АЛАКӨЛIМ ТҰРҒАНДА, АНТАЛИЯДА НЕМIЗ БАР?!

АЛАКӨЛIМ ТҰРҒАНДА, АНТАЛИЯДА НЕМIЗ БАР?!

АЛАКӨЛIМ ТҰРҒАНДА, АНТАЛИЯДА НЕМIЗ БАР?!
ашық дереккөзі
378

Қазiр Алакөл – республика деңгейiне кеңiнен танымал шипалы да дәру көл. Оның суының көптеген аурулардың алдын алатын немесе адамның жазылуына себеп болатын емдiк қасиетi мол. Оған ешкiм де талас тудыра алмайды. Елдiң де оған көп келетiнi сондықтан. Әлемде тек Канаданың Атаблеска деп аталатын көлiнiң суы ғана Алакөлмен иық тiрестiре алады екен. Су құрамының химиялық емдiк әсерi мол екенiн зерттеушiлер мен мамандар дәлелдеп отыр.

Кейiнгi жылдары Алакөлдiң Үржар аумағындағы жағалауы демалыс аймағы болып жарияланған соң, демалу шараларына арналған нысандар көптеп салынып, iске қосыла бастады. Ел Президентiнiң де бiрнеше рет келiп-кетуi жағажайдың дамуына үлкен себеп болды. Бiрақ ретсiз салынған ғимараттар шипажай сәнiн кетiрiп-ақ тұр.

Мәселен қырғыздың Ыстықкөлiнiң жағасында 22 курорты бар, Ресейдiң Байкалының (негiзгi Байкөл) жағалауы жақсы дамыған. Келiп жатқан туристерге де, демаламын деушiлерге де қолайлы жағдай жасалған. Бiрақ солай бола тұра, суының дәрулiгi мен шипалығы жағынан ол Алакөлден әлдеқайда әлсiз. Бұл – шындық. Жағалауға демалушылармен бiрге ем қабылдаушылар да кейiнгi жылдары өте көп келетiн болды. Дегенмен көл жағасы соңғы жылдары жинақыланып, тазалау жұмыстары белсендi жүргiзiлуде. Көл жағасының көркемдiгi де бiршама жақсара түстi. Алакөл жағалауын бекiту жұмыстарына республикалық бюджеттен 327443 мың теңге бөлiнiп, тиiстi жұмыстар әлi де жүргiзiлiп жатыр. Аудандық бюджеттен бөлiнген қаржы есебiнен мектеп оқушылары мен балалардың денсаулығын нығайту, жазғы демалыс уақыттарын ұтымды ұйымдастыру мақсатында Алакөл жағалауында бiрнеше демалыс үйi салынып, пайдалануға берiлдi. Нәтижесiнде жазғы демалыс маусымында 1500-ден астам оқушының көл жағалауында денсаулықтарын түзеп, демалуларына мүмкiндiк жасалды.

Үржар ауданына келген iссапары кезiнде, оқушылардың көл жағалауындағы демалыс үйлерiн көрген облыс басшысы Бердiбек Сапарбаев бұл бастаманы өте жоғары бағалап, Алакөл жағалауында осындай балалар демалыс орындарын салу жөнiнде облыстың барлық аудандарына ұсыныс бердi.

Аталған ұсыныс қолдау тауып, облыстың бiрнеше аудандары Алакөл жағалауынан жер алып, балалар демалыс үйлерiн салуды жоспарлап отыр. Болашақта қазақтың ғажайып "Артегi" болады десек, қателеспеймiз.

Қазiр Алакөл жағалауында демалушыларға арналған 62 қонақ үй бар. Бәрi де келгендерге тамаша қызмет көрсете бiледi.

Демалу ақысы тәулiгiне әрi кеткенде – 2 немесе 3 мың теңгеден. Бұл арада кәсiпкерлiк кейiнгi жылдары қанатын кеңге жайып, өсiп-өркендеуде. Келгендерге сапалы қызмет көрсету де жоғары деңгейде дамып келедi. Мысал ретiнде Омаралиновтың "Әйгерiм" атты демалыс үйi, Ә.Қаңтарбаевтың "Алакөл", А.Тұрғанбаевтың "Дорожник" демалыс үйлерi халыққа сапалы қызмет көрсетудi дәстүрге айналдырды.

Былтырғы жылы өңiр кәсiпкерлерiнiң "Әмина", "Рассвет" демалыс үйлерi iске қосылды.

Алакөл жағалауын көрiктендiру мақсатында "Жол картасы" бойынша 7 миллион теңге бөлiндi. Оның 1 миллион 315 мың теңгесi жергiлiктi бюджеттен және 5 млн. 685 мың теңгесi республикалық бюджеттен белгiленiп, екi жыл қатарынан ауқымды жұмыстар атқарылып келедi. Сондай-ақ жағалауды дамытуға атсалысып жатқан жеке кәсiпкерлерге қолдау мен көмек ел өмiрiне қалтқысыз қызмет етудiң бiрден-бiр кепiлi деуге болады.

Қолда барда алтынның қадiрiн бiлейiк!

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

Үржар ауданы, Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары