Ресей ТВ-сы отандық телеарнаға дес берер емес

Ресей ТВ-сы отандық телеарнаға дес берер емес

Ресей ТВ-сы отандық телеарнаға дес берер емес
ашық дереккөзі

Қазақстандық телевизия мәселесi тағы да талқыға түстi

Елiмiзде ақпарат тарататын шетел арналарына шектеу қойылуы тиiс. Сондай-ақ, кабельдi жүйе арқылы хабар тарататын өзге елдiң телеарналары отандық телеарналарда алкогольдi iшiмдiктердi жарнамалау барысында заңды ескеруi керек. BNews.kz порталындағы "Қазақстандық телевизияның дамуы" атты интернет-конференцияда аталмыш мәселелер кеңiнен талқыланды.

Бүгiнде "Телерадиотарату туралы" Заң жобасы телевизия мамандарының талқылар басты тақырыбы болып отыр. Отандық телеарналарға қатысты проблема көп-ақ. Телевизиядағы тiл мәселесi соңғы кезде көлденең қойылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездесу барысында "Қазақстан" ұлттық арнасы алдағы уақытта 100 пайыз қазақ тiлiнде хабар тарататынын қадап айтты. Мемлекеттiк тiлге қатысты мәселе шешiмiн тапқанымен, телевизия саласының жарасы жеңiлдей қойған жоқ. Жасыратын несi бар, бұл күнде отандық телевизия кабельдiк жүйе арқылы көрсетiлетiн шетел телеарналарының көлеңкесiнде қалып отыр. Бұл жөнiнде BNews.kz интернет-порталы ұйымдастырған конференцияда "Астана қаласының телевизиясы" ЖШС-нiң бас директорының орынбасары Илья Пустогачев мәлiмдедi. Интернет-конференцияда елiмiздiң ақпарат нарығындағы өзгерiстер мен тың бағыттар талқыланып, әлi де күрмеуiн таппаған "Телерадиотарату туралы" Заң жобасына қатысты пiкiрлер айтылды.

Конференция барысында ерекше назарға iлiккен мәселе – отандық ақпарат кеңiстiгiнде ресейлiк телеарнаның ықпалының басым болуы. Илья Пустогачев: "Қазақстан Ресей Федерациясымен үнемi тығыз қарым-қатыныста болды, бiз көп уақыт бойы елiмiздегi ресейлiк телеарналарға оң қабақ танытып келдiк. Дегенмен бүгiнгi таңда Ресей ТВ-сы қазақстандық телеарналарды тасасында қалдырғанын мойындауымыз керек", – дедi. Пустогачев мырза тәуелсiздiк қарсаңында отандық телеарналар бизнес-жетiстiктерге қол жеткiзiп, халық арасында кеңiнен танылғанын тiлге тиек еткенмен, оны алаңдататын мәселелер де ауқымды екен. "Бүгiнгi таңда қазақстандық телеарналардың бизнес-қаржыландырылуы жоқ. Телевидение қайдан қаржы алады? Басты әрi негiзгi табыс көзi – жарнама. Әзiрге елiмiздегi жарнама берушiлер басқа бағытта медиа жарнама беруге қауқарлы. Ең алдымен жарнама берушi кабельдi жүйеге жүгiнедi", – дейдi И. Пустогачев.

Интернет-конференцияда "Телерадиотарату туралы" Заң жобасының жайы да сөз болды. Үкiмет қазан айында аталмыш заң жобасын қарайтын болады. "Астана қаласының телевизиясы" ЖШС-нiң бас директорының орынбасары: "Бiзде телевизияға қатысты екi заң болды. Бұлар – "БАҚ туралы" Заң және "Байланыс туралы" Заң. Уақыт өтсе де екi заңда көптеген түсiнiктер мен терминдер толыққанды талқыланбаған едi", – деп заң жобасына қатысты пiкiрiн бiлдiрдi. Сонымен Илья Пустогачевтiң пайымдауынша, "Телерадиотарату туралы" Заң жобасына төмендегiдей үш мәселе енгiзiлуi тиiс. Ең алдымен, елiмiзде кабельдiк жүйелер арқылы хабар тарататын өзге елдiң телеарналары арнайы ақпарат тарату құқығынсыз қызмет етiп келедi. Бұған дейiн де айтылғандай, бұл мәселе заңды түрде реттелiп, шетелдiк телеарналар арнайы тiркеуден өтуi қажет. Одан кейiнгi мәселе, ақпарат кеңiстiгiмiздегi орыстiлдi телеарналар мемлекеттiк тiлге толық аударма жасамай-ақ хабар таратуда. Мұндай телеарналар мiндеттi тiркеуден өтiп, Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiнде хабар тарату құқығын алып, заң шеңберiнде қазақ тiлiне аударма жасаса, жарасып кетер едi. Үшiншi мәселе, кабельдiк жүйе арқылы хабар тарататын шетел телеарналары алкогольдi iшiмдiктердi жарнамалауда елiмiздiң заңдарын көбiне ескере бермейдi. "Мысалы Ресейде алкогольдi iшiмдiктердi жарнамалауға тыйым салынбаған. Ресейлiк арналар өз елiнiң заңы бойынша жұмыс iстейдi. Ал кабельдiк операторлар бiз тек қана "ретрансляция" жасадық дегендi алға тартады да, ешкiм жауапкершiлiктi өз мойнына алмайды. Нәтижесiнде қазақстандық заң сақталмайды", – деп наразылығын танытты Илья Пустогачев. Егер "Телерадиотарату туралы" Заң жобасында осы үш мәселе ескерiлсе, келеңсiздiктерге жол берiлмес едi. Қазақстандық телевизияны жан-жақты талқылаған интернет-конференцияда осындай қорытындылар жасалды. Көтерiлген мәселелер дұрыс-ақ. Алайда есiктен кiрiп, төрдегi көк жәшiктен жайлы орын алған шетелдiк телеарналар бұл заңды сақтай ма екен? Шектеуi жоқ кабельдi жүйенi "Телерадиотарату туралы" Заң жобасы жүгендей ала ма?

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ