БҮТIН БОЛСА, ЕЛ ЖАҚСЫ
БҮТIН БОЛСА, ЕЛ ЖАҚСЫ
Барыс жылы Павлодар өңiрiнiң еңсесiн көтерген, табысты жыл болды. Үкiмет қабылдаған индустриалды-инновациялық бағдарламаның негiзгi тетiгi осы өңiрде жүзеге асып жатқаны белгiлi. Мұндай жетiстiктерге өнеркәсiп орындарына инвестициялар тарту арқылы қол жеткiзiлiп отыр.
Бұл – Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаевтың халықпен болған есептiк кездесуiнде айтылған сөз. Аймақ басшысы былтырғы жылды оң көрсеткiштердi қорытындылап, келешектегi бағыт-бағдарлы жоспарымен бөлiстi. Индустриализация картасының 67 жобасының 30-ы 102 миллиард теңге сомасында қолданысқа енгiзiлсе, жылына 250 мың тонна бастауыш алюминдi шығаратын электролиз зауыты да қарқынды түрде iске қосылды. Айта кету керек, Павлодар өңiрi – өндiрiс ошақтарының мекенi. Елбасының қатысуымен өткен "Күштi Қазақстанды бiрге қалаймыз" атты акция кезiнде Ақсу ферроқорытпа зауытындағы агломератты агломерациялық фабрикасы, Екiбастұз қаласындағы "Қазақстан вагон құрылыс компаниясы" ЖШС базасында жүк вагонының өндiрiсi және "Каустик" АҚ хлор мен мембранды әдiспен каустикалық сода үшiн қондырғы өндiрiсi тұсауын кескенiн дүйiм жұрт бiледi. Индустриализация жобасы өнеркәсiп орталықтарына ғана емес, аудандағы ауылдарға да өз септiгiн тигiзуде. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданындағы 8,5 мың тоннаға көкөнiс қоймасы мен Успен ауданындағы сүт-тауар фермасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етiп келедi. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жергiлiктi тұрғындарға 2,5 мыңнан аса жұмыс орнын ұсынып үлгердi.
Павлодар облысы әкiмi Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға негiзгi көздерден 25 миллион теңгеден аса қаражат бағытталған. Бұл қаржы шағын кәсiпкерлiктiң 150 нысанына пайдаланылып, секторда 115 мың адамның нан тауып жеуiне мүмкiндiк берiлiптi.
Сондай-ақ облыс әкiмi былтыр бiлiм беру бюджетiнiң 3 миллиард теңгеге артқанын айтты. "Елбасының "Балапан" бағдарламасы өз деңгейiнде iске асуда. Бiз жыл бойы 9877 баланы мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемесiне орналастырамыз. Қазiргi кезде 14 балабақша қайта қалпына келтiрiлiп, 100-ден аса шағын орталық ашылды. "Қазақстан Алюминийi" зауыты 240 орындық балабақша салып, бүлдiршiндерге қуаныш сыйлады" – деген Бақытжан Сағынтаев орта мектептiң 12 жылдық бiлiм жүйесiне көшуге дайындығын қызу қолдады. Бұған сәйкес, 2015 жылға қарай 200-ден астам мектеп республикалық бюджет есебiнен салынады.
Азаматтардың денсаулығын қорғау мемлекеттiк саясаттың ұзақ мерзiмдi басымдықтарының бiрi. Белсендi iс-шаралар нәтижесiнде әлеуметтiк маңызды аурулар көрсеткiшi азайып, сәбилер мен аналар өлiмi 2,5 есеге төмендеген. Бұл салада маңызды мiндеттiң бiрi – шалғайдағы ауылдардағы тұрғындарды бiлiктi дәрiгерлiк көмектiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету. Әкiм өз есебiнде аймақтағы 412 ауылдық елдi мекеннiң 335-iнде болып, жергiлiктi тұрғындарды мазалаған мәселелермен көзбе-көз танысқанын жеткiздi. Ол өзi түйген ауыз су, жол, мәдениет ошақтары мен бiлiм беру мекемелерiн жөндеуге қатысты түйткiлдердiң жақын арада шешiлуi мүмкiн екендiгiн де қаперге салды.
Есептiк кездесу барысында облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаев еңсемiздi тiктеген тәуелсiздiктiң 20 жылдығын да ерекше көңiл-күймен атап өтуге шақырды. "Тарихта 20 жыл – бұл үлкен кезең емес. Елбасының саясаты негiзiнде Қазақстан халқы бұл уақыт iшiнде көп жетiстiкке жеттi. Бiз елдiгiмiздi нығайттық, жаңа нарықтық экономиканы құрдық. Әлемдiк тәжiрибеде Тәуелсiздiктiң 20 жылы iшiнде бiрде-бiр ел мұндай биiкке жеткен жоқ" деген облыс әкiмi өз ойын былайша сабақтады: “Тәуелсiздiк – бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған қастерлi ұғым. Бүгiнгi күнi өзiн-өзi билеген ел атандық. Биiк мақсаттар мен асқақ армандарға қол жеткiздiк. Егемендi ел болғалы бiз бағындырған белестер – мемлекеттiк саясаттың сындарлы жемiсi, абыройлы ұлттың ұлы жеңiсi.
Бүгiнгi күнi тарих толқынына сан мәрте төтеп берген қайсар халқымыздың бет алған бағдары айқын. Ал "Бағыты дұрыс кеменiң желi әрдайым оңынан туатыны" айдан анық. Ендiгi мақсат – осы жолда баршамыз бiр адамдай жұмылып, елiмiздiң ынтымағын нығайтып, ортақ мүддеге қызмет етуiмiз керек. "Бүтiн болса – ел жақсы" дейдi ғой халқымыз. Ендеше осы қағиданы негiзге алып, бiрлiгiмiздi бекем, тiрлiгiмiздi көркем қылуға атсалысайық!”
Жаңабек ШАҒАТАЙ