiн тауып, өз күнiн өзi көруге ұмтылту. Қазақстанда сондай бiр-екi оқу орнын кәсiптiк техникалық колледж етiп жасақтап, шетелден келетiн қазақ балаларын оқытуға бағыттау керек. Былтыр Кентаудың базасында осы мәселеге орай үлкен бiр кеңес өткiзсек деп едiк, Бiлiм министрлiгi түрлi сылтау айтып, оған бара қояр емес.

– Соңғы кезде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына әртүрлi сыни пiкiрлер айтылып жүр. Бұған не дейсiз?

– Былтыр жылдың екiншi жартысынан кейiн көшi-қон мәселелерiмен айналысатын ешкiм болмай қалды. Көшi-қон комитетi таратылатын болғаннан кейiн бұл мәселенi қаузағысы келмедi. Iшкi iстер министрлiгiне жауапкершiлiк әлi артыла қоймаған кез. Ақыры оралмандар Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының есiгiн қағатын болды. Сондықтан да бiз бiрнеше рет осы мәселе төңiрегiнде Президент әкiмшiлiгiне, Үкiметке мәселе қойып, "Егемен Қазақстан" газетiне бiрнеше рет мақалалар ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер өткiзiп, көшi-қон проблемаларын талқыладық. Содан кейiн ғана Үкiметте көшi-қон мәселесi қолға алынды. Бiздiң кейбiр ағайындар "Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы түк бiтiрмейдi, қарап отыр" деген сияқты сын айтуға құмар. Әрине, сын сындарлы болса бiр жөн, мәселенiң байыбына бармай байбалам салушылар шынайы жанашырлықпен ұсыныс бiлдiрiп жатқан жоқ. Тек қана "Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы неге түк iстемейдi? Не бiтiрiп отыр?" дегеннен аса алмайды. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы көшi-қон мәселесiмен емес, сырттағы ағайындардың проблемасымен айналысады. Бiрақ бiзге көмек сұрап келген ағайынды бiз құшағымызды аша қарсы аламыз. Мәселелерiн шешуге көмектесiп, қолұшын берiп жүрмiз. Соның iшiнде көшi-қонның тоқтап қалғаны жайында дабыл қағып, оны шешудiң жолдарын қарастырып, Елбасына дейiн хат жазып, оның шешiлуiне мұрындық болуды мақсат етiп отырмыз. Сондықтан да Қауымдастық туралы кейбiр жөн-жосықсыз сын-пiкiрлерге "ит үредi, керуен көшедi" деп қана қарап отырмыз. Ал шын жанашырлықпен, ұсыныс-тiлектерiн бiлдiрiп, оның шешу жолдарын қарастыруға қолұшын созғысы келетiндерге құшағымыз ашық. Бiзде кезiнде жұмыс iстеп, өкпелеп кеткен, бiз жұмысқа алмаған адамдар ауыз өзiмдiкi дей ме, негiзсiз сындарға жол берiп жүр. Ал жағдайды көзiқарақты оқырман өзi бағамдай бiлер.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары