МӘУЛIТ КЕШIНIҢ МЕРЕКЕЛЕНУI
МӘУЛIТ КЕШIНIҢ МЕРЕКЕЛЕНУI
Жуырда Ата дiнiмiз Исламның соңғы Пайғамбары Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с) туған күнi аталып өттi. Ғибратты iс пен көркем мiнездiң үлгiсi бола бiлген Пайғамбарымыздың (с.а.с) өнегелi өмiрi жайлы сыр шертетiн Мәулiт кешiне, "еңкейген қариядан, еңбектеген балаға" дейiнгi Алматының бiраз тұрғыны қатысып қайтты.
"Мәулiт" араб тiлiндегi "уәләдә" түбiрiнен туындаған сөз. Мағынасы "туылған жер, туылған уақыт, туған күн" дегендi бiлдiредi. Мұсылман мәдениетiнде мәулiт сөзi Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) туған күнi үшiн қолданылған. Ал ислам тарихшыларының басым көпшiлiгi пайғамбарымыздың (с.а.с.) туылған күнiнiң 571 жыл Рабиул-әууәл айының дүйсенбi күнiне (571 жыл сәуiр айына) сәйкес келгенiн айтады.
Мәулiт мерекесiн Қазақстан мұсылмандары 2000 жылдан берi қарай атап өтiп келе жатыр. "Алғашқы кезде бұл шара Алматыда қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттiк академиялық драма театры мен қазақтың Ғабит Мүсiрепов атындағы мемлекеттiк балалар мен жасөспiрiмдер театрында өткiзiлiп келген едi. Ол 2007 жылдан бастап Республика сарайында тойланды. Ендi ол елiмiздiң ең үлкен сарайында өз жалғасын тауып отыр" – дейдi шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi.
Бас мүфтидiң айтуынша, Пайғамбардың дүниеге келген күнi биыл елiмiзде 14 ақпанмен тұспа-тұс келген. Сол себептi бiр ай бойы, яғни 14 наурызға дейiн ел мұсылмандары осы туған күндi атап өтедi. Жалпы Мәулiт мерекесiн атап өту алғаш рет 909 жылы Мысырда басталған. 1207 жылдан бастап ресми түрде барлық мұсылман елдерiнде аталып келе жатыр. Бұл мереке XVI-XVII-ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекiтiлген.
Исламның басты құндылығы – береке мен бiрлiк екенi осы кеште тағы да бiр айқындалды. Пайғамбарға (с.ғ.с) айтылған салауаттан кейiнгi дұға-тiлек, бата мен уағыздар, Қазақ елiнiң тыныштығы, Отанымыздың тұтастығы, елiмiздiң ертеңi мен келешегiне бағытталды.
Кеш соңында Бас мүфти Әбсаттар қажы Ислам дiнiн насихаттауға үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды марапаттады. Олардың арасында танымал журналистер, қолы жомарт кәсiпкерлер және өнер адамдары да болды.
Жәнiбек ҒАЛЫМ