АЛМАТЫДА ЖОЛ ЖҮРУ БИЛЕТТЕРI ЖЕТПЕЙ ҚАЛДЫ

АЛМАТЫДА ЖОЛ ЖҮРУ БИЛЕТТЕРI ЖЕТПЕЙ ҚАЛДЫ

АЛМАТЫДА ЖОЛ ЖҮРУ БИЛЕТТЕРI ЖЕТПЕЙ ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі
418

Бiр айлық жол жүру билеттерiнiң болашағы көп ұзамай-ақ сыр бере бастады. Естерiңiзде болса, наурыздың бiрiншi жұлдызынан бастап қолданысқа енген жол жүру билеттерi жеткiлiктi басылмаған боп шықты, яғни Алматы қаласы халқының зейнеткерлерi мен студенттерiнiң толық саны есепке алынбаса керек.

Биыл қайтадан жаппай қолданысқа берiлген билеттердiң бұрынғымен айырмашылығы жер мен көктей. Жеңiлдетiлген билеттердiң ерекшелiгi онда алған адамның аты-жөнi жазылады. Яғни өзге бiреудiң билетiн пайдалануға мүмкiндiк жоқ. Жеңiлдiкке мектеп, лицей, гимназия, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерi мен зейнеткерлер ие болған. Десек те осы билеттер толық басылып шығарылмағандықтан аталмыш әлеуметтiк топ бiраз шығындалып отыр. Мұны айтып отырған себебiмiз, билет енгiзiлген күннен бастап "Қазпресс" дүңгiршектерiнiң алды дау-дамайға толып, халықты әуре-сарсаңға салды. Өйткенi айлық билеттi сатып алу үшiн зейнеткер жеке куәлiгiнiң номерiн тiркетуi тиiс. Мәселен қаламызда 164 мың зейнеткер тұрады екен. Соның iшiне 23 мың зейнеткер ғана жеңiлдiгi бар жол жүру билетiне қол жеткiзсе, қалғандары қол қусырып қалған. Бұндай байбаламға жауап ретiнде Алматы қаласы Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы жеткiлiктi мөлшерде тапсырыс берiлмегендiгiн тiлге тиек етуде.

Ал билетсiз қалған бiлiм ордаларының студенттерi аты-жөнi жазылған қосымша айлық жол жүру билетi дайын болғанша жол ақысының толық құнын төлеуге мәжбүр. Тiптi құзырлы органдар да мұндай билеттiң дәл қашан баршаға толық жететiнiн басып айта алмай отыр. Керiсiнше дер кезiнде жоғарғы оқу орындарының көбi "Алматыгортранс" ЖШС мекемесiне нақты тапсырыс бермеген деп отыр. Бүгiнде 90 мыңнан астам студенттiк жеңiлдiгi бар билеттер сатылыпты. Ал қаламызда 200 мыңнан астам студенттер бар екенiн ескерсек, бұл мүлдем аз.

Жаңа, халыққа тиiмдi деп қолға алған iстерiн толық жүзеге асыра алмаған қала шенеунiктерiнiң оралымсыздығы жұртшылықтың iштей наразылығын туғызуда. Бiр сөзбен айтсақ, зейнеткерлер мен студенттерге алғашқы билеттер толықтай басылып үлгермедi. Ал ай сайын жаңа билет басуға үлгере ме?

А. Бейiмбетқызы

Серіктес жаңалықтары