ҮЛКЕН КӨШ IРКIЛМЕУI КЕРЕК

ҮЛКЕН КӨШ IРКIЛМЕУI КЕРЕК

ҮЛКЕН КӨШ IРКIЛМЕУI КЕРЕК
ашық дереккөзі
193

20 жылдық тәжiрибе талданғанда

Ұлты қазақ азаматтардың 20-шы ғасырдың соңына қарай атамекенiне жаппай көшу үрдiсiнiң басталуы Моңғолия қазақтарының еңбек шартын "пайдаланып" Қазақстанға қоныс аудару көшiне негiзделедi. Бұл көш 1991 жылдың жаз-күз айлары едi. Қазақстан тәуелсiздiк алардың алдында шетелдерден ондаған мың қазақтар көшiп келiп үлгерген. Тәуелсiздiк жарияланудың қарсаңында ұлты қазақ азаматтар елiне осылайша жинала бастауы сол кездегi одақ билiк басындағылардың Қазақ мемлекетiнiң тәуелсiз боларын мойындауға белгiлi мөлшерде әсер еткенi айдан анық.

Соңғы 20 жылда шетелдерден 1 миллионға таяу қазақ ұлтты азаматтар өз елiне көшiп келдi деген дерек айтып жүрмiз. Шетелдегi өз отандастарына қамқорлық жасауда, оларды тартуда Қазақстан әлемде алғашқы үштiкке кiредi деп бағаланады. Тарихтағы қилы тағдырымызбен империя қол астында ұзақ жылдар бойы езiлiп, әрең дегенде тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, ендi ғана аяғымызға тұрып келе жатқан бастапқы жылдарда әлемдегi қазақтарға қамқорлық ету жағынан алып қарасақ, менiңше үштiкке емес бiрiншi орынға кiретiн сияқтымыз.

Осылайша бiрiншi орынға шығу үшiн қандай нақты iстер атқарылды, қанша қаражат жұмсалды, кiмдер атсалысты және қандай кедергiлер болды деген iрi тақырыптар ерiксiз қозғалады.

Осы тақырыптың iрi тарауларын қысқаша атап өтейiк:

КСРО мен Монғолия мемлекетiнiң арасындағы еңбек тәжiрибе алмасу келiсiмi;

Дүниежүзi қазақтар қауымдастығының құрылуы;

“Көшi-қон туралы” Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы;

Шетелден көшiп келген қазақ ұлтына Қазақстан азаматтығын жедел беру тәртiбiнiң бекiтiлуi;

Көшi-қон комитетiнiң құрылуы;

Шетелдерден қазақ ұлтын көптеп көшiрiп алудың жыл сайынғы квотаның белгiленуi;

Шетелден келген қазақ ұлтты жастарды бейiмдеу, жоғарғы оқу орындарына тегiн оқыту бойынша жыл сайынғы дайындық курсының ашылуы;

Тұрғын үй-баспана беру, жер телiмiн бөлу, бiр реттiк ақшалай жәрдем, тағы басқа материалдық қолдау мен жәрдем ақы төлеудiң дәстүрге айналған тәртiбi;

Дүниежүзi қазақтарының I-III Құрылтайының өтуi;

Оралмандардың "Асар" республикалық бiрлестiгiнiң, "Қазақстан Оралмандар Одағының" құрылып, нәтижелi жұмыс iстеуi;

"Нұрлы көш" бағдарламасының қабылдануы және т.б.

Мұндай ауқымды шаралар iске асырылу барысында бiрқатар жауапсыздық болғанымен және бөлiнген қаржының бiразы жымқырылып кеткенiне қарамастан, нәтиже әрине баршылық. Отандастарымыздың көпшiлiгi ел қатарлы тiршiлiк етiп, елiмiздiң дамуына шама-шарқынша үлестерiн қосуда. Жалпы алғанда, ұлты қазақ азаматтардың елiмiзге қоныс аударудан мемлекет ұтпаса, ұтылмайтынын кейбiр адамдар түсiнбейтiн сияқты. Бiзге оралмандардың не қажетi бар, оларға қамқорлық жасағанша елдiң iшiндегi тұрмысы нашар адамдарға неге көмектеспейдi т.с.с сыңаржақ ұғымдар естiлiп жатады.

Тәуелсiздiктi нық ұстап тұрудың басты құралдарының бiрi – демографиялық ахуал, яғни халық санының көптiгi, оның iшiнде негiзгi ұлттың санының басым болуы екенi белгiлi. Басқаша айтқанда, 1 миллион азаматы бар ел күштi ме жоқ әлде 1 миллиард азаматы бар ел күштi ме деген әңгiмеге келiп саяды. 1991 жылдың басында Қазақстанның халық саны 16,4 млн. адам, оның iшiнде қазақ ұлтының үлесi небәрi 40% шамасында болса, 2010 жылдың басында 16,2 млн. халықтың 63,6%-ы қазақ ұлты болды, тек шетелдерден келген қазақ ұлттылардың санының есебiнен 9% артқан. Бұл цифрларды басқа қырынан алып қарағанда, өз елiмiзде ұлттық тұғырымызды биiк ұстап тұруға дем беретiн сияқты. Сондықтан әлi де болса бiз шетелдерден қазақ ұлтты азаматтарды көптеп тартуымыз керек. Көшiп келген ағайындарымыздың басым бөлiгi қоғамның өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз ететiн бұқара тобына жатады.

Президентiмiздiң осы жылғы халыққа Жолдауында өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз етiп жүрген халық – бiздiң экономикамыздың орасан зор кадрлық резервi екенi айтылған.

Шетелдерден келген қазақ ұлтты азаматтарымыздың көбiсi жергiлiктi тұрғындардан кем қалмай, кәсiпкерлiкпен айналыса отырып, салық және басқа да бюджеттiк төлемдердi уақтылы төлеп, басқа да адамдарды жұмысқа тартып отыр. Жұмыссыз жүргендер саусақпен санаулы ғана шығар. Осыған байланысты Қытай елiнде кең таралған мынадай қағида еске түседi: "Әрбiр қытай қосымша 10 қытайды асырау керек". Қазақстанның спорт саласы бойынша абыройын көтеруге белгiлi деңгейде атсалысып жүргендер де бар. Бюджеттiк салада жұмыс iстейтiн отандастарымыздың көпшiлiгi әлеуметтiк, бiлiм беру, денсаулық сақтау саласындағы маңызды қызметтерде жүр.

Өзге елдерден келген қазақ ұлтты азаматтар оралман деген аттан бiржолата құтылып, жергiлiктi халық деңгейiнде қоғамға сiңiп, азаматтық борышын сенiммен атқарып кетуi үшiн әлi де қолдау-қорғау керек. Қолдау-қорғау дегендi жетектеп жүру" деп түсiнбеу керек, азамат ретiнде қоғамға етене араласып кетуi үшiн құқықтық қорғауға негiзделген нақты шаралар iске асырылуы керек екенi аян.

Мұндай нақты шараларды iске асыруға мәжбүрлеп отырған кедергiлерге байланысты кең таралған бiрнеше мысалды келтiрейiк:

– Отандастарымыздың көпшiлiгi кәсiпкерлiк салада жүргендiктен осы саланы бақылаушы-реттеушi мемлекеттiк көптеген органдарға қатысты жүздеген-мыңдаған заң актiлерiн меңгермек түгiл, мұндай органдардың атын да, құзырын да бiлмейдi, қандай да бiр орган тексерген жағдайда қалай сөйлесетiнiн де бiлмейдi;

– Қызметiнiң шеңберiн ұлғайту үшiн несие алуға талап етiлетiн құжаттарды не тiркеуi жоқ болғандықтан, не кепiлге қоятын құжаттары толық заңдастырылмағандықтан не болмаса табыс көзiн растай алмайтындықтан т.с.с. жинай алмайды;

– Кәсiпкерлер үшiн табыс деңгейiн арттырудың, қызметтi кеңейтудiң бiр көзi – мемлекеттiк тапсырыстарды орындау болып табылады. Ал шеттен келген азаматтар мұның жолын мүлдем бiлмейдi десем артық болмас, электрондық тәсiлмен құжат тапсырудың машақаттары, ресми түрде дайындалатын құжаттар, тағы басқа қиындықтар толып жатыр;

– Қазiргi уақытта мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы барлық салада енгiзiлiп жатқанымен әлi де болса орыс тiлiне жүгiну басым. Бұл жағдай орыс тiлiн толық және сауатты бiлетiндерге ғана кедергi болмауы мүмкiн…

Мұндай кедергiлердiң алдын алу үшiн немесе кедергiлер мен қиындықтарға ерiксiз тап болған жағдайда шет елдерден келген қазақ ұлтты азаматтарымыз ештеңеден қысылмай, қалаған көмек-кеңесiн толық ала алатындай жақын жерде кеңсе болу керек. Ал мұндай кеңсенiң iшiнде қиындығына немесе күрделiлiгiне қарамай кез келген көмек-кеңестi ынталы түрде бере алатын және қорғай алатын және де шеттен келген отандастарымыздың жан-дүниесiн, тiлiн түсiнетiн кеңесшi отыру керек. Ал бұл кеңесшi мемлекеттiң iшкi және тиiстi сала бойынша сыртқы да нормативтi-құқықтық заң актiлерiн, тиiстi сала бойынша органдардың құзыры мен мiндеттерiн бiлетiн, үкiметтiк деңгейде мәселелердiң шешiлуiне ықпал жасай алатын сауатты адам болуы керек, яғни аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттың және мәжiлiстiң депутаттары осындай кеңесшiлер бола алады. Әрине, шеттен келген ағайындарымыздың мәселелерiмен айналысып, оларға қамқор болып, үнемi жанашыр болып жүретiн депутат ағаларымыздың тобы бар. Дегенмен отандастарымыздың проблемаларын, қиындықтарын iшкi жағынан түсiнетiн, өзi сондай жолдан өткен, солардың ортасынан шыққан қазақ ұлтты азаматтардан бiр-бiр адам жергiлiктi жердiң аудандық, қалалық, облыстық мәслихатында және мәжiлiсте депутат болып отырса, жоғарыда айтылған проблемалар шешiмiн тез табар деген ойдамын. Ол үшiн, тиiстi нормативтiк-құқықтық актiлерге арнайы өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлу керек. Әйтпесе шеттен келген отандастарымыз дауыс жинай алмайтындықтан жергiлiктi кандидаттармен бiрге сайлауға түсе алмайды.

Шеттен келген және сырттағы қазақ ұлтты азаматтарымыздың мәселелерiмен қазiргi қолданылымдағы жүйемен қатар осындай депутаттар арқылы айналыссақ мүмкiн арнайы Агенттiк немесе Комитеттiң атқаратын iстерiнен де нәтижелi болар, ал жұмсалатын қаражат әлде қайда арзанға түспекшi.

Елбасымыздың тiкелей қамқорлығы арқасында осы уақытқа дейiн шет елдерден қоныс аударған 1 миллионға жуық отандастарымыз және әлемде шашырап жүрген 4,5 миллиондай қазақ ұлтты азаматтарымыз тәуелсiздiктiң бастапқы жылдарындағыдай емес, экономиканың қарқынмен дамып келе жатқан қазiргiдей жағдайда атамекенiне жинала берсе, халқымыздың санын ұлғайтумен қатар, елiмiздiң дамуына өз үлестерiн қосатынына нық сенiмдемiн.

Мизамбек УАТХАН, кәсiпкер

Серіктес жаңалықтары