ҒАЛАМДЫ ӨЗГЕРТЕТIН СОҒЫС

ҒАЛАМДЫ ӨЗГЕРТЕТIН СОҒЫС

ҒАЛАМДЫ ӨЗГЕРТЕТIН СОҒЫС
ашық дереккөзі
513

Араб елдерiндегi басшылардың көпшiлiгi билiк басына елдегi төңкерiстер нәтижесiнде келген. Бiрақ бұл жолғы төңкерiстердiң төркiнi басқада екенiн әркiм-ақ түсiнедi. Себебi араб елдерiндегi толқулар әлемнiң ақпараттық майданның бел ортасында екенiн әйгiлеп бердi. Қайсыбiр нақты саяси ұйым немесе партияның мұрындық болуынсыз-ақ интернеттегi әлеуметтiк желi арқылы жасалған ақпараттық шабуыл бiрнеше мемлекеттегi саяси жүйенi өзгертiп, саяси оқиғалардың ретсiз, жүйесiз дамуына жол бердi.

БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесi 27 ақпанда Ливияға қатысты санкциялық резолюция қабылдады. Санкция Ливия басшысының шетелдiк сапарларына тыйым салу, шетелдiк есеп-шоттарын жабу, құлыптау, бұл елге қару-жарақ сатуға тыйым салу т.б. шараларды қамтиды.

Ал наурыз айының басында БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесi Ливияға әскер кiргiзуге рұқсат бердi. Бiрақ АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның әскери-әуе күштерi Ливияны бомба астына алысымен, бұл әрекеттiң дұрыстығына күмән келтiргендер қатары күрт өстi.

Әлем тағы бiрнеше лагерьге жарылуға жақын сияқты. Ресей, Қытай, Оңтүстiк Африка мен Үндiстан мемлекеттерi Ливиядағы соғысты тоқтатуды талап етуде. Әзiрге бұл тек дипломатиялық талап. Каддафидiң саяси жүйесiне қарсы елдердiң өзi батыстық интервенцияны суық қабылдады.

Жалпы, Ливиядағы азаматтық соғысқа ұқсайтын қақтығыстар көптеген сарапшылар үшiн тосын жайт болды.

Көршiлес Тунис пен Египетте болған саяси төңкерiстер ел басшыларын тақтан тайдырса да, тап осы жағдай Ливияда қайталанады деген ой ешкiмнiң басына келмеген. Мұның басты себебi Солтүстiк Африка елдерiнiң iшiнде Ливиядағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай анағұрлым жақсы болатын.

Муамар Каддафи Ливияны 41 жылдан берi басқарып келедi. Ақпан айының орта шенiнен бастап елде Каддафидiң билiктен кетуiн талап еткен толқулар басталды. Бұл елдегi қақтығыстар салдарынан 6 мың адам көз жұмған. Кикiлжiңдер нәтижесiнде Ливия Каддафиге бағынатын Батыс пен оппозицияның ықпалындағы Шығысқа бөлiнiп, екiге жарылды.

Ливияның ЖIӨ 2008 жылы 88,86 млрд. доллар, яғни жан басына шаққанда Солтүстiк Африкадағы бес араб мемлекеттiң iшiнде бiрiншi орында (14,4 млрд. доллар) болған. Бұл елдегi орташа айлық – 1 мың доллар. Ал жаңа дүниеге келген балаға берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы – 5 мың доллар. Медицина және бiлiм беру iсi толықтай тегiн. Муамар Каддафи елдегi сауатсыздықты жоюға еңбек еттi, ерлер мен әйел құқықтарын теңестiрдi. Әлемдегi тұңғыш тек әйелдерге арналған әскери училище Ливияда ашылды. Мемлекет жыл сайын әр отбасындағы бiр бозбаланың немесе бiр бойжеткеннiң шетелде оқуына қаржы бөледi. Әрбiр ливиялық отбасы мемлекет есебiнен баспаналы болуға құқылы. Тұрмыстық газ бен жанар-жағар май мемлекет белгiлеген арзан бағаға сатылады. Ливия тұрғындарының орташа жасы 77,47 жас (әйелдер – 79,88, ерлер – 75,18). Мұның бәрiн Каддафидiң еңбегi демеске лаж жоқ.

Ливия ресми түрде кедейшiлiктi өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарында жойды. Қоғамда кедейлер, үйсiздер, мен жұмыссыздар қалмады. Бүгiнде әлеуметтiк теңсiздiк жоқтың қасы, сiңiрi шыққан кедейлер де, саясатқа араласатын олигархтардың да қарасы көрiнбейдi. Мұнай кенiштерi мемлекеттен жеке азаматтардың қолына өткен, Норвегия мен Сауд Арабиясында қарапайым азаматтар мұнай сатудан түскен пайдадан үстеме алса, Ливияда олар пайда тауып қана қоймай, көптеген азаматтар мұнай кенiштерiнiң қожасына айналған.

Басқаша айтқанда, Ливиядағы оқиғалардың төркiнiн тек қана әлеуметтiк-экономикалық қиындықтардан iздеу қисынға келмейдi. Керiсiнше, бұл елдегi соғыс халықтың әлеуметтiк жағдайы жақсарған сайын, оның талап-тiлегi де күшейе түсетiнiн көрсетiп бергендей. Тұрмыстық игiлiктерге ие болған азаматтар өздерiнiң азаматтық, саяси бостандықтары мен құқықтары арта түскенiн қалайды.

Ливиядағы жағдай дүниежүзiнде жасырын ақпараттық соғыстың жүрiп жатқанын әшкерелеп бердi. Көптеген ақпараттық және әлеуметтiк интернет желiлер бiр-бiрiне қарама-қайшы мәлiмет таратты. АҚШ мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон 1 наурызда БҰҰ Адам құқықтары жөнiндегi кеңесiнiң 16-сессиясында сөйлеген сөзiнде: "АҚШ-тың қолында Ливияның әскери-әуе күштерiнiң бейбiт халықты бомбалауы туралы нақты да дәйектi дерек жоқ", – деп мәлiмдедi. Дегенмен де нақты ақпараттың жетiмсiздiгi АҚШ, Британия, Франция сияқты мемлекеттердi оппозиция жағына қолдау көрсетуден айныта алмады.

Әлi де әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдары Ливиядағы жағдайға байланысты қарама-қайшы ақпарат таратып келедi. Каддафидiң өзi бiр жолы былай деген: "Әлемдегi өркениеттi мемлекеттердiң бiр де бiреуi ешуақытта қалаларда емiн-еркiн сайран салған, мұздай қаруланған бандиттердi, кен орындары мен зауыттарды жаулап алушы террористердi құшақ жайып қарсы алмайды. Демократиялық бостандықтарды талап ету мен террористердiң елдi қарудың күшiмен жаулап алу талпынысы – бiр-бiрiне қатысы жоқ, оларды шатастырудың қажетi жоқ".

17 наурыз күнi Муамар Каддафидiң Францияның "Фигаро" басылымына берген сұхбаты жарияланды. Полковник Каддафи Тунис пен Египетте төңкерiстер болмаған деп есептейтiнiн, ал өз елiнде халқының өзiн қолдайтынына сенiмдi екенiн айтады: "Мен әуелгiде бұл елдерде халықтық төңкерiс болып жатқан шығар деп ойлағанмын. Бiрақ көп ұзамай-ақ көңiлiм қалды. Мен адамдар шын мәнiнде өз елiндегi саяси жүйенi өзгертiп, ливиялық Джамахирия моделiн құруға ынталы екен деп ойладым. Ал нәтижесiнде бiз билiктiң бiр президенттен екiншi президенттiң қолына көшкенiн, бұрынғы министрлердi жаңа министрлер ауыстырғанын көрiп отырмыз. Басқаша айтқанда, оларда нағыз төңкерiс болған жоқ".

Журналист пен Каддафи арасындағы әңгiме-сұхбаттың бiр үзiгi:

"41 жылдан соң орныңызды басқа адамға берiп, қызметтен кету туралы ой келген жоқ па?"

"Менiң саясатқа да, билiкке де ешқандай қатысым жоқ. Одан бас тартатындай қолымда билiк жоқ. Орын босататындай менде қызмет те жоқ"

"Сонда елдi кiм басқарып отыр?"

"Халық, Жалпыға ортақ конгресс, халық комитеттерi…" дейдi полковник.

Батыстық сарапшылар араб елдерiндегi толқулардың түп себебi адамдардың өзгерiстi тiлеуiнде деп санайды. Ұлыбританияның "The Independent" журналында кешегi аптада "Бiз бiлетiн әлемнiң күйреуi" атты талдау мақала жарияланды. "Жұмыссыз жастар – ең басты факторлардың бiрi. Статистикаға қараңыз, қазiр шеру жүрiп жатқан кез келген мемлекет халқының 35-40 пайызы жасы 25-ке жетпеген жастар екенiмен мақтана алады, ал осы жастардың 20 пайызы жұмыссыз", – дейдi мақала авторы Эдриан Хамильтон.

Ал қарапайым британдықтардың денi ағылшын үкiметiнiң Ливиядағы саясатын қолдамайтын сияқты. Осы орайда, Ұлыбританияның "The Guardian" газетiнде жарияланған Саймон Тисдоллдың "Ливиядағы интервенция бойынша консенсус тоқырауға ұшырады" деген мақаласында жазылған мына ойда өзек бардай көрiнедi: "Британия мен Франция бұл әлемдiк сынға қолын бiр-ақ сiлтесе де болар едi, кәрi тарих үшiн батыс державаларының мұндай мiнезi таң емес. Бiрақ бүгiнде олардың өмiрiне қиындық туғыза алатын кейбiр өте ықпалды мемлекеттер оларға қарсы топтаса бастады. Соғыс неғұрлым созыла түскен сайын, соғұрлым көп адам көз жұмады, соғұрлым бұл жағдайды елемеу қиынға соқпақ".

Әлем шынымен де үлкен өзгерiстiң алдында…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары