ЭЛЕКТРОНИКА ӨНДIРIСI КIДIРIП ТҰР

ЭЛЕКТРОНИКА ӨНДIРIСI КIДIРIП ТҰР

ЭЛЕКТРОНИКА ӨНДIРIСI КIДIРIП ТҰР
ашық дереккөзі
155

Жапония аралдарын тiтiренткен зiлзаланың зардаптары ендi байқалып жатыр. Көптеген өндiрiс орындарының жұмысы тоқтап, ел экономикасына елеулi зиянын тигiзуде. Дүниежүзiне сапалы техниканың түрлерiмен танымал Жапонияның экономикасы да өндiрiстiң осы саласының арқасында күн көрiп келген. 11 наурызда болған жер сiлкiнiсiнен кейiн әлемдегi iрi автоконцерндер – Nissan, Honda, Toyota құрастырушы зауыттары жабылып қалды.

Автокөлiк өндiрiсi бойынша Жапония дүниежүзiнде көшбасшы атанып, осы бiрiншiлiктен 15 жыл қатарынан мызғымай келедi. Әлемдегi автокөлiк өндiрiсiнiң 12 пайызы – Күншығыс елiнiң үлесiнде. Ендi адам шығыны мен кәсiпорын шығындарына белшеден батқан Жапонияда iрi өндiрiстiк зауыттар, ауыр және жеңiл өнеркәсiп орындары да тоқырап тұр. "Ниссан" автоконцернiнiң 4 зауыты жабылған, ал "Хонда" компаниясының бүгiнгi таңда автомобиль құрастырушы 2 зауыты жабық тұр. Аталмыш кәсiпорындардың қашан iске қосылатыны белгiсiз, себебi автобөлшектер жасайтын ұсақ зауыттар да әлi қалпына келтiрiлмеген.

Дүниежүзiне тегiс таныс Toyota Motor Corp. автоконцернiне бәрiнен де қиын соққан сияқты. Жапония экономикасының 40 пайызын осы компания кiрiстерi құрайды екен. Бүгiнде Yaris және экспортқа шығарылатын Scion модельдерi құрастырылатын 4 зауыт жабылып қалды. Есесiне Toyota екi зауытты iске қосып, есiн жиып алды.

Алайда аталмыш концерннiң әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi филиалдары тоқырау үстiнде. Оларға Жапониядан тасымалданатын атвобөлшектер жетiспегендiктен, өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Күншығыс елiндегi кiдiрiстен басқа мемлекеттердегi өндiрiстiң бiразы ойсырап қалған. АҚШ-та жапониялық алпауыт концерннiң 10 зауыты орналасқан болса, қосалқы бөлшектердiң 15 пайызы Жапониядан тасымалданады. Солтүстiк Америкадағы Toyota зауыттарының барлығы жабылған. Бұл кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн 25 мың жұмысшы уақытша босатылды. Олардың жұмысқа қай уақта оралатыны әзiрге белгiсiз. Associated Press агенттiгiне мәлiмет берген аталмыш компанияның ресми өкiлi Майк Госс бiрде-бiр жұмысшының босатылмайтынын, зауыт ашылғанда жұмысқа қайта шақырылатынын жеткiзiп әлек.

Қалыптасқан жағдайдан соң әлемдегi автокөлiк бағасы шарықтап шыға келдi. Бұған дейiн 2011 жылы Toyota 7,7 миллион көлiк жасауды мақсат тұтқан едi. Сондай-ақ аталмыш концерн Жапониядағы өндiрiстi 5 пайызға, яғни 3,1 миллион көлiкке қысқартып, шетелдегi өндiрiстi ұлғайтуды жоспарлап қойса керек.

Дүниежүзiн жаулап алған жапондық дайын электронды техника мен қосалқы бөлшектер дәп қазiр нарықта тапшы. Жалпы техника нарығында баға күрт өсiп кеткен. Электроника зауыттарына электр энергиясы тартылмауы және логистикалық тасымалдың салдарынан жұмысы кiдiрiп тұр.

"Түркiстан-ақпарат"

Серіктес жаңалықтары