УРАН ҚЫМБАТТАП, АЛТЫН АСПАНДАЙДЫ

УРАН ҚЫМБАТТАП, АЛТЫН АСПАНДАЙДЫ

УРАН ҚЫМБАТТАП, АЛТЫН АСПАНДАЙДЫ
ашық дереккөзі
314

Әлемде экономикалық өсiм орын алмақшы

Әлемдiк нарықтағы энергетикалық маңызы бар шикiзат құнының үнемi тайғанақтауы – қалыпты жағдай. Ал аумалы-төкпелi заманда уран, мұнай, алтын бағасының өзгеруi тiптi таңғаларлық жайт емес. Бiрде шарықтап, бiрде құлдырап отырған нарықтық баға дүниежүзi мемлекеттерiнiң экономикалық өсiмiн басқарып, бағыттап отыр.

КҮНШЫҒЫСТАҒЫ ЗIЛЗАЛА МЕН "ҚАЗАТОМПРОМ"

Қазақстан уран өндiруден әлем бойынша көшбасшылардың қатарына кiретiнi белгiлi. Ядролық қару жасаудан бас тартқан елiмiз атом энергетикасының негiзi болып табылатын уранды бейбiт мақсатта пайдаланушыларға экспорттап келедi. Қазақстан уранын осындай мақсатта тұтынушылардың бiрi – Жапония болатын. Жойқын цунамиден зардап шеккен "Фукусима-1" АЭС-ының жұмысы әзiрге тоқтап тұр. Сондықтан Қазақстан Үкiметiнде уран экспортына қатысты мәселенiң кезек күттiрмей талқыға салынғаны түсiнiктi.

"Қазатомпром" Ұлттық атом компаниясының басшылығы Қазақстан уранының аталмыш елге жiберiлуiне еш кедергi жоқ дейдi. Олардың айтуынша, Жапонияға уран дәп бұрынғы көлемде, бұрынғы бағамен экспорттала бередi. Сондай-ақ дүниежүзiлiк нарықта да шикiзаттың бұл түрiне сұраныс көбеймесе, кемiмейдi. "Экономикалық дамуда атом энергетикасының маңызы орасан зор, сондықтан әлемдiк уран нарығында еш өзгерiс орын алмайды", – дедi "Қазатомпром" бас директоры Серiк Қожахметов мырза Қазақстан инновациялық өндiрiстiк форумында. Оның мәлiмдеуiнше, Жапониядағы жағдай уран, атом энергетикасы мәселесiне салмақты көзқарасты қалыптастырады. Яғни бұл тұс – атом энергетикасының аяғы шалынған жерi емес, қайта стансалардың берiктiгiн, сапасын қайта қарауға шақыратын кез.

Егер де бүкiл әлем бұл мәселеде тура осындай көзқарастан таймаса, атом энергетикасын өндiрудiң сапасын арттыру ғана ортақ мүддеге айналады: оның зардаптарына тағы да көз жұмып қарап, уран бағасын көтере саудаласу басталады деген сөз. Бұл ретте Қазақстан да уран экспортын жетiлдiрудi қарастырып отырған жайы бар. Серiк Қожахметовтiң айтуынша, келесi жылы Қазақстан уран өндiрiсiн 20 мың тоннаға жеткiзбекшi. Әлемдiк нарықта сұраныс көбейiп жатса, өндiрiстi 20-30 пайызға дейiн көтеруге болады деп отыр. "Бiз нарықтың бетбұрысына қарай болжам жасаймыз, қажет болса 30 мың тонна бiр-ақ өндiре аламыз", – дедi. Бұл сала жыл сайын дамып келедi десек қателеспеймiз, өйткенi өнiм көлемi 2010 жылы 17 мың тонна болса, биыл 19 мың тоннаға жеткiзу жоспарға қойылған.

Алдағы жылдары уранның жаңа қоспалары мен түрлерiн өндiру де ойда бар. Қазақстанда уранды қайта өңдеу индустриясын дамыту басымдық берiлген жоба ретiнде алға қойылған. Ендеше ядролық отын нарығында құлдырау болмайды. Мұндай мәлiмдеме жасаған халықаралық сарапшылар уран нарығында еш өзгерiс болмайды деп кесiп айтты, ал атом энергетикасын өндiретiн мемлекеттер қауiпсiздiк шараларын күшейтуден басқа шара қолданбайтыны айқын байқалуда.

МӘТIБИ МҰНАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ

Дүниежүзiлiк нарықта мұнайға сұраныс ешқашан азайған емес. Жыл өткен сайын шикiзаттық отынның бұл түрiн пайдаланушылар артып, соған орай бағасы да үнемi өсiп келедi. Алдыңғы жылдары әлемдi шарпыған қаржылық дағдарыс мұнайға сұранысты едәуiр қысқартып, бағаға да әсерiн тигiзген. Бiрақ дағдарысты еңсерген мұнай өндiрушi алпауыттар 2008 жылғы көрсеткiшке "екi елi жетпей" тұрғандарын айтуда. Жуырда ОПЕК елдерi экспорттан 1 триллион АҚШ доллар көлемiнде түсiм түсiретiнiн жария еттi.

Әлемдiк биржада мұнай бағасының құбылмалы күйi таңсық емес. Бүгiнде мұнайдың түрлi маркасы нарықта жетiп артылады, бағасы 100 доллардың ар жақ, бер жағында. Халықаралық энергетикалық агенттiктiң болжамы бойынша, 2011 жылы ОПЕК елдерi мұнай экспортынан рекордтық табысқа қол жеткiзуi мүмкiн. Дүниежүзiндегi саяси ахуалға байланысты жыл басынан берi шикiзат бағасы үздiксiз өсiп отыр. 2008 жылға дейiн қыруар қаражатқа қол жеткiзiп келген ОПЕК-тiң табысы дағдарыстан кейiн бәсеңсiген күйде едi, ендi айы оңынан туыпты. "Бұл жыл тарихи жыл болуы мүмкiн: мұнай экспортынан алдыңғы жылдары 990 миллиард доллар алып келсек, биыл триллионға жетемiз, әрине мұның бәрi мұнайға сұраныс пен баға өсiмiнiң арқасында жүзеге аспақ", – дедi ХЭА сарапшысы.

Бұған дейiн ОПЕК нарықтағы мұнай тұтынудың көлемiн зерттеп шыққан-ды. Нәтижесiнде 2011 жылы мұнай сұранысы артады, яғни күнiне 87,32 миллион баррельге дейiн болмақшы деген тоқтамға келдi. Бұл көрсеткiш былтырғымен салыстырғанда 1,2 миллион баррельге артық. Осыдан мұнай шикiзатына деген сұраныстың едәуiр артқанын байқаймыз. Бiрақ қай мемлекеттерге мұнай көптеп керек бола қалды десек, ауызға әуелi дамушы мемлекеттер түседi. Сауд Арабиясының Мұнай және минералды ресурстар министрi Әли ибн Ибрагим ан-Нуэйми кiмдерге мұнайдың қомақты көлемi қажет болғанын тiзiп бердi: "Бiз сұраныстың артқанын көрiп отырмыз. Үш аймақ бойынша шикiзатпен қамтамасыз ету көзделуде: бiрiншi аймақ – Азия, оның iшiнде Қытай мен Үндiстан. Одан кейiн – Таяу Шығыс және Латын Америкасы", – дедi. Сондықтан да ОПЕК елдерi биыл мұнай өндiру көлемiн арттырып отыр.

Нарықтағы мұнай бағасына Қазақстан да телмiрiп отыр. Елiмiздiң экспортқа шығаратын басты шикiзаты – мұнай. Сондықтан нарықтағы мұнай бағасының ауытқуы Қазақстанның iшкi жағдайына, iшкi сұранысқа, қаржы айналымы мен экономикалық өсiмге тiкелей әсер етедi. Мұнай бағасының жоғары болуы ұзаққа бармайды, жыл аяғында баррелi 100 доллардан төмен болуы ықтимал деген пiкiрдегi сарапшылар да аз емес. Елiмiздiң мұнай сапасы мен көлемiнiң ОПЕК мұнайымен теңесе алмайтыны белгiлi. Сонда да болса Қазақстан мұнай экспортын көбейтудi қолға алып отыр. Қазақстанда мұнай-газ саласында түрлi бағыттағы келiсiм-шарттар бар. Бiрi бiртұстас экономикалық кеңiстiкке қатысты, екiншiсi тәуелсiздiк тұсында шетелдiк мұнай-газ компанияларымен бекiтiлгендер. Депутаттар мұнайды үнемдi және пайдалы қолдану үшiн соңғы келiсiмдер қайта қаралуы қажет деп санайды. Бұған ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев iркiлместен: "ТШО мен Қарашығанақ бойынша келiссөздер жүрiп жатыр. Негiзi қолданыстағы келiсiмдер негiзiнде өз мүддемiздi қорғап шығуға мүмкiндiк бар. Бiрақ өнiмдердi бөлiсу туралы келiсiмдердiң Бiрыңғай Экономикалық Кеңiстiкке қатысы жоқ", – деп жауап қатты.

Бұл тұста табысқа кенелетiн тағы бiр ел бар. Ол – Ресей. Халықаралық энергетикалық агенттiк сарапшыларының айтуынша, мұнайдың баррелi 100 доллардан жоғары болып тұрса, Мәскеудiң шикiзаттан түсетiн пайдасы 100 миллиардтан 350 миллиард долларға дейiн өсуi мүмкiн. Бұл Ресей ЖIӨ-нiң 21 пайызына тең келедi. Жалпы өткен жылдың аяғы мен ағымдағы жылдың басталуы мұнай бағасының төмен болуымен есте қалды.

ЖАЛТ-ЖҰЛТ ЕТКЕН АЛТЫН-АЙ…

Бүгiнгi таңда алтынмен есептесу осыдан ондаған жыл бұрынғы жүйемен жүзеге асып келедi. "Әлемдiк қаржылық нарық үшiн алтын – бiрден-бiр сақтық шарасы. Ол "инфляциялық алаңдаушылықтан" өсiп жатыр деген бос сөз", – дейдi Sound Money шығарушысы Грег Канаван. Ақшалай валюта тұрғанда инфляция үнемi болып отырады. Инфляцияны тудыратын жүйе күйрей бастағанда, мәселен қазiр алтын өз бағасын айқын көрсетедi деген пiкiрде.

Расында 2010 жылдың соңынан берi алтын бағасы әжептәуiр көтерiлген. Халықаралық сарапшылардың мәлiмдеуiнше, оның бiрден-бiр себебi Еуроаймақтағы қарыз дағдарысы, Солтүстiк Африкадағы әскери қақтығыстардың жалғасуы мен құнды металлдар бағасының көтерiлуi болып табылады. Барлық шикiзаттың тұтынушысы Қытай дегенге тағы оралуға мәжбүрмiз. Рейтингтiк агенттiктердiң көрсеткiшi бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында Қытай 200 тонна алтын сатып алып үлгерген. Десек те Қытай iрi алтын экспорттаушы мемлекет ретiнде де көрiнiп жүр. Осы уақытқа дейiн дүниежүзi бойынша Үндiстан алтынның негiзгi тұтынушысы болып келген, бiрақ биылдан бастап алтын импорттаудан Қытаймен иық тiресiп отыр.

Қазақстан 2011 жылдың бастапқы екi айында 1909,9 тонна алтын өндiрген. Бұл көрсеткiш өткен жылға қарағанда 37 пайызға көп. Әзiрге Қазақстан алтынды шикiзаттай экспорттайтын елдер қатарында, бiрақ өңделген алтын бұйымдар мен әшекейлердiң басым көпшiлiгi импорттық тауарлар. Осы орайда Қазақстандағы алтын нарығының жағдайы еске түседi. Былтырдан берi Ресей мен Қазақстан арасын шулатып, Лондон жоғарғы сотына шағымданған "Полюс-Золото" қазақ алтынының жырын бiтiре алмай келедi. Екiжақты келiсiм бойынша "Полюс-Золото" қол астындағы KazakhGold компаниясының активтерiн Асаубаевтар әулетiне тиесiлi "ҚазақАлтын" компаниясына сатуға келiскен болатын. Оған сәйкес активтердi сатып алуға тиiс Асаубаевтар әулетi қажеттi қаражатты, яғни бастапқы транш – 759 миллион долларды таба алмағандықтан, төлеу уақыты кейiнге қалдырылды. Бiрақ қаржыны кешiктiрген отбасына "Полюс-Золото" жаңа талаптар қойып отыр. “Ендi KazakhGold активтерi биржаға – ортақ саудаға шығарылады. Қалтасы қалың кез келген компания сатып алуға мүмкiндiгi бар, бүгiнгi таңда бiрнеше ұсыныс келiп түстi”, – дейдi сатушылар.

P.S. Нарықтағы бағалы металлдардың бағасы мұздың үстiнде тұрғандай. Болмаса жел өтiне жығылған қаңбақ секiлдi. Бағаны өз ыңғайына қарай өзгерте алатын алыптардың қолын осы уақытқа дейiн дағдарыс байлап келдi. Ендi еңсесiн көтерген елдер нағыз нарықтық сауданы бастады деуге болады. Қазақстан осынау керуен көшiнен қалмай, азын-аулақ болса да өз тауарын экспорттап келедi. Ал ОПЕК сияқты алпауыттар нарықты жаппай жауласа ше?..

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары