ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
ашық дереккөзі
234

5 наурыз – ұлт көшбасшыларының бiрi, Алаштың арда ұлы Әлихан Бөкейхановтың туған күнi. Қазақ халқы ұлт қайраткерiнiң туған күнiн атаусыз өткiзбегенi абзал. Ұлтын сүйген, қазақтың кең сахара даласын сүйген ұлы жүрекке – 145 жыл. Ұлттың қамын жеген, ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолында басын бәйгеге тiккен қайраткердiң мерейтойы қарсаңында Алаш азаматының "Қазақ" газетiнде жарық көрген "Қазақтың тарихы" атты мақаласынан үзiндi берудi жөн көрдiк.

Бiр сыпыра халқы, түрiктерден көрмекшi, салт-әдет айтып, бiздiң қазаққа ұқсағаннан соң "Казаший" ("Казачье войско") атанып кеткен. Орыстың атты әскерi қазақпын десе, бiздiң қазақ өзiнiң атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекшi емес. Қияметке шейiн қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзiн ашып, бетiн түзесе, өзiнiң қазақшылығын жоғалтпағандай және өзiмiздiң шарқ әдетiне ыңғайлы қылып "Қазақ мәдениетi" (Казакская культура) құрып, бiр жағынан "Қазақ әдебиетi" (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы.

Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бiр жұмысы: мекемеден шеткерi болған һәр бiр iстi орында, һәр бiр iсте "киргиз" деген жаңылыс атты қойып "казак" деген атты қолдауы тиiс. Бұл болмайтын iс, ағынға қарсы (против течения) деген сөз – сөз емес, бiз – суды терiс ағызған атаның баласымыз!

Қазақтың тарихы турасында және екiншi хата: осы күнгi қазақты ұлық Шыңғыс ханнан бұрынғы замандарда болған қырғыз қауымының нәсiлiнен деп түсiну (!). Олай түсiнудiң хата екендiгi аз ойлау менен бiлiнетiн нәрсе. Осы күнгi қазақ(тың) ол қырғыздың нәсiлiнен емес екендiгiне дәлел толып жатыр.

Осы күнде қазақта қыпшақ, арғын, керейiт, найман, қоңырат деген рулар бар. Бұл рулар анау қырғыздардан басқа болып, олар менен қатар жүрiп, қатар тұрған елдер едi. Ендi қырғызбенен қатар жүрген найманды қалай бұрынғы қырғыздың нәсiлiнен деп айтуға болады?!

Қырғыз бен қазақ арасында қандай басқалық барлықты, сөздiң ретi келген сайын баяндап тұрмақпыз. Әзiр ұғатынымыз мынау: қазақ бен қырғыз басқа қауым; бұл қазақ хазiрет Ғайсаның (Иса) ар жақ, бер жағындағы қырғыздың нәсiлiнен емес, қазақ "киргиздiктi" қойып, қазақты қуаттауы тиiс.

Түрiк баласы. "Қазақ" газетi, № 3, 1913 жыл.

Серіктес жаңалықтары