"ҚҰЛЫНШАҚТАР" КӨКТЕМ МЕЙРАМЫНДА
"ҚҰЛЫНШАҚТАР" КӨКТЕМ МЕЙРАМЫНДА
Кешелi-берi асқар Алатаудың биiк шыңдарындағы түгiлi, қаламыздың әсем көшелерiндегi аппақ қар да күннiң сәулесiмен жылт-жылт етiп, маңайын нұрландырып тұрғандай. Тым-тым ерекше қытымыр аязы, қалың қарымен қала халқын бiр тоңдырып, бiр жылытқан биылғы қыспен де қоштасатын мезгiл жеткендей.
Иә, жылдың бұл мезгiлiнiң орны бөлек. Өйткенi жер бетiне тiршiлiк нәрiн сеуiп келе жатқан көркем мереке – Аналар мейрамымен басталады. Табиғат-анамен бiрге адамзат баласының да жасарып-жаңаратын, "жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн" тұсы да осы кез. Дегенмен маңайындағы таныс-бейтаныстардың жүзiнен әлдебiр жұмбақ жымиысты көргенде өзiңнiң де iшкi жан-дүниеңдегi әдемi бiр иiрiм алға, болашаққа жетелегендей, әлде зымыран уақыттың жылдамдығына өкпе ме, жоқ өткенге кеткен сағыныш-наз ба, кеудеңдi керiм бiр күй кеулегендей әсер алатыныңыз ақиқат.
Болашақ демекшi, өмiрiмiздiң жалғасы, артымыздан ерiп келе жатқан балғын балдырғандарымыз, әсiресе Аналар мейрамын жыл сайын ерекше қуанышпен қарсы алады. Тау бөктерiне таяу болмаса да қаланың орта тұсындағылардан таза ауасын ертерек жұтатын "Орбита-3" ықшам ауданындағы №85 "Бидайық" балалар бақшасының "Құлыншақ" тобы тәрбиешi Бақыт апайдың жетекшiлiгiмен көктемнiң Аналар мерекесiн бастап та кеттi.
Бiреудiң тұңғышы, ендi бiреудiң кенжесi, тiптi немерелерiнiң өнерiн тамашалаушылардың арасынан ақ жаулықты әжелердi де көрiп қалдық. Балдырғандар шат-шадыман. Бiр-бiрiнiң қолдарынан мықтап ұстаған олардың алаңсыз тұрыстары жүрегiмiзге жылылық ұялатып, былдырлаған тiлдерi қазақ деген халықтың болашағына сенiмiмiздi нығайта түскендей. Әжелерiне, аналарына, тәрбиешiлерiне, тiптi қол ұстасып тұрған құрбы-қыздарына арнап айтқан тақпақтары, әндерi мен күйлерiн өз халдерiнше жеткiзiп жатты.
Қара көз, қара домалақтардың ертеңi – қазақтың ертеңi, болашағы екенiн ескерсек, осынау сәбилердiң көздерiндегi отқа, саңқылдап тұрған дауыстарына, қазақтың әдемi де көркем мақал-мәтелдерiн айтқандағы екпiндерiне қарап, iштей тәубә жасап, Жаратқаннан осы бiр буын өкiлдерiне амандық тiледiк…
Таңсұлу Алдабергенқызы