Кәрiм МӘСIМОВ: ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ – БАСТЫ МIНДЕТ

Кәрiм МӘСIМОВ: ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ – БАСТЫ МIНДЕТ

Кәрiм МӘСIМОВ: ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ – БАСТЫ МIНДЕТ
ашық дереккөзі
533

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Алматы және Астана қалалары мен облыс әкiмдерiне iшкi нарықтағы сауда-саттық бағаларын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан нарығына тауар жеткiзу мен баға мәселесiн Кедендiк одақта қол жеткiзген келiсiмдер бойынша жүзеге асырудың маңызды екенiн ескерткен.

Бүгiнгi таңда күнделiктi қолданыстағы әлеуметтiк тауарларға баса көңiл бөлiнуi керек. Қымбаттап жатқан да осы айналымдағы азық-түлiк. Оның қымбаттауының бiр себебi – базардағы сауда орнын жалға берудiң себепсiз көтерiлуiнен.

Күн санап азық-түлiктiң қымбаттап келе жатқаны жасырын емес. Жекелеген тауар түрлерiн айтпасақ та, елiмiзде жасалатын және сырттан тасымалданатын тауардың бағасы бiрдей қымбаттап келедi. Оған тосқауыл қою мақсатында премьер-министр аймақ әкiмдерiне қатаң тапсырма бердi, яғни өз аумағын азық-түлiкпен тиiмдi бағада қанағаттандырып отыру. Бұл тұрғыда жылдық есебi қамба толы астықты көрсететiн әкiмдер бүгiнде көкөнiстiң кейбiр түрлерiнен өңiрлерде дефицит қалыптасқанына аң-таң. Мәселен картопты өңiр саналатын аудандарда келiлеп алатын қор ғана қалған. Тiптi көкөнiске бай оңтүстiк өңiрлерде де тапшылық туындап отыр. Бұл дегенiңiз бағаны қалай құрықтасаң да, күрмеуге келмейтiнiн бiлдiрсе керек.

Үкiмет қадағалауында тұрған азық-түлiк бағасының шарықтауы неге байланысты? Бұл сұрақтың жауабын Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы Мәжит Есенбаев өткен жылдың күз айларында маусымдық науқан кесiрiне сiлтеген едi. "Қыркүйек айынан бастап баға бойынша азық-түлiк тауар нарығындағы жағдай оңтайлы ахуалды қажет етедi. Атап айтқанда, баға өсiмi орын алуда. Осы орайда құрғақшылыққа, азық-түлiк тауарлары бағасының маусымдық өсуiне, сондай-ақ нарық талаптарын дұрыс сақтамаған субъектiлердiң iс-қимылдарына байланысты", – деген-дi агенттiк төрағасы. Ал қазiргi қымбатшылыққа не жорық?! Бiрақ оған да жауап дайын: көктем айларында азық-түлiктiң азаюына байланысты жыл сайын мiндеттi түрде қымбатшылық болады, ал соңынан сол баға сақталып қалады. Ендеше мұны маусымдық науқан дей аламыз ба?

Қазақстанда азық-түлiктiң экспорттық ағындары мен iшкi нарыққа азық-түлiктi жеткiзудi теңдестiру қажет деген бастама көтерiлуде. "Бұл азыққа баға әлемде өсетiндiктен, алдағы уақытта жедел өсетiнiн де көремiз. Кез келген өндiрушi өз өнiмдерiн экспортқа жiбергiсi келедi, өйткенi ол онда жоғарырық пайда табады. Сондықтан экспорт пен iшкi нарыққа азықты жеткiзу арасында тепе-теңдiктi сақтау үшiн жүйенi реттеу қажет", – дедi Кәрiм Мәсiмов.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары