АЛМАТЫДА – ЖАПОН КИНОСЫ
АЛМАТЫДА – ЖАПОН КИНОСЫ
Жақында Жапония елшiлiгiнiң Алматыдағы бөлiмi жапон киносының 11-фестивалiн өткiздi. Фестиваль аясында жапон кинематограф шеберлерiнiң қолынан соңғы он бес жыл iшiнде жарық көрген әр түрлi жанрдағы үздiк туындылары паш етiлдi.
Мұндағы мақсат – әлемдiк киносыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болған сан алуан тақырыптағы бүгiнгi жапон киносын таныстыру. "Цезарь" кинотеатры екi күн бойы алматылық киносүйер қауымға лық толды. Әсiресе "Линда, Линда, Линда" комедиясы мен балаларға арналған "Сиқырлы жаз" атты анимациялық ертегi көрерменнiң көңiлiн жаулап алғанына сөз жоқ. Мәдениетi, әдет-ғұрпы жағынан қазақ ұлтына бiртабан жақын жапондықтардың тұрмысы, бала тәрбиелеудегi басты ұстанымы ешкiмдi де бей-жай қалдырмады. Екi елдiң кино саласын байланыстыра түсетiн шараның ашылу салтанатында сөз алған Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Харада Юдзо мырза: "Аталмыш фестиваль 11 мәрте өткiзiлiп отыр. Жыл сайын жаңа фильмдердi ұсынуға тырысып келемiз. Бұл шара екi елдiң рухани қарым-қатынасын нығайта түседi деп бiлемiн" – деген қуанышын жеткiздi. Сондай-ақ әсерлi кеште Жапония елшiлiгiнiң Алматы қаласындағы бөлiмiнiң басшысы Катамото Масахиро, Сыртқы iстер министрiнiң кеңесшiсi Мақсат Нұрмағамбетов сөз алып, жапон мәдениетiн тануға деген жұртшылықтың құлшынысына ризашылығын бiлдiрдi. Ал 13 наурыз күнi Алматы қаласында "Жапонияның 5-шi мәдени күндерi" өтедi. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары жапон халқының музыкасы мен өнерiн, дәстүрлi және заманауи өнер түрлерiмен, сондай-ақ би, спорт және ас үй мәзiрiмен танысады.
Динара ДҮРМӘН