КЕРЕКУ ӨҢIРIНIҢ ДАМУ КӨКЖИЕКТЕРI
КЕРЕКУ ӨҢIРIНIҢ ДАМУ КӨКЖИЕКТЕРI
Өткен аптада вице-премьер, Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Жыл соңында Үкiметте 2010 жылға қорытынды жасалып, 2011 жылдың бiрiншi жартыжылдығына жүзеге асырылуы тиiс жоспарлар нақтыланған едi. Сонда 2011 жылдың еншiсiне аймақтық экономикалық аудандарды дамыту мәселесi алға қойылған-ды. Осы орайда Павлодар облысына сапар жаңа бағдарламаны iске асырудың бастамасы болып отыр.
Ең әуелгi ауызға алынған мiндеттi жоба – инвестиция тарту. "Аймақтарда инвестиция тарту жұмысын жақсарту қажет", – дедi министр. Сондықтан министр осы сапары барысында инвесторларға жергiлiктi аймақтық басшылық тарапынан қамқорлық жасау қажеттiгiн атап өттi. Яғни әр облыста қандай зауыттар бар, жалпы мүмкiншiлiктерiнен хабардар болуы тиiс. "Әкiмдер iс басындағы инвесторлардың проблемаларын шешiп, қай елден саланың қай түрiне инвестор тарту керектiгiн бiлуi шарт", – дедi Әсет Исекешев мырза.
Бұдан кейiн министрлiк басшысы iрi өндiрiстiк орындардың жұмыс барысымен танысты. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша елiмiздiң көптеген кәсiпорындарға қолдау көрсеткенi мәлiм. Осы орайда инновациялық жобаларды қабылдап, экспортқа бағытталған, экологиялық өндiрiс жобаларын қаржыландырылатыны айтылды. Бюджет қаражатына несиелердiң бiр бөлiгi субсидияланатын болады, жаңа өндiрiстердiң инфрақұрылымдары құрылып, кадрлар дайындала бастайды. Бұл аймақтағы iрi өндiрiс орындарын аралап, танысып шыққан Исекешев мырза: "Павлодар облысындағы барлық энергетикалық жобалар жұмыс iстеуде, қаржыландыру бар, барлығы дәл уақытында пайдалануға берiлетiн болады", – деп атап өттi Екiбастұз ЖЭС-1 нысанында. Бұл жерде инвестициялық бағдарламаның артықшылықтары түсiндiрiлiп, жүзеге асу барысы туралы айтылды. Бұл iрi кәсiпорында 2012 жылы Қазақстанның электр қуаттылығы ресурстық сұранысын қамтамасыз ететiн, республиканың экспорттық әлеуетiн арттыратын №8 блокты орнату жұмыстары басталды. Оның инвестиция көлемi – 23,4 миллиард теңге, ал жобалық қуаттылығы – 500 МВт.
Сондай-ақ үшiншi энергоблок құрастырылатын ЖЭС-2 мен 2017 жылы көмiр қазу көлемiн 40 миллион тоннаға жеткiзетiн "Богатырь Көмiр" ЖШС да өздерiнiң инвестициялық бағдарламаларын таныстырды. Ал 2011 жылдың соңында Екiбастұзда жылына 2,5 мың вагон шығаратын "Қазақстан вагонқұрастыру компаниясы ЖШС" жұмыс iстей бастайды.
Аймақ әкiмi Бақытжан Сағынтаев ҮИИД мәселесiне арналған кеңесте Павлодар облысының тұрмыстық әлеуетiн қорытындылады. Бүгiнде аймақта жалпы сомасы 875 миллиард теңгенiң 42 жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың 12-сi республикалық Индустрияландыру картасына енiп отыр. Биыл аймақта жалпы сомасы 152 миллирд теңгенiң 24 жобасы аяқталуға тиiс. Оның iшiнде 10 жоба бiрiншi жартыжылдықтың еншiсiнде.
Өңiрдiң инвестициялық әлеуетiн жоғары бағалаған Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешев: "Павлодар облысы – республикадағы көшбасшы аймақтардың бiрi. Жаңа нысандарды iске қосып, қазiргi жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi қайта жаңғыртуда. Бiз барған барлық кәсiпорындар iрi жобаларды жүзеге асыруда, iрi көлемде өнiм өндiрiп, экспортқа шығып жатыр, бұл әрине қуантарлық жағдай", – дедi.
Ж.Баққондыұлы