ҚАРАҚШЫЛАР ҚОЛҒА ТҮСТI
ҚАРАҚШЫЛАР ҚОЛҒА ТҮСТI
Қарағанды облысы Iшкi iстер департаментiнiң қызметкерлерi жедел iздестiру шаралары кезiнде қала дүкендерiне бiрнеше рет қарақшылық шабуыл жасаған топты құрықтады.
Өткен жылдың 31 желтоқсанында бетперде киген екi адам Темiртау қаласының Металлургтер көшесiнде орналасқан дүкенге кiрiп, сатушыны қорқыту арқылы кассадан 40000 теңге ақша мен "Парламент" шылымының 10 шақты қорабын алып кеткен.
Арада бiр апта өткеннен кейiн сол екеу қайтадан Комсомол көшесiндегi дүкендегi сатушыны қорқытып, 70 000 теңге ақшаны тартып алып, оқиға орнынан тайып тұрған.
9 ақпан күнi жедел алдын алу шаралары барысында полиция қызметкерлерi iстiң мән-жайын тексере келе, аталған фактiлерге қатысы бар деген күдiктiлердi анықтап, жәбiрленушiлердiң айтуы бойынша олардың iзiне түседi. Бiрақ қарақшылар құқық қорғаушыларға бағынбай, қарсылық көрсетiп, "Мицубиси" автокөлiгiмен қашып кетпекшi болады. Заңсыз әрекеттiң жолын кесу үшiн полиция қызметкерлерi автокөлiктi мәжбүрлеп тоқтату үшiн табельдiк қару қолданған. Сақшылар ауаға екi рет ескерту оғын, одан соң автокөлiктiң артқы оң жақ дөңгелегiне оқ атқан. Бiрақ бұл әрекетке де көндiкпеген күдiктiлер одан әрi қашқан. "Тәуелсiздiктiң 10 жылдығы" көшесiне келгенде олар автокөлiктi тастай салып, қайтадан iздерiн жасырмақшы болған. Бiрақ полиция қызметкерлерi оларды сол мезетте қолға түсiрдi.
Қазiргi таңда қарақшылық шабуыл жасаушылардың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Айым СӘДУАҚАСОВА