СЫРДАРИЯ АРНАСЫНАН АСПАЙДЫ

СЫРДАРИЯ АРНАСЫНАН АСПАЙДЫ

СЫРДАРИЯ АРНАСЫНАН АСПАЙДЫ
ашық дереккөзі
203

Көктем – сел жүру қаупiнiң алдын алатын мезгiл. Қыста жауған қалың қардың ерiп, өзендердiң арнасынан асатын кезi бұл. Былтыр дәл осы уақытта орын алған Қызылағаш қасiретi де облыс, аудан басшыларына айтарлықтай сабақ болды. Қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшiн көптеген шаралар қолға алынып келедi.

Осыған байланысты Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов Сырдария өзенiндегi су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы мәжiлiс өткiздi. Басқосуда негiзiнен облыс бойынша жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс пен табиғи апатты болдырмау және жоюды ұйымдастыру жағы пысықталды. Аймақ басшысы Сырдария өзенiндегi қалыпты жағдайға тоқтала келе: "Биыл Сырдария-Нарын алабында жылдағыдан 7 млрд. текшеметр көп су жиналды. Шардарадан келiп жатқан судың бестен бiрiн Көксарай су реттегiшi қабылдап отыр. Келiнтөбе, Сунақата, Нәнсай және Жаңашиелi каналдар жүйесiне де осыншалық су жiберiлуде. Десек те дария арнасындағы мұз ерiген кезде қандай қауiпке де дайын болғанымыз абзал", – дегендi қадап айтты.

Облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Әмiрқұл Жылқайдаров аталмыш мәселеге байланысты iстiң мән-жайымен таныстыра кеттi. Оның сөзiне қарағанда, апатты болдырмауға облыстық, қалалық және аудандық бюджеттен 166 млн. теңге бөлiнген. Оның 34,2 млн.-ы мұз жаруға көзделсе, 100 млн. теңге жер жұмыстарына бағытталған. Төтенше жағдайды болдырмау үшiн 127 500 қап, 20 200 бау қамыс және 250 бау қарабура қоры дайындалған. Ал су тасқынының алдын алу шараларына облыстың авариялық құтқару қызметiнен 247 топ пен 652 техника жұмылдырылады.

Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек, Тоқтағұл су қоймасында 16 млрд. текше метрден астам, ал Көксарайда 657 млн. текше метр су бар. Барлық жолдағы сулар қосылғанда Шардараға 1300 текше метрден су құйылады. Сырдария бойында 55 қауiптi учаске бар. Қазiр осы қауiптi аймақтар арнайы бақылауға алынып отыр.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары