БОЛГАРЛЫҚТАР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

БОЛГАРЛЫҚТАР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

БОЛГАРЛЫҚТАР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI
ашық дереккөзі
218

Жуырда Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшiн ерекше оқиға болмақ. Наурыздың 26-28 аралығында елiмiзде Бургас қаласы Мемлекеттiк қуыршақ театрының "Бон Бон Оле" болгар музыкалық-думаны қазақ тiлiнде көрсетiлетiн болады.

Болгар театрының Алматыға келуi бiрiншi рет емес. Аталмыш театр Мемлекеттiк қуыршақ театрының 75-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған фестивальге "Веселье в лесу" қойылымымен қатысқан едi. Бургас қаласының Мемлекеттiк қуыршақ театрының директоры Христина Арсенова қазақстандық бүлдiршiндердiң ерекше ықыласына ие болғандығын тамсана айтқан болатын. Сондықтан болгарлық қуыршақшылар Алматыға келiп, қазақ балаларына олардың өз ана тiлiнде қойылым көрсету туралы ұсынысты жылы қабылдады. Болгарлық әртiстер төрт ай бойы қазақ тiлiн үйрендi.

"Бон Бон Оле" музыкалық думанын қоюшы Томас Имова — болгарлық бүлдiршiндерге болгар тiлiндегi қойылымдары арқылы жақсы таныс. "Бон Бон Оле" музыкалық думанының қазақша нұсқасы қазақстандық бүлдiршiндер үшiн арнайы дайындалды.

Алматыда Неделина Роселинова, Грета Крастева және Женя Тодорова сияқты шебер актерлер қойылымдағы барлық кейiпкерлердi қазақша сөйлететiн болады.

Сонымен бiрге "Наурыз-мейрамын" мерекелеу аясында болгар труппасының қойылымдарының алдында Мемлекеттiк қуыршақ театрында "Қош келдiң, Наурыз!" театрландырылған мерекелiк думаны көрсетiледi. Халқымыздың сүйiктi мерекесi Наурыз мейрамын тойлау кезiнде театр қонақтары қазақтың ұлттық мәдениетiмен танысады. Мерекелiк бағдарламада балалар Тазша бала, Қаңбақ шал, Мыстан кемпiр сияқты қазақ ертегiлерiнiң кейiпкерлерiмен қауышып, "Шашу", "Бесiкке салу", "Қыз қуу" сынды ұлттық көрiнiстерiмiздiң куәсi болады.

Махаббат Әдiлханқызы

Серіктес жаңалықтары