ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ҚОМАҚТЫ IСТЕР
ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ҚОМАҚТЫ IСТЕР
Жайық өңiрi – кең таралған пайдалы қазбалар қорына бай. Бүгiнде цемент шикiзаты, құм-қиыршық тас қоспасы, құрылыс құмы, керамзит балшығы, карбонат шикiзаты, құрылыс ғанышы, саз балшық, техникалық тас тұзы, бор ақ балшығы сынды кен көздерi игерiлуде. 2011 жылдың 1 қаңтарына шаққанда, облыс бойынша кең таралған пайдалы қазбаны барлау және өндiрумен айналысатын тiркелген кәсiпорындар саны 40-ты төңiректесе, ал пайдалануға берiлген нысандар 47-нi құрады. Кен көздерi негiзiнен Зеленов, Бөрлi, Ақжайық, Тасқала аудандарында шоғырланған. Қазiр 25 кен орны тұрақты игерiлiп жатыр.
Облыстағы кен көздерiнiң шикiзатын құрылыс өндiрiсi саласының кәсiпорындары тиiмдi пайдаланып, силикат және керамикалық кiрпiш, керамзит, бордан у тас (известь), құрғақ қоспалар шығарып келедi. Тасқала ауданындағы цемент шикiзаты кен көзiнiң базасында жылына екi млн. тонна цемент шығаратын зауыттың құрылысы жүруде. Ақжайық ауданының аумағында орналасқан ғаныш (гипс) тасы кенiнен гипсокартон өндiрiледi. Жол салатын кәсiпорындар мен мекемелердiң темiр-бетон бұйымдарына, құм-қиыршықты тас қоспасына, құрылыс құмына деген қажеттiлiгi кен көздерi есебiнен толық қанағаттандырылған. Өткен жылы өңiрдегi кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушы кәсiпорындардың бiр-екеуiнен басқасы мойнына алған мiндеттемелерiне жауапкершiлiкпен қарап, келiсiм-шарт талаптарын орындады.
ТҮСЕР ПАЙДА ҚАНДАЙ?
Кең таралған пайдалы қазба кен орындарын игерушiлер былтыр облыстық бюджетке 900 млн. теңге салық, 4,5 млн. теңгеден астам әлеуметтiк төлемдер аударды. Сонымен қатар, кен орындарын игеру-ауылдағы жұмыссыздық санын азайтуға септiгiн тигiзiп отыр. Кен игерушi кәсiпорындарда 700 адам еңбек етедi.
Соңғы кезде жаңадан табылып, ашылған қазба орындарын игеруге қатысты жұмыстар жандана бастады. 2007 жылы Үкiмет қаулысымен "Батыс" ӘКК" Ұлттық Компаниясы" АҚ-ға облыс бойынша кең таралған пайдалы қазбалардың 19 кенiшiн пайдалану құқына тiкелей келiссөздер жолымен келiсiм-шарт жасауға құқық берiлдi. Солардың iшiнен бүгiнде Ақсауыт цемент шикiзаты кен орны бойынша Үкiбай телiмiнен бор өндiру және Солтүстiк және Оңтүстiк телiмiнен саз балшық өндiру, Шыңғырлау (Миргородское) құм және құм-қиыршықты тас қоспасы кен орындары бойынша келiсiм-шарттар жасалып, тiркелген. Биыл "Батыс" ӘКК-мен 13 келiсiм-шарт жасалу қарсаңында. 12-сi бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы аталмыш корпорациямен бiрлесiп құрылған кәсiпорындарға берiлген. Олардың iшiнде "Батыс" ӘКК"ҰК" АҚ Ақжайық ауданы аумағындағы Индерское-102 кен көзiнен ғаныш тасын өндiру, "Ақсай-Кiрпiш" ЖШС – Бөрлi ауданындағы Пугачевский бөлiгiнен кiрпiш шикiзатына бiрлескен барлау жұмыстарын жүргiзу және өндiру, "Жайық-цемент" ЖШС Теректi ауданындағы Ақсауыт кен көзiнен бор және саз балшық шикiзатын өндiру және басқалары бар.
Облыс аумағындағы кейбiр кен орындарын көршiлес облыстың кәсiпкерлерiнiң игерiп отырғаны құпия емес. "Индерское-102" және "Индерское-96" кен орындарынан ғаныш тасын, "Индерское-2" кен көзiнен құм-қиыршық тас қоспасын өндiру жұмыстары атқарылуда. Кенiштер көршiлес Атырау облысының Индер ауданына жақын орналасқан. Сондықтан онда жұмыс iстейтiндердiң басым көпшiлiгi – сол ауданның тұрғындары. Бiрақ кен орындарынан тиесiлi төлемдер бiздiң облыс бюджетiне аударылады. Өндiрген өнiмдерi де құрылыс материалдары ретiнде өңiрiмiздiң сауда орындарына жеткiзiледi.
– Қазба орындарын игеруде түйiндi мәселелер бар. Солардың бiрi – құрылыс материалдарына, яғни жер қойнауын пайдаланушылардың өндiретiн өнiмдерiне деген сұраныстың соңғы жылдары азаюы. Сол себептi жер қойнауын пайдаланушылар жылдық келiсiм-шарттық мiндеттемелерiн толық көлемде орындай алмай қалады, – дейдi аталмыш басқарманың бас маманы Мағалым Отаубаев.
Өткен жылғы маусым айында "Жер қойнауын пайдалану туралы" Заң қайта қабылданды. Осыған байланысты облыстық кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы кең таралған пайдалы қазбаларды келешекте игерудiң жаңа ережесiн басшылыққа ала отырып, тиесiлi құжаттарды жасақтауды, келiсiм-шарттық мiндеттемелердi толықтай орындау шараларын қарастыруға кiрiстi.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ