САЙЛАУШЫҒА АЙТАР СӨЗIМ БАР...

САЙЛАУШЫҒА АЙТАР СӨЗIМ БАР...

САЙЛАУШЫҒА АЙТАР СӨЗIМ БАР...
ашық дереккөзі
475

Бүгiнде бiздiң халық барды бағалай бiлетiн ой-санасы жоғары деңгейде. Егемендiгiмiздi алғалы берi жұдырықша жұмылып, "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол" шығарып келемiз десем, асыра сiлтегенiм емес. Даңғаза, у-шудан аулақпыз. Президентiмiз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында төрткүл дүниеден лайықты орнын тапқан зайырлы мемлекетпiз.

Өзiм әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн топтанмын. Бiрақ өз ортасында тiсiн қайрап жүргендердi кездестiрмедiм. Бала-шағаларының, ұрпағының бейбiт өмiр сүрiп жатқандығына шүкiршiлiк айтып, дән риза. Күн өткен сайын қала мен ауылдың әлеуметтiк жағдайы теңесiп келедi. Студент жастар "Дипломмен ауылға" ұранымен қаруланып, ауыл жағдайын көтеруге бет бұруда. "Нұрлы көш", "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы нәтижесiнде соңғы жылдары көптеген бiлiм ұялары есiк ашып, ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталып жатыр. Өндiрiс орындары iске қосылып, жұмыс көзi ашылуда. Мұның бәрi елiмiздiң бүгiнгi саясатының нақты жемiсi!

Елбасы биылғы халыққа жолдауында мемлекеттiк тiл мәселесiне айрықша көңiл бөлдi. 2020 жылға дейiн халықтың 95 пайызы мемлекеттiк тiлде таза сөйлейтiндiгiне екпiн түсiрдi. Жарқын болашағын ойлайтын әр азамат "Ерiнiң сағын сындырған ел мұратқа жетер ме" деген Әйтеке бидiң өрелi сөзiн еске алып, елiн сүйген Елбасыға дауыс бередi деп сенемiн.

Өзипа ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ,

"Мемлекеттiк тiлге құрмет" бiрлестiгiнiң хатшысы

Серіктес жаңалықтары