БАҚ.kz ПОРТАЛЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

БАҚ.kz ПОРТАЛЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

БАҚ.kz ПОРТАЛЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
ашық дереккөзі
273

Қоғамдағы өзектi проблеманың бiрi – интернет желiсiнде қазақ тiлдi бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетiн арттыру. Бұл мәселенi шешу үшiн не iстеп жатырмыз дегенде, бiрiншi кезекте ойға оралатыны – былтырғы жылы тұсауы кесiлген БАҚ.kz ақпараттық порталы.

Өткен жылдың қараша айында Астанада Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиевтiң төрағалығымен "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы" тақырыбында дөңгелек үстел өткен болатын. Сол жолы алғаш рет БАҚ.kz ақпараттық порталы таныстырылды. Бұл жобаны әзiрлеудегi басты мақсат – интернет желiсiнде қазақ тiлдi БАҚ-тардың сайттарын көбейту және барлық қазақтiлдi бұқаралық ақпарат құралдарын бiр порталға топтастыру, осылайша қазақтiлдi БАҚ-тың рейтингiсiн көтеру, интернет желiсiндегi қазақтiлдi контент сапасын жақсарту болатын.

Осы мақсатта бүгiнде порталда 27 газет, 6 журнал, 3 радио, 5 телеарна, 17 электронды БАҚ айдарларға бөлiнiп топтастырылып отыр. Қазiрде оқырманның БАҚ.kz арқылы аталған ақпарат құралдарының кез келгенiне қалаған уақытта кiрiп, төрткүл дүниедегi ең соңғы жаңалықтарға емiн-еркiн қанығуына мүмкiндiгi бар. Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында портал жаңаша безендiрiлiп, жетiлдiрiлген түрмен жарық көрдi. Жаңа сайтта қазақтiлдi интернет-ресурстарды дамытудың мүмкiндiктерi қарастырылған. Блогтар бөлiмi ашылды. Аталмыш порталдың Бас редакторы Қамбар Ахметов: "Бiздiң сайт пайдаланушыларының қомақты бөлiгi шетелдегi қандастарымыз көрiнедi. Атап айтқанда, пайдаланушылар саны жөнiнен Қытайдың Үрiмшi қаласы Алматы және Шымкент қалаларынан кейiнгi үшiншi орында тұр. Бұл жайт бiздi қуантты. Келiп түскен пiкiрлерге қарап отырсақ, шетелдегi қандастарымыз бұл жобаның ашылғанына үлкен ризашылық бiлдiруде. Әсiресе шетелдегi қазақтар тарапынан "Балапан" телеарнасына жылы-жылы пiкiрлер көптеп түсуде", – дейдi.

Қазiр аталмыш портал бойынша екiншi жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол – қазақ БАҚ-ры топтастырылған қазiргi тiзiмге жұртқа танымал емес басқа да облыстық, өңiрлiк, қалалық, аудандық газеттер сайттарын тарту. Сайттары жоқ кейбiр газеттер үшiн бұл порталдың тиiмдiлiгi де бар. Өйткенi, ол газеттер үшiн порталда тегiн бет берiледi. Ғаламдық желiге қосылғысы келген газет-журнал "Аймақтық БАҚ" айдарынан арнайы бет ашуға мүмкiндiк алады. Арнайы бет дегенде, аймақтық БАҚ-қа берiлетiн беттердiң кәдiмгi газет сайттарынан еш айырмашылығы болмайды. Газеттi өз логотипiмен орналастырып, оның кезектi санын сол күйiнде, тiптi қосымша фотосуреттермен әрлеп көрсетуiне барлық мүмкiндiк бар. Ол үшiн оларға тек БАҚ.kz сайтына тiркелу процесстерiнен өтiп, бет ашуға рұқсат алса болды. Сосын газеттерiнiң әр саны жарық көрген күнi беттi жаңартып отырады.

Байланыс министрлiгiнiң жоспары бойынша алдағы екi жылда кең жолақты интернет барлық ауылға барып жетедi. Яғни ауыл халқы сол кезде ғаламторға емiн-еркiн кiруге мүмкiндiк алады.

"Бiле бiлсеңiз, веб-сайт ашқызу – газеттерге берiлген жаңа мүмкiндiк. Жасыратыны жоқ, қазiрде аудандық газеттер оқшау қалды. Оларды ешкiм елемейдi, соның кесiрiнен ауылда болып жатқан жақсы iстер аудан төңiрегiнен аса алмай қалып жатыр. Осы бетте жүре берсе, ауылға кең жолақты интернет жеткен күнi ол газеттердiң ешкiмге қажетi болмай қалуы мүмкiн. Көз алдында жүздеген ақпарат құралдары топтастырылған БАҚ.kz сияқты сайт тұрғанда жұртшылық несiне газет оқып әуре болмақ. Сондықтан да жергiлiктi басылымдар ғаламтордағы аламан бәйгеге қазiрден бастап араласып, өз орнын iздей бастауы керек", – деген пiкiр айтады Қамбар Ахметов мырза.

БАҚ.kz аудандық газеттердi таратудың ең ықпалды құралына айналмақ. Ендi қазақ жұртшылығының аудандық газеттердi де ғаламтордан оқитын күнi алыс емес.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары