ЕЛЕУСIЗОВ 1 МЛН. КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗУДЫ ҚОЛҒА АЛМАҚШЫ
ЕЛЕУСIЗОВ 1 МЛН. КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗУДЫ ҚОЛҒА АЛМАҚШЫ
98 мың қол жинап, президенттiктен үмiткер куәлiгiне ие болған "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов елiмiздiң экологиялық мәселесiн түпкiлiктi шешудi қолға алмақшы. Ол ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамының қарсаңында республика бойынша 1 млн. ағаш отырғызып, рекордтар кiтабына енудi көздеп отыр.
Бұдан бұрын Пәкiстанның бiр жауынгерi 36 сағаттың iшiнде 20 мың ағаш отырғызып, рекорд жасапты. Ал президенттiктен үмiткер әрi бастамашыл "Табиғат" одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов бұл рекордты жаңартқысы келетiндiгiн жасырмайды. "Ә дегенде 1 млн. ағаш отырғызсақ, бiздiң бұл әрекетiмiз ұлыбританиялық мамандардың назарына iлiгiп, бүкiл шетелге үлкен үлгi болуы мүмкiн", – дейдi ол.
Жыл сайын өткiзiлетiн акцияға биыл өзге қалалардың тұрғындары да үлкен қолдау көрсетпек. Мәселен Жамбыл облысы, Шу ауданының бiр азаматы науқан басталысымен 20 гектар жердi көгалдандыруға ниет бiлдiрiптi. Ол бұл әрекетке өз еркiмен, табиғатты қорғау үшiн кiрiскенiн айтыпты. Одақ басшысы Мэлс Елеусiзовтiң пiкiрiнше, қоршаған ортаға жанашырлық танытушылар үлкен қалалардан ғана емес, өңiрлерден де табылуда. Олардың денi жастар екен. Сондай-ақ экологтың айтуынша, дәл қазiр жер шарындағы ауа температурасы тұрақсыз болып барады. Оған себеп, атмосферада көмiрқышқыл газдары мөлшерден тыс көбеюде. Нәтижесiнде әлемде көптеген апаттың орын алуына жол берiлуде. Бұл түйткiлдiң алдын алу үшiн айналаны көгалдандыру өте маңызды екенi айтпаса да түсiнiктi.
Ағаш отырғызу – кең ауқымды акция түрiнде жүзеге аспақ. Акцияның бiрiншi кезеңi 20 наурызда басталады. Одан соң айдың аяғына дейiн қалған ағаштар отырғызылатын болады. "Бұл акция жаңалық емес. Бiз 10-15 жылдан берi ағаш егiп келемiз. Жыл сайын Наурыз мерекесi қарсаңында әр адам ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырса, бұл игi iске айналар едi", – дейдi "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы һәм президенттiктен үмiткер Мэлс Елеусiзов мырза.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ