АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!

АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!

АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
ашық дереккөзі
483

Алматы қаласындағы №128 мектепте Ұлыстың ұлы күнi – әз Наурыздың құрметiне орай өткiзiлген тәрбие сағатының тәрбиелiк мәнi жас ұрпақ үшiн зор болды.

“Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер” шағында төзiмдi тауыса жаздап жететiн әз Наурыздың жөнi бөлек. Қар астынан қылтиған көк, қыстың қаһарынан именбей көкке өрлеген Күн, төңiрегiн шат-шадыман әнге бөлеп, жарыса сайраған құстардың қуанышты үнi көктемге асыққан көңiлдi желiктiрiп әкетедi. Осындай Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы №128 мектептiң 2 "Б" сынып оқушыларының қатысуымен "Армысың, әз Наурыз!" атты тәрбие сағаты болып өттi. Сынып жетекшiсi Бекболатова Сайраш Шамшыраққызы ұйымдастырған аталмыш шарада балалар қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен бiрге бүгiнгi қазақ қоғамы үшiн маңызды жайттарды қоса қаузады. Мысалы жаңа жылдың иесi – Қоян Күн мен Түндi теңестiрiп, ескi жыл – Барысқа алғысын бiлдiрсе, екi жыл өздерi тiзгiнiн ұстаған 2010 және 2011 жылғы қазақ үшiн аса маңызды айтулы оқиғаларды тiзбектедi. Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, ұлттың ұлы бола бiлген қаһарман – Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы, азиялық аймақты елеңдеткен, қазақтың қоржынын алтын мен күмiске толтырған әйгiлi ақ Азиада, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы т.б. баяндады. "Жақсы сөз – жарым ырыс" демекшi, исi қазақ үшiн жақсылық пен жарқын болашақтың кепiлi саналатын Қыдыр ата жиылған көпшiлiкке ақ батасын бердi. Бүгiнде қазақы тойдың сәнiне айналған "Қара жорға" биiн билеген балалар қазақы ырымдар мен тыйымдарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасырдың қуақы әзiл-қалжыңынан кейiн олар екi топқа бөлiнiп алып, айтыстың көрiгiн қыздырды.

Ширек ғасырдан астам балаларға үйретуден жалықпай келе жатқан ұлағатты ұстаз Сайраш Шамшыраққызының тәрбие сағатын ұйымдастыру қабiлетi мен балалардың қатысу белсендiлiгi мен құмарлықтарын жоғары бағалаған мектеп басшысы Қабылбекова Пәрида Сәбiшқызы: "Бұл тәрбие сағатының балалар тәрбиесiне тигiзер ықпалы зор. Өйткенi бабадан балаға мирас болған қазақы салт-дәстүр, ән мен би, айтыс өнерi секiлдi басқа да бүлдiршiндердiң өсiп-жетiлуiнде маңызды рөл атқаратын үрдiстерiмiз кеңiнен қамтылған. Сондықтан бұл – үлкен шығармашылық жұмыс", – дей келе, Алматы қаласы бойынша 21 наурыз күнi тойланатын мектептiң концерттiк бағдарламасына 2 "Б" сынып оқушыларының "Қара жорға" мен "Балауса" билерiн енгiзуге ұсыныс жасады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары