НАУРЫЗ ТОЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ҮМIТКЕР

НАУРЫЗ ТОЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ҮМIТКЕР

НАУРЫЗ ТОЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ҮМIТКЕР
ашық дереккөзі
221

Қазақстан президенттiгiне үмiткер Ғани Қасымов Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесiн Астанадағы қарттар және мүгедектер үйiнде өткiздi.

Зейнетақыны көтерiп, қарттардың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға Патриоттар партиясының көшбасшысы Ғани Қасымовтың сайлауалды тұғырнамасында ерекше көңiл бөлiнген. Атап айтқанда, үмiткер "Ардагерлер туралы" арнайы Заң қабылдап, соғыс ардагерлерiн коммуналдық төлемдерден босату, қоғамдық көлiктерде тегiн жүру және стационарларда тегiн медициналық жәрдем көрсету мәселесiн көтерген. Үмiткердiң сайлауалды бағдарламасында әйелдердiң зейнеткерлiкке 55 жаста шығуын да қарастырыпты. Осылайша халықтың әлеуметтiк әлеуетiн арттыруды мақсат еткен Ғани Қасымовқа қарттар ақ батасын берiп, Наурыз мерекесiнде көрсеткен кiсiлiгi үшiн зор алғыстарын бiлдiрдi.

Зағип жандармен кездесу

«Үкiмет мүмкiндiгi шектеулi жандарға қолдан келген жағдайдың бәрiн жасауы керек. Кезiнде мүгедектер жұмыс iстеп келген кәсiпорындарды қайта дамыту қажет». Қазақстан президенттiгiне үмiткер Мэлс Елеусiзов зағиптармен кездесу барысында осылай дедi.

Сондай-ақ, үмiткер Мэлс Елеусiзов Алматыда бiрқатар ресейлiк журналистермен сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап бердi. Жиынға қатысқандар көкейiндегi сауалдарын iркiлмей қойып, тұшымды жауап естiгiсi келдi. Сондықтан көптiң атынан сөз алған өкiлдер кездесуге келген зағип жандардың мәселесiн тұтас қамтуға тырысты. Зағиптар үшiн бүгiнде үш сұрақ өзектi. Бiрiншi – түрлi деңгейдегi дискриминациялау. Екiншi – жұмыспен қамту. Жанарынан айырылғандардың басым бөлiгi жұмыссыз. Заң бойынша әрбiр мекемеде мүгедектерге 3 пайыздық квота белгiленсе де, бұл көңiл көншiтерлiк емес. Қазақстан президенттiгiне үмiткер Мэлс Елеусiзов: "Бұл мәселенiң бәрiн шешуге болады. Қиын емес", – деп кесiп айтты.

Әлеуметтiк жағынан аз қамтылған жандар – мүгедектердiң жағдайына бей-жай қарамаған үмiткер Мэлс Елеусiзов "Қайтсем де, осы адамдарға көмектесемiн. Сайлаудан кейiн де осы түйткiлдердi көтеретiн боламын" деген уәдесiн бердi. Ресейлiк әрiптестерiмiз экология саласынан бастап, екi ел арасындағы қарым-қатынас, халықаралық саясат тақырыбында пiкiр алмасты. "Әрине, экология мәселесi мен үшiн бiрiншi орында. Үкiметтiң, халықтың назарын осыған аударсам деймiн. Осы үгiт-насихат жұмыстарының нәтижесi бойынша менi қанша адам қолдайтыны белгiлi болады. Партия құрып жатсам, қанша адам мүшелiкке өтетiнiн осыдан байқаймын", – дедi президенттiкке үмiткер.

Коммунист орта тапты қолдамақшы

Қазақстан президенттiгiне келесi бiр үмiткер Жамбыл Ахметбеков Тараз қаласындағы сайлаушылармен кездестi. Тараздағы орталық базарда болған халықтық коммунистiк партия өкiлi Жамбыл Ахметбеков көпшiлiктi өзiнiң сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Үмiткер Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, Қазақстанда мемлекеттiк тұрғыда шешудi талап ететiн негiзгi үш мәселе бар. Ол – қарттардың зейнетақысын көтеру, орта және жоғарғы оқу орындарын бiтiрген жастарды үш жылға дейiн кепiлдi жұмыс орнымен қамтамасыз ету және азық-түлiк нарқын халықтың табыс деңгейiне сәйкестендiрiп, ырықтау. Дәл осы ауандағы әңгiме Алматы қаласындағы "Шаңырақ" ықшам ауданында өткен сайлаушылармен кездесуде де жалғасын тапты.

Қазақстан президенттiгiне үмiткер Жамбыл Ахметбеков: "Өзiм де сiздер сияқты қарапайым ауылдан шыққанмын", – дедi. "Лэнд крузер" мәшинем жоқ, пәтерде тұрам, әншiмiн, спортсменмiн" деген Коммунистiк партия өкiлi Қазақстан өркениеттi елдер қатарына ену үшiн бiрiншi кезекте орта тапқа қолдау көрсетiп, әлеуметтiк теңдiктi қамтамасыз ету керек деп санайды. "Зейнетақы өте төмен екенi белгiлi. 15 мың теңгеден 35 мың теңге аралығында. Бұл қаржыға тамақ, қажеттi витамин алып, киiнуiне, қажеттi ем алуына жетпейдi. Демек әлеуметтiк теңсiздiктi жою үшiн үлкен саяси реформалар жасалу керек", – дейдi ол. Бұдан соң үмiткердiң Атырау облысындағы өкiлдерi тұрғындармен кездесу өткiзiп, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Атырауға келген Қазақстан коммунистiк халық партиясы Орталық комитетiнiң хатшысы, үмiткердiң сенiмдi өкiлi Владислав Косарев "Атырау су арнасы" мекемесiнде болып, партияның негiзгi саяси ұстанымы туралы, бүгiнгi қоғамды толғандырып отырған мәселелер туралы әңгiмеледi.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН

Серіктес жаңалықтары