ҚАЗАҚҚА МАХАББАТ МЕРЕКЕСI ҚАЖЕТ ПЕ?

ҚАЗАҚҚА МАХАББАТ МЕРЕКЕСI ҚАЖЕТ ПЕ?

ҚАЗАҚҚА МАХАББАТ МЕРЕКЕСI ҚАЖЕТ ПЕ?
ашық дереккөзі
377

Махаббат – сезiмдердiң патшасы, кейде таңғажайып ертегiге ұқсайды. Кейде өмiрiңiзде болған тәттi түстердiң бiрi секiлдi елестейдi. Сүйiспеншiлiктiң өзi кез келген адамды өзiнiң тереңдiгi мен тебiренiске толы әлемiмен баурайды.

Осындай аласұрған сезiмдерден құралған махаббатты тойлау үшiн арнайы күн қажет пе?

"Не сезiм менi бiр күн от қылады.Не сезiм менi бiр күн жоқ қылады" дейдi ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Мақатаевтың махаббатқа толы лирикасы бiр күнде, бiр сәтте жазылды деуге ешкiм сене қоймас. "Ғашықтың тiлi – тiлсiз тiл" дейдi тағы да ұлы Абай. Ғашықтықты жария қылудың да, жарнамалаудың да қажетi жоқ сияқты. "Сүйе бiлгенiңiз, өмiр сүре бiлгенiңiз" дер едiк. Сезiмiңдi айғайлап бiлдiргеннен де ештеңе ұтпаймыз. "Валентиндi" ұмыттыру үшiн, "Махаббатты" ойлап табудың қажетi бар ма? Алланың қалауымен, жүректiң бұйрығымен келетiн сезiмдi бастан кешiрудiң өзi адам баласы үшiн бiр ғанибет. Сондықтан қазақ баласына махаббатты тойлау қажет пе, жоқ па? Бұған зиялы қауым өкiлдерi, жастарымыз не дейдi?

– Махаббатты тойлау үшiн арнайы күн қажет деп ойлайсыз ба?

Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы:

– Қолдамаймын. Махаббат деген бiр күнi болатын, тапсырыспен жасалатын нәрсе емес. Бұл да – Алла Тағаланың адамзатқа, адам баласына берген сыйы. Адамға берген ерекше бiр қасиетi деп санаймын. Махаббат деген өлiм сияқты адамға бiр-ақ берiлу керек. Қалғанының бәрi – қызығу, сүйсiну, сол аралықта. Сондықтан бiр күндi махаббат күнi деп, сол күнi құшақтасып, сол күнi өбiсу деген болмайтын нәрсе. Махаббаттың қай күнi келетiнi, оны адамның қай күнi сезетiнi белгiсiз. Ол ғайыптан келедi ғой кiсiге…

Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ, жазушы:

– Бұл мереке жалпы қазақ үшiн емес, жастар үшiн қажет шығар. Өйткенi Валентин күнiн құрту үшiн оған қарсы бiрдеңе жасау керек емес пе? Соған ұйымдастырылып жатқан дүние болу керек. Сондықтан оны құптаған жөн шығар деп ойлаймын. Валентин күнi дегенiмiз ешқандай ұлттық та, саяси да, тiптi адами да мереке емес. Ал бiздiң махаббат күнi жастарға керек. Сүйiспеншiлiксiз өмiр жоқ қой. Жастарға осындай бiр күн қажет дегенге өз басым қосыламын.

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

– Менiң ойымша, махаббат күнiн жеке бiр мереке күнi деп алу дұрыс емес сияқты. Өйткенi тек бiр күн ғана махаббаттан тұрмайды. Шетелден келiп жатқан Валентин күнiне қарсылық ретiнде жасалып жатқан шаруа ғой, оны түсiнiп тұрмыз. Сол бағытта мүмкiн махаббат күнi керек шығар. Бiрақ оның орнына осындай сырттан келiп жатқан түрлi мерекелерге тоқтау салатын, Валентин күнiн ұмыттыратын тәрбиелiк мәнi бар дүниелер жасаған жөн деп ойлаймын. Әйтпесе шетелден келiп жатқан мерекелерге тоқтау салу ретiнде қолдан мереке жасай берген ол да дұрыс емес. Қолдан мейрам жасаудың өзi ертең науқанға айналып кетуi мүмкiн. Сол себептi де мен бұл мерекенi қолдамаймын.

Мұхит САЛҚЫНБАЕВ, "Ақиқат" журналының Бас редакторы:

– 15 сәуiрдi "Махаббат мейрамы" деу – католиктердiң Валентин күнiнiң көшiрмесi. Өзге ел осылай iстедi екен деп дүрмек жасау дұрыс емес. Олар жасаса, өздерiнiң ата-бабасының қолы жетпеген арманы орындалсын дегенi шығар. Бiзде дәл солай махаббат күнiн белгiлесек, ол надандық болар едi. Бұл да болса, жаһанданудың ықпалына ұшырағандық дер едiм. Кезiнде Ленин 1 сәуiр күнi "Жандармерия адамдарын алдады" деп, осы күнi жақындарымызды, жолдастарымызды алдайтын болдық. Сол күндi әзiл-күлкi күнi деп атап та жүрмiз. Махаббат күнiн белгiлейiк деп ұсыныс көтерiп жүргенiмiз, бiздiң осалдығымызды көрсетедi. Бұл – дербес даму жолына түскенiмiзге 20 жыл болғанымен, әлi құлдық санадан арыла алмай жүргенiмiздiң дәлелi. Одан да қиялы ұшқыр, ойы терең азаматтар өзiмiздiң әдет-ғұрып, салт-дәстүрiмiзде бар дүниелердi қазiргi заман талабына сай неге жаңғыртпасқа, неге түрлендiрмеске?! Әлде қазақ қайдағы бiр Валентинге дейiн махаббатты бiлмей келiп пе?! Сүйiктiлерiне жүректегi сезiмдерiн, жүрекжарды сөздерiн айта алмап па?! Сонда Еңлiк пен Кебек, Жiбек пен Төлеген, Қалқаман мен Мамыр бiр-бiрiн қалай тапқан? Махаббатты бiлмесе, олардың махаббаты қалай аңызға айналған?

Қазiргi бiздiң қоғамға қарап отырып, мұндай күндi белгiлеу мүлде керек емес деп есептеймiн. Себебi кез келген аялдамада болсын, аулаларда болсын, тiптi автобус, троллейбустың iшiнде де бiр-бiрiне өлiп-өшiп, аймаласып жатқан жастарды көремiз. Айналасынан қымсыну дегендi де ұмытып барады. Мұндай жастарды көргенде, елiмiздiң келешегiне күмәнман қараймыз. Әсiресе бұл жағдайдың күннен күнге бел алып бара жатқаны жаныңа батады. Қазiр тiптi қалыпты жағдайға айналғандай. Ал ендi осындай жастарға арнайы махаббат күнiн белгiлеп берсе, олардың одан ары азғындауына жол ашқандық болмай ма?

Қазақтың "Қызға қырық үйден тыю", "Ел боламын десең бесiгiңдi түзе" деген керемет, дана сөздерi бар. Сондықтан жастарды азатын жолға емес, ұлттық дәстүрiмiз бен имандылыққа баулитын әдет-ғұрыптарымызды насихаттайтын iс-шаралар мен бағдарламалар жасауды ойластырғанымыз жөн шығар.

Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, студент:

– Махаббат – өмiрдiң ұлы заңы. Ұлыстың ұлы күнi қыз бен жiгiттер бiр-бiрiне алтыбақан аясында әндетiп, айтыспен өрiп, сезiмдерiн бiлдiрген. Осыған байланысты қазақта "Селтеткiзер", "Ұйқыашар" салттары қалыптасқан. Баяғыдан ұлтымыз махаббат деген сезiмдi дәстүрiне сай жеткiзе бiлген. Бүгiндерi бiздiң қоғам бұл мейрамға жүрдiм-бардым қарайды. Сондықтан болар, әлi күнге дейiн бiз әулие Валентиндi – ғашықтар күнi деп мейрамдатып жүрмiз. Мұндай ұлттық дәстүрiмiзге қарсы мерекенi қоғамнан аластау үшiн мiндеттi түрде "орнын алмастырар мейрам" керек. Махаббат мерекесi – мейiрiмдiлiк күнi. Адамзат баласын бiр-бiрiмен дос-бауыр ететiн ұлы сезiм. Сондықтан да махаббат мейрамына жылдың бiр күнiн арнау көптiк етпес. Уланған жастардың санасын емдеудiң бiрден-бiр жолы да осы. Бұл әңгiме осыған дейiн талай айтылып келедi. Бiрақ мейрам күнiн белгiлеуге байланысты әртүрлi пiкiрлердiң басы тоғысқан жоқ. Кейбiреулер "әр күнiмiз махаббат мейрамы болуға тиiс" десе, ендi бiреулер "көктемнiң айларында болғаны дұрыс" деп жатады. Менiңше, махаббат мерекесi наурыз айында тойланғаны дұрыс. Махаббат деген– жаңа сезiмнiң бүр жаруы. Бұл сезiм адамды өзгертедi де, жаңартады да. Дәл бұл қасиет наурызға тән. Сол себептi махаббат мейрамын наурызда тойласақ нұр үстiне нұр болар ма едi…

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары