БАҒА РЕСЕЙМЕН ТЕҢЕСТIРIЛДI, АЛ ЖАЛАҚЫ ШЕ?!.

БАҒА РЕСЕЙМЕН ТЕҢЕСТIРIЛДI, АЛ ЖАЛАҚЫ ШЕ?!.

БАҒА РЕСЕЙМЕН ТЕҢЕСТIРIЛДI, АЛ ЖАЛАҚЫ ШЕ?!.
ашық дереккөзі
265

Биыл шiлдеден бастап Кедендiк одақтың жаңа тәртiптерi жүзеге асатын болады. Бұл өзгертулер Еуропадан әкелiнетiн ұсталған автокөлiктердiң Кедендiк баж салығына орай болмақ. Осыдан былай еуропалық автокөлiктердiң кедендiк баж салығы ресейлiк баж салығымен теңестiрiледi. Демек еуропалық ұсталған көлiктердiң құны 25-50 пайызға дейiн қымбаттайды.

Қазiр Кедендiк одақ аясында үш мемлекеттiң арасындағы сауда айналымы, тiптi барып-келу де кеденсiз жүзеге асырыла бастады. Яғни арадағы шекара ашылды деген сөз. Бұл елдегi тауар бағасын ырықтандыруға ерiксiз мәжбүрлейдi. Егер Ресейде ұнның бiр килосы – 25-30 ресей рублiне тең болса, Қазақстан мен Белоруссиядағы бiр кило ұнның бағасы да осы дәрежеде болуы тиiс. Себебi шекара ашық болғандықтан, көршi мемлекеттердiң алыпсатарлары бiрiндегi арзан тауарды екiншiсiне тасып әкетедi. Бұл өз кезегiнде сол мемлекеттегi тауар тапшылығына әкеп соғады. Демек үш мемлекеттегi бағаның бiр-бiрiмен ыңғайлас болуы заңдылық. Бiрақ тағы бiр мәселе бұл бағалардың барлығы Ресейдегi бағамен теңестiрiлуге тиiс. Келiсiм солай.

Алайда бұл ретте ескеретiн тағы бiр жайт – Қазақстан мен Белоруссиядағы әлеуметтiк төлемдердiң Ресейден бiршама төмендiгi. Айталық, 2010 жылы Қазақстандағы айлық есептiк көрсеткiш – 1473 теңге, ең төменгi күн көру минимумы – 14 752 теңге (100 $) болған болса, Белоруссияда ең төменгi күн көрiс минимумы – 282 125 беларусь рублi (92,5 $) деңгейiнде, Ресейде – 5198 ресей рублiне (176 $) жеткен.

Конституция бойынша ең төменгi айлық жалақы осы күнкөрiс минимумынан төмен болмауы тиiс. Ендеше осы мемлекеттердегi ең төменгi жалақы мен зейнетақыны салыстырып көрелiк. Қазақстанда биылғы ең төменгi жалақы 15999 теңгеге жетiп, айлық есептiк көрсеткiш 1512 теңге болып бекiтiлдi. Биыл Қазақстанда ең төменгi жалақы мен ең төменгi күнкөрiс минимумы теңестiрiлген. Екеуi де – 15 999 теңге. Ресейде ең төменгi жалақы былтыр – 4611 рубль (160 $) болған. Бiрақ Ресей Федерациясында 99 субьектiге орай, орташа айлық жалақысы мен төменгi зейнетақы көлемi әр субьектiде әрқалай. Мәселен биыл 1 қаңтардан Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысындағы ең төменгi зейнетақы көлемi 11 мың рубльге (380 $) жеттi. Бiздiң ақшамен 55 мың теңге. Жалпы алғанда Ресейде орташа зейнетақы көлемi 250 АҚШ долларына тең екен.

Башқұртстанда ең төменгi айлық көлемi 4300 рубльден 5500 рубльге өскен. Башқұртстан республикасындағы орташа айлық көлемi – 15600 рубль. Бұл көрсеткiш бойынша Башқұртстан Ресей Федерациясында 40-45-шi орынға тұрақтаған. Ресейдегi орташа жалақы – 20 300 рубль (700 $). Ал Сахалин облысында ең төменгi жалақы – 9100 рубльге жетiп, Мәскеу мен Ханты-Манси автономды округiнен кейiнгi үшiншi орынға қол жеткiзген. Мәскеудегi ең төменгi жалақы көлемi – 10 100 рубль, Ханты-Мансиде – 9250 рубль. Демек Ресейдiң көптеген субьектiлерiндегi төменгi жалақы көлемi – төменгi күнкөрiс минимумынан екi есеге дейiн артық. Ресей экономистерi Ресей Федерациясында 25 миллион адам немесе халқының 17,4%-ы күнкөрiс минимумынан төмен көлемде жалақы алатындығын мәлiмдеп отыр. Ал Қазақстан мен Белоруссияда бұл көрсеткiш – 1,2 және 3,6 пайыз. Яғни Қазақстанда күнкөрiс минимумынан төмен жалақымен халықтың 1,2 пайызы күн көрсе, Белоруссияда 3,6 пайызы нан мен суын айырып отыр.

Қазақстандағы ең жоғарғы зейнетақы көлемi 40 мың (275 $) теңгеге жетсе, ең төменгiсi – 18 325 теңге (125$), орташа зейнетақы көлемi – 27 481 теңгенi (190 $) құрап отыр.

Қазақстандағы ең төменгi жалақы ең жоғарғы зейнетақы көлемiнде – 40 мың теңгенiң айналасында болса, орташа жалақы былтырғы жылдың желтоқсан айындағы мәлiмет бойынша 97 мың теңгенi құраған. Ең жоғарғы жалақы – 214 600 теңгеге жеткен. Демек Қазақстандағы әлеуметтiк жағдай Ресеймен салыстырғанда анағұрлым төмен.

Биыл Белоруссияда ең төменгi жалақы мен зейнетақы көлемiн күрт өсiрiп жiбердi. Бәлкiм ол да Кедендiк одаққа енген елдiң әлеуметтiк жағдайын қорғау мақсатынан туындаса керек. Қазiр Беларусьтегi ең төменгi жалақы көлемi – 460 мың (150 $), ең төменгi зейнетақы көлемi – 244 100 (80) беларусь рублiне теңестiрiлген. Беларусьтегi орташа зейнетақы – 693 150 (227$), ең жоғарғы зейнетақы – 1 миллион 137 мың (380$ ).

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары