НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАСАҚ?..

НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАСАҚ?..

НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАСАҚ?..
ашық дереккөзі
288

Күн мен Түннiң теңесiп, Жаңа күннiң келер басы – Наурыздың табалдырықты аттайтын сәтiне де санаулы күндер қалды. Жаңару мен жасарудың басы саналатын Жылбасы елiмiзде қалай тойланып жүр? Концерт көрiп, киiз үй тiгумен ғана шектелiп жүрген жоқпыз ба? Бiздiкi әлi сол "баяғы жартас, бiр жартас" секiлдi болып келедi. Ендеше Наурызды түлету үшiн, түрлендiру үшiн не iстеуiмiз керек? Осы сауалға бiз жауап iздеп көрген едiк.

– Сiздiң ойыңызша, бiз Наурызды өз деңгейiнде тойлап жүрмiз бе? Наурыз қалай тойлануы керек?

Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, қоғам қайраткерi:

ӘРБIР ОТБАСЫ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗУЫ КЕРЕК

– Наурыз – жыл басы болып есептеледi. Күн мен түннiң теңескен кезi. Жаңа өмiр басталады. 1926 жылы Наурызды ислам дiнiнiң қалдығы деп, Кеңес Одағында тойлауға тыйым салынған. Содан 62 жыл бойы наурыз мерекесi тойланбай келдi. Кейбiр ауылдарда өздерiнше ырымын жасап жатты. Бiрақ мемлекеттiк деңгейде тойлауға тыйым салынды. 1988 жылы Колбинге Наурыз мерекесiн тойлау туралы мәселе қойдым. Сонда бюро мүшелерi түгелдей қарсы болды. Екi-ақ адам қолдады. Бiрi – сол кездегi Министрлер кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екiншiсi – Қазақстан компартиясы орталық комитетiнiң идеологиялық хатшысы Өзбекәлi Жәнiбеков болатын. Сонда Колбинге: "Наурызды тойлатуға рұқсат берсеңiз, қазақ халқы сiзге өзге көзбен қарайтын болады", – дедiм. Осы сөзiм әсер еткен болу керек, Колбин тойлауға рұқсат бердi. Сол жылы үш жерде ғана тойлауға рұқсат алдық. Бiрi – Алматы қаласында, екiншiсi – Еңбекшiқазақ ауданы мен Жамбыл ауданында. Уақыт жақындап қалғандықтан, Колбин: "Биыл кешiгiп қалған сияқтымыз, келесi жылдан бастайық", – дедi. "Әзiр күн суық. Бiр ай кешiгiп бастасақ, дұрыс болады", – дедiм мен. Содан бiр ай кешiгiп тойладық. Алдымен Алматы қаласындағы Горький паркiнде тойладық. Мерекеге 100 мыңнан астам адам жиналды десем, қате айтпаған болар ем. Бес-алты адамнан артық адам жиналуға болмайтын едi ол кезде. Наурыздан бiр күн бұрын Колбин: "Ертең бюро мүшелерiнiң жиналысын өткiземiз" дедi де, бюро мүшелерiнiң көбi мерекеге келмей қалды. Наурызға жалғыз Қалалық атқару комитетiнiң төрағасының орынбасары Жiбек Әмiрханова ғана қатысты. Ең қызығы, сол күнi Колбиннiң өзi көмекшiлерiмен Наурызды тамашалауға келiптi. Кейбiреулер маған "Ана жерде Колбин тұр" дейдi. Қарасам, шынында да өзi келген. "Сахнаға шығып, сөйлемейсiз бе?" деп едiм: "Жоқ, қалай болатынын көрейiн деп едiм, дұрыс екен. Тойлай берiңдер", – дедi. Сөйтiп бiрiншi рет Наурыз мерекесiн осылай атап өттiк. Содан бастап Наурыз мерекесi тойлана бастады. Соның алдында ғана: "Әрбiр отбасы ағаш отырғызу керек" деген ұсыныс тастаған болатынмын. Мiне, бұл жаңа жылдың ең үлкен ерекшелiгi ағаш отырғызуда жатыр. Осы мәселенi жыл сайын қолға алатын болсақ, үлкен жетiстiк болар едi. Екiншi бiр мәселе – бұл тек түркi халықтарына тән нәрсе болуы керек. Егер бiреуге өкпелесеңiз, бiреуге ренiшiңiз болса, осы жаңа жылда, Наурыз айында кешiру керек. Сонда адамды iзгiлiкке шақыратын, адами құндылықтарға жетелейтiн мерекеге айналар едi. Наурыз мерекесiнде ұлтымыздың тiлiн, рухани құндылықтарын қадiрлеуiмiз керек.

Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР Парламентi Мәжiлiсi депутаты:

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАУДЫ НАУРЫЗДАН БАСТАҒАН ЖӨН

– Наурыз мерекесiн әуелi тереңiрек зерттеп, бiлiп алғанымыз абзал болар. Кезiнде Наурызды тойламаймыз, тоқтату керек деп қаншама шектеулер болды. Тiптi Наурызды тойлатуға тыйым салынған кездер де басымыздан өттi. Кеңес Одағының идеологиясы наурыз мерекесiне қаншама қарсылықтар жасады. Арнайы бұл мерекенi шектеу туралы қаулы-қарарлар да қабылданды. Бiрақ соған қарамастан, Наурыз бiздiң санамыздан өшкен жоқ. Дүрiлдетiп, думандатып тойламасақ та, жасырын Наурызды атап өтiп жүрдiк. Ауыл-ауылдарда наурызкөже жасалатын. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн Кеңес кезiндегi көп мерекелер өз-өзiнен қалып қойып жатыр ғой. Ал Наурыз мерекесiне өзiндiк қолдау болмаса да, қаншама уақыт жоғалмай, жалғасын тауып келдi. Тiптi Наурыз мерекесiнiң шығу тарихына қарап отырсақ, бұл мереке қазақтың өзiне ғана тән мереке сияқты көрiнедi. Мәселен араб мемлекеттерiнде немесе өзге мемлекеттерде бұл мерекенiң орны айрықша сезiлмеуi мүмкiн. Өйткенi ол жақтарда қыс пен жаз бiрдей болмайды ғой. Бiзде қыс пен жаздың ортасын бөлiп тұратын көктем келгенде жер де, Табиғат-ана да жаңарады, жасарады. Наурыз – жаңару мен жасарудың басы сияқты. Дәл осы айда бiз мерекенi ағаш отырғызудан бастасақ деген ойым бар. Жер көгерiп, жаңарған тұста, жерге тал ексек, ол көкпен бiрге көгерiп, тiршiлiк те жасаратын болады. Күнi кеше 14-наурыз күнi Атырау облысына барып қайттым. Сол күнi атыраулықтар "Амал" күнiн тойлап жатыр екен. Бұл мерекенiң де өзiндiк орны бар. "Амал" күнi ел-жұрт қыстан аман шықтық, мал-жанымыз аман деп бiр-бiрiмен көрiсiп, амандасады екен. Бiр-бiрiнiң үйiне қонаққа барады, кiшiлер үлкенге iзет көрсетедi. Хал-жағдайын сұрасады, өсиеттер айтылады. Табиғат өзгерiп жатқан уақытта келетiн жақсы дәстүр деп айтуымызға болады.

Егемендiк алған алғашқы жылдары бiз Наурыз мерекесiн қайтарып алғаннан кейiн қазақ екенiмiздi көрсетуге тырысып, киiз үйдi тiктiк, үстiмiзге шапан кидiк. Сол арқылы қазақ екенiмiздi сезiндiк. Дәл сол күнi концерт қойып, тамақ iшемiз, дастарқан жаямыз. Қазiр бұл дәстүр өз миссиясын аяқтады деп ойлаймын. Бiз осымен ғана шектелетiн болсақ, Наурыздың шын мағынасын аша алмаймыз. Былтырғы жылы Үкiмет жаңа заң қабылдап, Наурыз мерекесiн үш күн тойлату туралы шешiм қабылдады. Сондықтан осы орайда қазақтың қандай жақсы дәстүрлерi бар, соның жақсысын қабылдап, наурыз айында көрсетуiмiз керек. Өткен жылды қорытындылауды да Наурыздан бастаған ләзiм. Жылдың үздiк адамын таңдап, жылдың таңдаулы шығармаларын анықтауды да Наурыздан бастаған жөн. Бiз мұның бәрiн 1 қаңтарда жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Есесiне осы үрдiстiң бәрi наурыз айында жүзеге асса, сонда ғана бұл мерекенiң маңызы артар едi.

Әкiм ЫСҚАҚ, ақын-сазгер:

ҚАЗАҚ ЕКЕНДIГIМIЗДI КӨРСЕТЕТIН МЕРЕКЕ

– Наурызды шын мәнiнде Тәуелсiздiкке лайық тойлатуымыз керек. Өйткенi Наурыз дегенiмiздiң өзi Жаңа күн деген ұғымды бiлдiредi. Бұрын халқымыз Наурызға ерекше дайындықпен келген. Әрбiр отбасы үйiне қос шырақ жаққан, ыдыстардың бәрiне ақ құйған. Бұл адамзаттың Табиғат-анаға деген тағзымын көрсететiн шығар, бәлкiм. Бала кезiмiзде наурыз айы келгенде бұлақтардың көзiн ашып, ағаш отырғызатын едiк. Кеңестер Одағы Наурызды тойламаса да, бiздiң ауыл Наурызды ерекше атап өтетiн едi. Елдегi ағайындардың бәрi наурыз күнi бiр-бiрiмен көрiсiп, құшақтасып, ренiш-өкпелерiн ұмытып, наурызкөже iшiп жататын. Түрлi жарыстар, бәйгелер ұйымдастырылатын едi. Қазiр Наурыз десе, бәрiмiздiң көз алдымызға басқа көрiнiс елестейдi. Киiз үй, дайын тамақтан басқа ештеңе жоқ. Наурыз дегенiмiздiң өзi Достықтың, Ырыстың, Береке мен Бiрлiктiң мерекесi емес пе?! Сондықтан Наурыз тәуелсiздiк күнiнен кейiнгi үлкен мерекенiң бiрiне айналу қажет. Сол күнi қазақтың ұмыт болған, әлi күнге ендiре алмай жүрген салт-дәстүрлерiнiң бәрiн қайта жаңғыртуымыз керек деп ойлаймын. Қазақтың қазақ екендiгiн көрсететiн бiрден-бiр мереке – Наурыз болуға тиiс! Тұсаукесерден бастап, жар-жар, үйлену тойына дейiн өз дәстүрiмен, өз салтымен өткiзiлсе деймiн. Наурыз -Қазақстан атты үлкен шаңырағымыздың ұлттық мерекелерiнiң нағыз қайнарына айналу керек!

Ардақ МҰХАМЕДЖАНҚЫЗЫ, Шелек ауылы, Төле Кенжебаев

атындағы орта мектеп директоры:

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНIНДЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АСҚАҚТАСЫН

– Ұлыстың ұлы күнi Наурыз мерекесi әлi күнге өз деңгейiнде атап өтiлмей келедi. Наурыз – қазақтың отыз күн ойыны мен қырық күн тойы болатын ұлттық мереке. Ертеде бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын едi. Қазiргi кезде ағайынды жақындастыратын әдет-ғұрыптар бұрынғы деңгейiнде сақталмай жүр. Кез келген дүниеден қазақтың ұлттық бояуы кетiп барады. Сахнада өнерiн көрсетiп жүрген әншiлер де халық әндерiн нақышына келтiрiп айтамыз деп, тәп-тәуiр әндерге заманауи үн қосамыз деп құртып жатыр. Қасиеттi қара домбыраның үнiне басқа елдiң аспабын қосып шығарып жүр. Осы тұрғыда келешекте жалпы ұлттық мектептердiң жаңғыруына көңiл бөлiнсе деймiн. Мысалы Райымбек ауданындағы Қарасаздағыдай өнер мектебi Еңбекшiқазақ ауданында да ашылса деген ниетiм бар. Рухы, дiнi, дiлi мығым қазақ ұрпағы домбыраның үнiмен өсуi керек. Ұлттық аспаптың әуенi әрбiр қазақтың құлағында жаңғыруы тиiс. Қазiр тiптi әлемге қазақтың атын әйгiлi еткен Қорқыттың қобызының үнi де құмығып естiледi. Өзiм бiлiм саласында қызмет атқарып жүргендiктен де ұлттық өнердiң дәрiптелуiне ден қоямын. Жыл сайын мектеп ұжымы, оқушылар Наурыз мерекесiн дәстүрлi түрде атап өтедi. Оқушылардың кейбiрi Ұлыстың ұлы күнiнiң шығу тегiне байланысты тарихи зерттеу жасаса, ендi бiрi Наурыз көженiң жасалу әдiс-тәсiлдерiмен танысады. Орталық алаңда киiз үй тiгiлiп, арнайы көрме ұйымдастырылады. Бұл күнi көмекке мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше жәрдем берудi әдетке айналдырып келемiз. Биыл да сол үрдiстi жалғай түспекшiмiз. Осы жерде екпiн түсiргiм келетiнi – ақ мол болсын, ұлыс оң болсын дейтiн қазақтың қалталы азаматтары қайырымдылық шараларына ден қойса екен деймiн.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары