БЕЙБIТ КҮННIҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ
БЕЙБIТ КҮННIҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ
Ел үшiн отқа да, суға да түсетiн азаматтар әр заманда да болған. Бүгiнгi өркениеттi қоғамда да бар. Ерлi-зайыпты қарапайым Червяковтар отбасы он сегiз баланы бауырына басып, жүрек жылуларын бөлуде. Ең кенжесi алты жасқа келген сүп-сүйкiмдi балалардың жүзiнде күлкi, көкiрегiне қуаныш ұялатқан қарапайым ананы бейбiт күннiң батыры деп атамасқа бола ма?! Ең бастысы, ана қолындағы барымен он сегiз баласын асырап, әлпештеп, аялап отыр.
"Бiрлiгiмiз жарасқан" жобасының иегерлерi анықталды.
Бейбiт күнде көзсiз ерлiкке барып, бiр адамның өмiрiн сақтап қалған арда азаматтар ел арасында жетерлiк. Бүкiл республика жұртшылығы атын атап, түсiн түстемесе де, олардың қарапайым ерлiгiн жерлестерi жақсы бiледi. Сол үшiн құрметтейдi де. Қарапайым ауылдастарының ризашылығына бөленген азаматтарды қадiрлеп, арнайы марапаттау мақсатында "Бiрлiгiмiз жарасқан" жобасы ұйымдастырылған едi.
КТК телеарнасы мен Қоғамдық саясатты дамыту институты, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Қазақстанның Iскер Әйелдерi Ассоциациясы бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара елде ерлiгiмен көзге түскен азаматтарды құрметтеу, алғысын бiлдiру болатын. Бiр жылға жуық жүргiзiлген бұл шара өз мәресiне жетiп, еңбегiн ел елеген жандар марапатқа ие болды. Елдiң құрметiне бөленгендердi анықтаған да қазылар алқасы емес, халықтың өзi.
Мыңға жуық үмiткерден iрiктелiп алынған 20 адам арнайы Алматыға келiп, марапатталды. Олардың арасында жамбылдық Дәулетбек Байғабылов та бар. Дәулетбек аға былтыр шiлдеде Алматы-Ташкент тас жолында апатқа ұшыраған автобустан 15 адамды аман алып шыққан. Сол қайғылы оқиғадан өзi де үш бауырынан айырылды.
Сондай-ақ "Бiрлiгiмiз жарасқан" сыйлығына лайық деп танылғандардың бiрi – 13 жастағы Жандос Iлияс. Жеткiншек өз жанын шүберекке түйiп, жанып жатқан үйден бес жасар Ерасылды құтқарып қалған.
– Өзiмдi халық қаһарманы деп айта алмаймын. Менiң бұл iстегенiм, өрттен бала алып шыққаным – өзiмнiң қазақстандық азамат ретiнде iстеген борышым деп ойлаймын, – дейдi Жандос.
Ал оралдық хирург Владимир Плотниковты өзi өлiм аузынан арашалап қалған науқастары батыр болуға лайық деп тауыпты. 36 жылдан берi ол жетi мыңға жуық операция жасаған екен. Сыйлықпен марапатталған кейiпкерлерiмiздiң барлығы қарапайым жандар, тек бас пайдадан өмiрлiк құндылықтарды жоғары қоя бiлгендер.
– Елiмiзде онсыз да танымал адамдарды марапаттайтын сыйлықтар көп. Сондықтан да бiз тек еңбегi еленбеген, қарапайым адамдарды қаһарман деп табуды жөн көрдiк. Бiзде мұндай адамдардың көп екендiгi қуантарлық, әрине. Сондықтан шешушi сәтте қиналғанымыз рас,– дейдi Қоғамдық саясатты дамыту институтының директоры Шолпан Байболова.
Үшiншi рет өткiзiлiп отырған бұл шара әлi де жалғасын табады деген үмiттемiз. Өйткенi ел арасында ерлiгi әлi де еленбеген қаһармандарымыз көп. Олардың игi iстерi бәрiмiзге үлгi болуға тиiс.
Гүлзина Бектасова