САЙЛАУДА БЕЛСЕНДIЛIКТI КӨРДIМ
САЙЛАУДА БЕЛСЕНДIЛIКТI КӨРДIМ
3 сәуiрде өткен Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауына байқау жүргiзу үшiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясының мандатымен Қырғыз Республикасының бiр топ халықаралық байқаушылары Тараз қаласында және Жамбыл облысында, Оңтүстiк Қазақстан облысының Түркiстан қаласында және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болып қайтты.
Қырғызстаннан барған байқаушылар тобының жартысы Тараз қаласында қалып, қалған бөлiгi Шымкент қаласына қарай жол тартты. Осы топтың сапары өте сәттi болды деп айтсақ, жаңылыспаспыз. Өйткенi жергiлiктi әкiмшiлiктiң жауапты қызметкерлерi қырғызстандықтардың бұл тобына арнап мәдени бағдарлама әзiрлеген екен. 2 сәуiр күнi халықаралық байқаушылар Отырар ауданындағы Арыстанбап кесенесiне зиярат жасаған соң, Түркiстанға ат басын тiреп, Қожа Ахмет Ясауи тарихи ескерткiшi кешенiн аралап көрдi. Арыстанбаптың және Қожа Ахмет Ясауидiң өмiрi және қызметтерiнен үстiрт қана хабардар қырғызстандық азаматтардың бұл қасиеттi орындардан алған әсерi мол. "Қазақстан Президентiн сайлау науқанының шарапатымен осындай ғажап мекендi көргенiмiздiң өзi бiр ғанибет", – дедi олар.
3 сәуiрде таң құланиектене байқаушылар тобының тағы бiр бөлiгi Жаңақорған ауданына жөнеп кеттi де, мен түркiстандық топпен бiрге қаладағы бiрнеше сайлау учаскесiнде болдым. Сайлау учаскелерiнiң көпшiлiгi оқу орындарының, мектептердiң ғимараттарында, кейбiреулерi спорт залдарында жайғасыпты. Сайлаушылардың топ-топ болып толассыз келiп жатқанының куәсi болдық. Мектептерде оқушылардың күшiмен концерт қойылған екен, бұл жағдай сайлауға мерекелiк рең берiп, оның салтанатын арттырып тұрды. Қаланың № 235 учаскесiнде тiркелген сайлаушылардың белсендiлiгi бiздi таң қалдырды. Сағат 11-ден 10 минут өткенде 2060 сайлаушының 1150-i дауыстарын берiп үлгерiптi. Осы учаскенi дауыс беру уақыты аяқталғанда, сағат 20.00-де тағы барып көрдiк. Сайлаушылардың 99 пайызы дерлiк дауыс беруге қатысыпты.
Қырғыз Республикасының Орталық Сайлау Комиссиясына қарасты Шу облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, халықаралық байқаушы Тургунбек Молдобаев Түркiстан қаласындағы бiр ғана учаскеде бюллетень қағаздарының 10 данасы сәйкес шықпай қалғандығын айтып, бюллетень қағаздарын қайта тексерудi ұсынды және нәтижесi тура шықса, мұның кемшiлiк болып есептелмейтiнiн ескерттi.
3 сәуiр күнi "Түркiстан" қонақ үйiнде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының екi байқаушысымен жолығудың сәтi түстi. Олар қатты шаршағандықтарын айтып, сайлаудың қандай деңгейде өткендiгi жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiргiсi келмедi. Ертеңiне миссия басшысы Даан Эвертстiң мәлiмдемесiн оқып, миссия өкiлдерiнiң қандай мақсатты көздегендерiн байқадық.
ТМД елдерiнiң байқаушылар миссиясының атынан Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болып, сайлаудың барысын байқап қайтқан Қырғыз Республикасының Орталық Сайлау Комиссиясының мүшесi Абдумомун Мамараимов аудандағы сайлау учаскелерiнде елеулi кемшiлiктердiң байқалмағанын айтты. "Барған жерлерiмiзде көңiлiмiздi қатты бұрған нәрселер – ең бiрiншiден, сайлаушылардың белсендiлiгi, бұл түске дейiн анық байқалып тұрды. Екiншiден, адамдар сайлау учаскелерiне мерекелiк сән-салтанатқа қатысқандай келiп-кетiп жатты. Кейбiр ауылдарда сайлау учаскесiнен шығып, ұзап бара жатқан адамдардың өзара сөздерiнен қазiргi Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергендерiн байқап та қалдық.
Дегенмен сапар барысында жолдың қапталдарында сайлаудың қай күнi өтетiнi жөнiнде құлақтандырулар аз болды да, заңға сәйкес сайлауға бiр күн қалғанда үгiт-насихат тақталарын алып қою ескерiлмегенi көзге шалынды.
Сайлау учаскелерiнде, негiзiнен "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының өкiлдерiн көрдiк. Бұл әрине, басқа партиялардың осындай жауапты науқанға енжар қарағанының айғағы болса керек", – дедi А. Мамараимов.
Ал ТМД елдерiнiң байқаушылар миссиясының мандатымен халықаралық байқаушы қызметiн атқарған Қырғыз Республикасының Орталық Сайлау Комиссиясына қарасты Бiшкек қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Чокон Аламанов Тараз қаласында он үш сайлау учаскесiн аралап көрiп, бiрде-бiр тәртiп бұзушылықтың байқалмағанына дән риза болғанын жеткiздi. "Мен қаладағы №46 сайлау учаскесiнде сағат 20.00-ден кейiн дауыс берудiң нәтижесiн шығарғанын өз көзiммен көрдiм. Мұнда тiркелген 1419 сайлаушының 24-i ғана әлдебiр себептермен дауыс беруге келе алмапты. Қатысқандардың 93,46 пайызы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берген. Сайлау учаскесiнiң комиссия мүшелерiнiң өз iстерiне үлкен жауапкершiлiкпен қарайтындықтарына тәнтi болдым. Мысалы 23 адам бюллетеньдегi шаршы жақшаға қосу және үлкен нүкте белгiсiн сызып кетiптi. Халықаралық байқаушы қатары мен қосу белгiсiнiң жақтауды бiлдiретiнiн айтып, ұсынысымды бiлдiрдiм, бiрақ комиссиядағылар мұның сайлау ережесiне сәйкес келмейтiнiн дәлелдеп, бюллетеньдердi бүлiнген деп тапты".
Қысқасы, бiз өзiмiз барған жерлерде сайлаудың ашық-айқын өтiп жатқанының куәсi болдық, сайлау таза демократиялық ұстаным талаптарына сай өттi.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi