ФОРСАЙТ – БОЛАШАҚТЫ ЖАСАҚТАУ

ФОРСАЙТ – БОЛАШАҚТЫ ЖАСАҚТАУ

ФОРСАЙТ – БОЛАШАҚТЫ ЖАСАҚТАУ
ашық дереккөзі
1297

Өткен аптада "Ұлттық инновациялық қордың" ұйымдастыруымен Қазақстандағы бiрiншi ұлттық ғылыми-технологиялық форсайтқа арналған конференция өттi. Аталмыш жиынға елiмiздегi бiлiм ордаларының оқытушылары мен ғалымдары қатысып, өзара ой бөлiстi.

Қазақстанда форсайттық зерттеу ұғымы әлi де болса таңсық. Оның қыр-сырын түсiндiру мақсатында сөз сөйлеген "Ұлттық инновациялық қордың" басқарма директоры Жұматай Сәлiмов: "ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi технологиялық бағдарлауды мақсат етiп отыр. Осы орайда әдiстемелiк қамту мен форсайттық зерттеу жүргiзудiң даму стратегиясы үшiн пайдасы зор", – деп отыр. Алдағы жылдары форсайттық зерттеулермен айналысатын жекелей институт құру қажеттiгi де айтылды. Яғни форсайт дегенiмiз болашақта жүзеге асыратын мәселелердi алдын-ала зерттеп алып, сол мақсатта жұмыс iстеп, соңғы нүктесiне дейiн жеткiзу. «Жасыратыны жоқ, Қазақстанда көптеген жобалар қолға алынады, қаржы бөледi, бiрақ өнiмдiлiгi мен ресурс соңында жоқ болып шығады», – дейдi Жұматай Сәлiмов мырза. Жалпы әлемдiк тәжiрибеде форсайттық зерттеу кеңiнен қолданылады.

2020 жылға дейiн даму стратегиясын белгiлеп, форсайттық зерттеулерге жiтi көңiл бөлiп отырған инновациялық қор корейлiк KISTEP компаниясымен бiрлесiп жұмыс iстеуде. Корейлiк Ғылым мен технологияны жоспарлау және бағалау институтының бұл тұрғыда тәжiрибесi мол. Аталмыш институт өкiлi Бионсу Ким мырза форсайт жүйесiнiң Кореядағы даму сатысын тiзбектеп бердi. Мәселен жылдан жылға 50 миллион корей халқы кемiп барады, яғни жастар саны аз. Ендеше алдағы жиырма жылдың iшiнде қарттар саны артады, яғни оларға көмек беретiн, жағдай жасайтын бағдарлама қазiр қарастырылуы керек. "Сол сияқты нанотехнология бойынша Қытай бiзден әлдеқашан озып кеткен. Бiз энергоресурстардың 97 пайызын шетелден аламыз. Бұлай жалғаса берсе, болашақта бiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгiмiз кемидi. Сол үшiн бiздiң Үкiмет болашаққа бағдарлама жасап қойды, яғни қазiрден бастап жаңа технология жасап шыққан компаниялар (LG, Samsung) салықтан босатылатын болады. Олай болса, форсайт – болашаққа дайындық", – деп түсiндiрдi Ким мырза.

Бұл жоба Кореяда 2003-2004 жылдары жүзеге аса бастаса, Қазақстанда 2010 жылы қолға алынған екен. Әзiрге елiмiзде үш саты бойынша форсайт жасалып жатыр. Олар – саясатты жоспарлау, ғылыми-технологияны және бағдарламаларды жоспарлау. Мiне осы бағыттар бойынша болашақ бүгiннен бастап зерттелiп, алдын-ала шаралар қолданыла бастайды. Ал зерттеу жүргiзуге негiзiнен ғалымдар қатысады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары