ҚАЗАҚША "Comedy Club"

ҚАЗАҚША "Comedy Club"

ҚАЗАҚША "Comedy Club"
ашық дереккөзі
414

Ресейдiң шоу-бизнесi һәм той-бизнесiнде елеулi абыройға ие "Comedy Club" думанының қазақтiлдi нұсқасы жарыққа шықпақ. Реңiн өзгерткен "7 арна" көрерменге "Comedy Club kz" жобасын ұсынбақ. Аталмыш шоу наурыз айынан бастап жарыққа шығады.

"Comedy Club" – Ресей көрерменiн бiршама шулатқан шоу-бағдарлама. Жеңiл әзiл, анайы қылықтарға толы шоу көбiне жастардың сүйiп көретiн бағдарламасы. Шоу-бағдарламаның әрбiр қатысушысы өзiн резидент деп атайды. Әр апта сайын ресейлiк "ТНТ" телеарнасынан ұсынылған бағдарламаның халыққа кеңiнен танылғаны соншалық, "Comedy Club" резиденттерi өзiнiң жекеменшiк телеарнасын да ашқан. Шоу-бағдарлама орыс КВН-нiң бұрынғы қатысушылары Павел Воля, Гарик Харламов, Гарик Мартерасян сияқты әншi, актер, тележүргiзушiлердiң жұлдызын жаққан едi. Бiрақ "Comedy Club" сыпайылық дегендi бiлмейдi. Шоудағы әрбiр көрiнiс анайылыққа, былапыт сөзге толы. Тiптi шоу резиденттерi өздерiнiң сорақы қылықтарымен талай әншi, актерлердiң шамына тиген-дi. Наурыз айынан бастап қазақстандық көрерменге "Comedy Club kz" жобасы ұсынылмақ. Бұл ресейлiк өнiмнiң қазақстандық нұсқасы болмақ. Бұл жөнiнде "7 арна" басшылығы мәлiмдеген болатын. Шоуға қазақстандық әзiлкештер қатысады. "Comedy Club kz"-тiң резиденттерi, қазақша айтқанда мүшелерi қатаң кастинг арқылы iрiктелген екен. Шоудың әр түсiрiлiмiне қазақстандық әрiптестерiне қолұшын созып, көмек көрсету үшiн ресейлiк "Comedy Club kz" өкiлдерi қатысады. Ресейлiк ескi, қазақстандық жаңа өнiм туралы "Comedy Club" резидентi Гавриил Гордеев: "Бүгiнде әлемде жаңа нәрсе көп. Тың жоба ойлап табу қиын. Олай болса неге бiр-бiрiмiзге көмектеспеске? Оның үстiне Қазақстан мен Ресей дос мемлекеттер" – дейдi қазақ телевизиясына жанашырлық танытып. Ал қазақстандық жобаның продюсерi Евгений Жагалтаев шоуға Ресейден декорациялар әкелiнетiнiн және шоудың ресейлiк нұсқаның стилистикасы негiзiнде жасалатынын айтты. Шоуға 13-15 шақты қазақстандық әзiлкештер және 2-3 ресейлiк "Comedy Club" өкiлдерi қатыспақшы. Ал жалпы "Comedy Club" жобасының продюсерi Тимур Джафаров шоу Қазақстанда үлкен сұранысқа ие болып, халық көкейiнен шығады деп сендiруде. Жаңа шоу-бағдарлама ресейлiк нұсқаның көмескi көшiрмесi болып шықпаса игi…

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары