ЖИРИНОВСКИЙ БАТУРИНАНЫҢ БИЗНЕСIН ЖЕРЛЕП ТЫНБАҚ

ЖИРИНОВСКИЙ БАТУРИНАНЫҢ БИЗНЕСIН ЖЕРЛЕП ТЫНБАҚ

ЖИРИНОВСКИЙ БАТУРИНАНЫҢ БИЗНЕСIН ЖЕРЛЕП ТЫНБАҚ
ашық дереккөзі
196

Ресей олигархтарының қаржылары қатаң тексерiлуде

Мәскеудiң бұрынғы мэрi Юрий Лужков тағынан тайғалы берi оның әйелi Елена Батурина да жанын қоярға жер таппай жүр. 15 млн.-дай халқы бар Мәскеудi 18 жылдан астам уақыт басқарған мэрдiң жылы орнын аяқ астынан босата салуы да кездейсоқ емес. Ресей президентi Д.Медведевтiң бұйрығына сәйкес, Лужков сыбайлас жемқорлықтың өршiп кетуi мен көлiк тығыны кептелiсiнiң шешiлмегендiгi үшiн қызметiмен қош айтысқан. Оған қоса Мәскеу қаласының соңғы екi жылдағы қаржылық көздерiн тексеру барысында 230 млрд. рубльдiң қолды болғаны анықталды.

Тiптi күн сайын жаңа бiр былығының бетi ашылып жатқандығынан сескенген Лужков былтырғы жылдың аяғында Латвиядан тұрғылықты азамат ретiнде құжат алуға әрекеттенiп едi, онысынан түк шықпады. Ол Латвияның экономикасына инвестиция құйып жатқандығын алға тартып, бiрнеше жылжымайтын мүлiгiнiң барын да жайып салған. Соған қарамастан жергiлiктi құзырлы мекемелер экс-мэрдi «қара тiзiмге» iлiктiрiп, Латвия аумағына жолатпайтын боп келiстi. «Сасқан үйрек артымен жүзедiнiң» керi шығар, Лужков өзiнiң аты мен абыройын қорғау үшiн Мәскеуден ешқайда кетпейтiндiгiн айтып ақталды.

Бүгiнде Лужковтың әйелi Елена Батуринаның да қылмыстық әрекеттерi әшкере болып жатыр. ЛДПР партиясының жетекшiсi, Мемдуманың вице-спикерi Владимир Жириновскийдiң мұрындық болуымен Батуринаның «Интеко» компаниясына тексеру шаралары жүргiзiлдi. Оның қолындағы бұлтартпас құжаттар мен материалдар бойынша Ресей Федерациясының Тергеу комитетi Елена Батуринаның жеке есепшотындағы 13 млрд. рубльдiң (444 миллион доллар) қайдан келгенiн анықтауға кiрiсiп кеттi. Тергеу комитетi ұсынған мәлiметке қарағанда, қомақты ақша Батуринаның есеп-шотына «Мәскеу банкiнен» «Премьер Эстейт» компаниясы арқылы түсiп отырған. Бюджеттiң қаржысын аямай асап жүрген Лужковтың отбасы экономикалық дағдарыс қыспаққа алған уақытта да алаяқтық жолмен есеп-шоттарын қампайтуды көздеген. Тiптi былтыр бұл отбасының ұзақ жылдан берi жасап келген былықтары жайлы материалдармен премьер-министр В.Путиннiң өзi танысып, прокуратураға табыс еткен едi. Бiрақ Лужков мэр болып дүркiреп тұрған кезде мұны ешкiмнiң де тексеруiне дәтi бармағанға ұқсайды.

Ал өзiне жабылған айыпты жоққа шығарған Батурина ханым жалған ақпаратты таратқан ақпарат құралдарын сотқа беретiндiгiн жеткiздi. «Бұл маған тағылған жала. БАҚ өкiлдерi мұның анық-қанығына жетпей жатып, қара күйе жағып жатыр. Оларды сотқа берем. Әрi өзiмнiң жеңетiнiме де сенiмдiмiн», – дедi ол. Бұған қыңқ етпеген баспасөз, телеарна басшылары: «Бұл жерде қорқатын дәнеңе де жоқ. Себебi тiлшi қауымы жария еткен бұл мәлiметтер Тергеу комитетiнiң ресми сайтынан алынып, сiлтеме жасалған», – деп сабырға шақыруда. Айта кету керек, Елена Батурина бұған дейiн де тiлшiлердiң зәресiн қашырған. Былтыр ол «Financial Times» газетiн «Лужков үлкендiгi жағынан Лондондағы екiншi зәулiм сарайды сатып алды», – деп жазғаны үшiн сотқа сүйреп, кешiрiм сұратқанын ешкiм ұмыта қойған жоқ.

Дегенмен бұл жолы Елена Батуринаның заң алдында жауап беруiне тура келетiн сияқты. Ол 13 млрд. рубльдiң өз есеп-шотында жатқанын жасырмайды да. «Бұл ақшаның менде екендiгiн бiле тұра, ұзақ уақыт не үшiн iздеу салынды? Ол аздай, осы ақшаның есебiнен қыруар салық төледiм. Ресейдiң есебiнде жатқан ақша офшорлық шоттар арқылы басқа жолмен кетiп жатса, оған кiнәлi емеспiн», – деген Батурина ханым қылмыстық әрекетiне қарамастан, «Егер менi түсiнiктеме алуға шақыратын болса, Мәскеуге келуге дайынмын. Ол үшiн жаланы растайтын дәлел керек қой», – деп салды. Бұл ойын «НТВ» телеарнасына берген сұхбатында жалғай түскен Батурина: «Мәскеу – менiң туып-өскен Отаным. Бiрақ екi баламның жетiм өскенiн қаламағандықтан бiраз уақыт сыртта жүргенiм пайдалы. Ал Лужков Ресейден кетуге мәжбүр емес. Оның мұнда сүйiп iстейтiн оқытушылық қызметi бар», – дедi. Айтпақшы, Ресейдi дүрлiктiрген Лужков пен оның әйелi Батуринаның Солтүстiк Қазақстан облысынан 16 элеваторды сатып алғандығын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Түптiң түбiнде олардың да қандай қаржыға сатып алынғандығына Қазақстанның құқық қорғау органдары баса назар аударуы тиiс шығар.

Ресейдiң ақпарат құралдарының басты нысанына айналған екiншi бiр кейiпкер –Борис Березовский. Мәскеудiң сұрауы бойынша француздық құқық қорғау мекемелерi олигархтың екi яхтасы мен басқа да бағалы дүниелерiн тұтқынға алды. Ресейдiң прокуратурасының мәлiмдеуiнше, құны 20 миллион долларға бағаланатын яхта Францияның оңтүстiк жағалауынан табылған. Бiр қызығы, бұл яхта тек олигархтың еш кедергiсiз демалуын қамтамасыз ететiн маңайындағы қызметкерлерге арналған екен. Францияның құқық қорғау қызметкерлерi мен куәгерлердiң айтуынша, «Гром» және «Молния» яхтасының ұзындығы 15 метрден 50 метр көрiнедi. Алайда Березовский мұны мойындайтын түрi жоқ. Ол Францияда ешқандай яхтасының жоқтығын айтып шыр-пыр болуда.

Былтырғы жылдың қыркүйегiнде Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы Борис Березовскийдiң шетелдiк есепшотта жатқан 300 миллион фунт стерлинг (шамамен 462 миллион доллар) активiн анықтаған едi. Қымқырылған ақшаның бiр бөлiгi, яғни 52 млн. доллары шығынды өтеу үшiн «Аэрофлот-Ресей авиалиниясының» шотына түскен болатын.

Қалай десек те, Ресей билiгi мемлекеттiң қаржысын жемсауытқа айналдырған жемқорлардың соңына түсуге құлшына кiрiстi. Қазiргi кезде 13 млрд. рубльдi қолды қылған Елена Батурина Австрия мен Ұлыбританияның бiрiнде өмiр сүрiп жатса, Ресейдiң ақшасын қалтасына басқан Борис Березовский Францияда уайымсыз тiрлiк кешiп жүр. Ресей билiгi бұдан былай да мемлекеттiң қаржысына тойып, шалқып-тасыған байшыкештердi тексеруiн жалғастыра беретiн сияқты. Ал Қазақстанның ақшасын тиеп алып, шетелге ұшып кеткен экс-шенеунiктер мен экс-банкирлер ше?! Бiздiң мемлекет олардың былықтарын ашып, бюджеттiң қаржысын қайтаруға әрекет жасады ма? Бәлкiм қазақ билiгi көршi Ресей секiлдi қашқындардың есеп-шоттарын тексерудi қолға алуы керек шығар. Сонда ғана шетелдiң банктерiнен шот ашып, iле-шала өздерi қашып кететiн шенеунiктер мен кәсiпкерлерге тоқсауыл қойылар ма едi, кiм бiлсiн?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары