Сайлау – 2011
Сайлау – 2011
Елiмiздiң табиғаты өте сұлу. Жұртты таң-тамаша қалдыратын әсем жерлерге бай болсақ та, отандық туризмдi қолдау жағы әлi кемшiн түсiп отыр. Бұл мәселе талайдан берi күн тәртiбiндегi мәселеге айналғанмен нақты қадамдарға ендi аяқ басқандаймыз. Бiр-екi күндiкте ел аумағындағы табиғи қорықтардың басшылығы мен отандық туроператорлар бiр үстел басына жиналып, қазақтың бай қазынасын қаз-қалпында қалың жұрттың назарына бiрлесе ұсынатын болып уағдаласты. Табысы мол туристiк индустрияның дамуын тежеп келген тараптардың ортақ мәмiлеге келуi құптарлық жайт. Ең бастысы, отандық экотуризмнiң өрiсi кеңейтiлетiн болды.
Қазақстан Президенттiгiне үмiткер "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов: "Бiзде қорғауға алатын жерлер көп. Туристер ол жерлердi көру үшiн барады. Туризмдi дамытсақ, мемлекетке үлкен пайда түседi", – дейдi. Мэлс Елеусiзов – талай мәрте регата ұйымдастырып, Iленi бойлай Балқашқа дейiн қайықпен жүзiп барған эколог. Ол үкiметтiң бастамасын қолдағанмен, туризмдi дамытамыз, ақша табамыз деп жүрiп қоршаған ортаға залал келтiрiп алмауды, сондай-ақ жабайы тiрлiкке үйренген жануарларды шошытып, "Қызыл кiтапқа" енгiзiлген сирек өсiмдiктердi түбегейлi жойып алмау керектiгiн баса айтады.
Iле-Алатау мемлекеттiк ұлттық табиғи паркiнiң қызметкерлерiмен кездескен үмiткер Мэлс Елеусiзов осындай қорықтардың санын арттырып, табиғи парктердiң қызметкерлерi халықтың экологиялық мәдениетiн арттыруға атсалысқаны абзал екендiгiн жеткiздi. Бұдан соң президенттiкке үмiткер Алматы қаласы Түрксiб ауданы тұрғындарымен жүздесiп, сұрақтарға жауап бердi.
Қазақстан президенттiгiне үмiткер Ғани Қасымов Талғар қаласында орналасқан штаб пәтерiнде жергiлiктi халықпен кездесiп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Генералдың саяси тұғырнамасында әлеуметтiк-саяси жағдайға көп көңiл бөлiнген. Жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер мен ардагерлердiң лайықты өмiр сүруi және қаржылық төлемдермен толық қамтамасыз етiлетiндiгi айтылған. Ол президент болған күнде мемлекет өзiнiң барлық азаматтарына мейлiнше қамқорлық пен қолайлы жағдай жасау қажеттiгiн айтады. Мүгедектерге төленетiн төлемдер, арнайы мемлекеттiк жәрдемақылар мен зейнетақылар қайта қаралатын болады. Ғани Қасымов "Нұр" отбасылық балалар үйiнiң де бүгiнгi ахуалымен танысты. Қайырымдылық негiзде құрылған балалар үйiнде бүгiнде 110 бала тәрбиеленуде. Оның 80-i студент. Ал бұған дейiн бұл жерден 300-ге жуық жасөспiрiм тәрбиеленiп шыққан. "Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындарға көмек көрсетiп, қол ұшын беруiмiз қажет. Олар – бiздiң болашағымыз. Өзiмнiң сайлауалды бағдарламамда зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және жетiм балалардың мәселелерiне баса назар аудардым. Бұған тек қана мен емес, бүкiл қоғам болып атсалысуымыз қажет", – дедi президенттiкке үмiткер Ғани Қасымов. Ол кешкiсiн Алматы қаласының тұрғындарына арнайы концерттiк бағдарлама ұйымдастырып, эстрада әншiлерiмен бiрге сахнада ән салды.
Ел Президенттiгiнен үмiткер Жамбыл Ахметбеков бүгiнге дейiн Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарында болып, қарапайым халықпен, құрылысшылармен, қарттар мен балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiмен кездесулер өткiзiп, өзiнiң сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Жұмыссыздықпен күресу, коммуналдық төлем тарифтерiнiң өсуiн ауыздықтау, дипломы бар дайын мамандарды жұмыс орнымен қамтамасыз ету – үмiткердiң бағдарламасындағы негiзгi үш бағыт.
Бүiнде Қазақстан коммунистiк халықтық партиясына мүше адамдардың саны 5 мыңға көбейiп, бас-аяғы 80 мыңға жеттi. Бұл туралы коммунистер саяси партиясы атынан Қазақстан президенттiгiне үмiткер ретiнде тiркелген Жамбыл Ахметбеков ТМД бақылаушыларының өкiлi Олег Кулебамен кездесуiнде қуана жеткiздi.Үмiткердiң пайымына қарағанда, коммунистiк партия қазiр саяси аренадағы салмақты күшке айналып отыр. Қызыл байрақты ту еткендер парламенттiк сайлауда да бақтарын сынап көрудi жоспарлауда. ТМД елдерi атынан келген бақылаушылар миссиясының: "Үгiт-насихатыңыз кемшiн түсiп жатқан жоқ па?" деген сұрағына, үмiткер Жамбыл Ахметбеков: "Барлығы материалдық мүмкiндiк шеңберiнде жүзеге асып жатыр. Сондықтан бұл заңдылықтың бұзылғаны деуге негiз жоқ сияқты", – деп жауап қайырды. Мұның алдында Жамбыл Ахметбеков Австрияның "ORF" телеарнасына сұхбат бердi. Үмiткер әңгiме барысында саяси тұғырнамасының мақсатын тарқатып айтты. Ол бағдарламасының ең алдымен өз отандастарының мәселелерiн шешуге бағытталғанын нақтылады.
P.S. Президенттiктен үмiткерлер тiкелей эфирге шығып, тiлшiлердiң сұрағына жауап бердi. Өзге қарсыластарынан гөрi алғашқы болып тiкелей эфирге шыққан Мэлс Елеусiзов ел аумағындағы бұлақтарды қорғау шарасын өткiзбек ниетте.
Сайлауға санаулы күндер қалды. 1 сәуiр күнi сағат 24.00-де барлық насихат жұмыстары тоқтатылады. 2 сәуiр – тыныштық күнi. Жексенбi, 3 сәуiрде қазақ елi маңызды шешiм қабылдап, дұрыс таңдауын жасайды.
Дайындаған Тоғжан ТӨЛЕГЕН