ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ!

ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ!

ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ!
ашық дереккөзі

Дауыс беру Қарулы Күштерде таңғы сағат 7.00-де басталды. Әскери бөлiмдерде мерзiмдi қызметтiң сарбаздары алғашқылардың қатарында дауыс бердi. Жалпы, әскерилер бұл сайлауға 100 пайыздық көрсеткiшпен қатысуымен және дауыстарды санаудағы жылдамдықтарымен ерекшелендi.

Елордадағы 68665 әскери бөлiмiнiң десантшы жауынгерлерi сағат 8:15-те өз таңдауларын толықтай жасап үлгердi. Астаналық бөлiмнiң 400-ден астам әскери қызметшiсi белсендiлiктерiмен ерекшеленiп, № 114 сайлау учаскесiне бiр сағат бұрын келдi. – Бүгiн елiмiз үшiн тарихи күн, – дейдi мерзiмдi қызметтiң қатардағы жауынгерi Александр Криворотов. – Осы сайлау арқылы бiз Отанымыздың болашағына бей-жай қарай алмайтынымызды бiлдiрдiк. Александрдың әрiптесi қатардағы жауынгер Қайрат Әбiш те өзiнiң Қарулы Күштер қатарында жүрiп, Қазақстанның болашағы үшiн дауыс беру мүмкiндiгiне ие болғанын мақтаныш ететiнiн жеткiздi. Бұл күнi 68665 әскери бөлiмiнде 8 сарбаздың туған күнi болды. Бөлiм басшылығы туған күн иелерiн ескерусiз қалдырған жоқ. Оларға арнап сыйлықтар тарту еттi. Сонымен қатар алғашқылардың бiрi болып дауыс берген әскери қызметшiлер де сыйлықтар алды. Бөлiм командирiнiң тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыстары жөнiндегi орынбасары, учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы майор Раджан Жанысов әскерилердiң осы сайлауда айрықша белсендiлiк танытып, Отан алдындағы борыштарына адалдықтарын дәлелдегенiн жеткiздi. Қарулы Күштер бойынша 28 сайлау учаскесiнде дауыс беру жүзеге асты.
ҚР ҚМ баспасөз қызметi