АҚ ҚАЛПАҚ КИГЕН ҚЫРҒЫЗДАР

АҚ ҚАЛПАҚ КИГЕН ҚЫРҒЫЗДАР

АҚ ҚАЛПАҚ КИГЕН ҚЫРҒЫЗДАР
ашық дереккөзі
383

Қырғызстанға келген бiр сапарында қазақ халқының ардақты ақыны Әбдiлда Тәжiбаевты қырғыз зиялылары құрметтеп, үстiне шекпен, басына ақ қалпақ кигiзiптi. Сонда Әбекең:

"Басыма кидiм ақ қалпақ,

Оюлап шетiн сырғызған.

Менiң де бетiм жап-жалпақ,

Айырмам қайсы қырғыздан?" –

деп басталған "Ақ қалпақ" атты әзiл өлеңiн жазған екен. Содан берi алпыс екi жыл уақыт өтiптi. Қазақ пен қырғызға ортақ ұлттық бас киiм болған қалпақтың арғы тарихын қаузамай-ақ, сол алпыс жылдан бергiсiн айтсақ, қырғыздар ақ қалпақты бастарынан түсiрмей киiп келедi. Биылғы наурыз айы бұл тұрғыдан алып қарағанда ерекше болды. Наурыздың алғашқы күндерiнде бiр топ мәдениет қайраткерлерi және студенттер бастама көтерiп, оны кейбiр мемлекеттiк мекемелер, Қырғыз Республикасының Жастар iсi жөнiндегi министрлiгi қолдап, 5 наурызды Қырғызстанда Ақ қалпақ күнi болсын деп жариялап жiбердi. Бұл жақсы жоралғыны Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбеков те қуаттап, дәл сол күнi депутаттардың жұмысқа ақ қалпақ киiп келуiн сұрады. Сөйтiп, 5 наурызда Қырғызстанда елдiң бәрi ақ қалпақ киiп, бiр-бiрiн құттықтасып, бұл күндi ұлттық бас киiмнiң мерекесiне айналдырды. Ал ендi Жалалабад облысындағы Ақсы ауданының орталығында өткен Ақ қалпақ күнiне арналған iс-шарада ауданның әкiмшiлiгiнiң басшысы К.Өмүрбеков ауданда ақ қалпақ киiп жүрудiң бiр айлығын жариялады.

Ош облысының Науқат ауданындағы iшкi iстер бөлiмi жұмыстан тыс уақытта әрдайым киiп жүрсiн деп қызметкерлерiне бiр-бiрден ақ қалпақ кигiзген.

Бұрынғы кездерде қырғыздардың қалпақ киюден көне дәстүрi болған. Ұл балаларына балиғатқа жеткенше бүрмесi жасыл ақ қалпақ кигiзген. Жасыл түс – көктемнiң, жастықтың символы. Ер жеткен соң, бозұланның қалпағының бүрмесiн қызылдан жасайтын болған. Бұл баланың есеюiнiң, ендi бойжеткендерге сөз салып, қыздарға құда түсуге жарап қалғандығын аңдатқан. Бозбала жiгiттер басқа ауылға барғанда қыз көруге шыққанда арнайы осындай қалпақты киiп баратын болған. Бұл – жас жiгiттердiң өздерiне де сын. Өйткенi қызыл бүрмелi қалпақты киген жiгiттерге үлкен-кiшi, әсiресе қыздардың жеңгелерi сынай қарайды. Жiгiт үйленгеннен кейiн қайын жұрт "күйеу баштық (дорба)" әзiрлеп, оған бүрмесi қара матамен әдiптелген қалпақ салып, күйеу балаға кигiзген. Қалпақтың бұл түрi жiгiттiң үйлi-баранды екенiн бiлдiрген және бұдан кейiн ол өмiр бойы осындай қалпақты киiп жүрген.

Жiгiт есейе келе елдiң, руластарының алдында қадiр-парқы артып, ел басқаруға жарап қалса, оған бiр ғана ақ түстегi қалпақты кигiзетiн болған. Мұндай қалпақ киген адамға басқа рулардың адамдары да бас киiмiне қарап сый-мәмiле жасаған. Ру басшылары, билер төбесi биiк, ою-өрнектi қалпақтарды киген. Мұны қырғыздар "Бақай қалпақ" деп те атайды. Бақай – Манас батырдың кеңесшiсi.

Қырғызстанда мемлекеттiк қызметкерлердiң ақ қалпақ киiп жүруi үйреншiктi көрiнiс. Ақ қалпақты көп жылдардан берi басынан тастамай киiп жүргендердiң бiрi – қоғамдық қайраткер Дастан Сарығұлов. Бұл кiсi бiрнеше жыл Қырғыз Республикасының мемлекеттiк хатшысы қызметiнде болғанда да ақ қалпағын шешкен емес. "Мекенiн құрметтеген адам сөзсiз түрде ақ қалпағын киiп жүру керек", – дейдi Дастан Исламұлы.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары