СПИКЕР ДАҢҒАЗАЛЫҚҚА САЛЫҚ САЛМАҚШЫ

СПИКЕР ДАҢҒАЗАЛЫҚҚА САЛЫҚ САЛМАҚШЫ

СПИКЕР ДАҢҒАЗАЛЫҚҚА САЛЫҚ САЛМАҚШЫ
ашық дереккөзі
327

Бүгiнде әлемде миллиардерлер мен миллионерлер күн санап артуда. Әдемi көлiк, сәндi өмiрге әуес жандар өздерiнiң қоржынын көбейтпесе, азайтқан емес. Кейбiр елдер миллиардер тұрғындарының арқасында жаһанға танылуда. Ал Ресей бұдан былай байларды тiзгiндеудi мықтап қолға алуды жоспарлайтын сияқты.

Ресей парламентi елде байлардың шамадан тыс көбеюiне алаңдауда. Әлемде қиын-қыстау жағдай орын алса да, орыс байларының мұртын балта шаппаған сияқты. Өткен аптаның соңында Ресей Федерация кеңесiнiң спикерi, "Справедливая Россия" партиясының лидерi Сергей Миронов даңғазалыққа салық енгiзудi кезектi рет ұсынды. "Справедливая Россия" партиясының өкiлдерi мұндай салықты енгiзу қажеттiгiн бұған дейiн де меңзеген едi. Тiптi партия бұған қатысты өз заңнамасын шығарып, Госдумаға ұсыныпты. Дегенмен "Единая Россия" партиясынан шыққан көпшiлiк мұндай салықты енгiзуге үзiлдi-кесiлдi қарсы. “Мұның жауабы маған түсiнiктi де: жұмыс берушiлер мен байлардың партиясы бар күшiн салып миллиардерлердiң капиталын қорғауда", – деп мәлiмдедi Сергей Миронов.

Спикердiң бар жан-тәнiмен даңғазалыққа салық енгiзуге мүдделi болуының себебi де бар. Кезектi рейтингке сәйкес Мәскеу миллиардерлердiң саны жағынан әлемде тағы да көшбасшы орынға ие болыпты. Спикердiң пайымдауынша, бүгiнгi таңда Мәскеуде 79 миллиардер бар екен. Ал жалпы Ресей миллиардерлерiнiң саны жағынан өткен жылы әлемде 62-шi орынға табан тiреген. Әлемдi дағдарыс дертi жайпап, АҚШ байлары бiрте-бiрте миллиондарынан айырылған биылғы жылда дәл осы көрсеткiш бойынша Ресей 101-шi орынға жайғасыпты. Миронов мұндай көрсеткiш елге керi әсерiн тигiзетiнiн айтып бағуда. Оның айтуынша, елде миллионерлер мен миллиардерлердiң саны неғұрлым өскен сайын, кедей азаматтардың да саны соғұрлым артып жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ "Справедливая Россия" партиясының лидерi: "Даңғазалыққа салық салу елдегi көптеген әлеуметтiк мәселелердiң түйiнiн шешуге оң әсер етедi" – деген сенiмде. Алайда Мироновтың партиясы ұсынған заң жобасы Госдуманың қатаң сынынан өте ме, жоқ па, ол жағы белгiсiз. Бәлкiм әдiлеттi заң жобасы қолдау таппай, Госдуманың қабырғасында шаң басып қалар, кiм бiлсiн?!

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары