"ЭЛЕКТРОНДЫ ӘКIМДIК" ӨЗ ҚЫЗМЕТIН БАСТАДЫ

"ЭЛЕКТРОНДЫ ӘКIМДIК" ӨЗ ҚЫЗМЕТIН БАСТАДЫ

"ЭЛЕКТРОНДЫ ӘКIМДIК" ӨЗ ҚЫЗМЕТIН БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
201

Елiмiзде интернет қолданушылар саны артып келе жатқан сайын электронды қызмет түрлерi жобасын iске қосу да қарқынды түрде iске асуда. Елiмiзде алғашқылардың бiрi болып, Астана қаласының әкiмдiгi Астана қаласы тұрғындары үшiн www.e.astana.kz веб-порталы "Электронды әкiмдiк" жобасын 8 ақпаннан бастап iске қосты.

Астана қаласының "электронды әкiмдiк" жобасы аясында мемлекеттiк электронды қызметтер алуға мүмкiндiк беретiн e.astana.kz веб-порталы ресми түрде iске қосылды.

Аталмыш порталдың арқасында өмiрге қажеттi мемлекеттiк қызметтер жиынтығын компьютердiң пернесiн басу арқылы әп-сәтте алуға болады. Ендi астаналықтарды жұмыспен қамтамасыз ету, бiлiм, тұрғын үй, жер қатынастары және басқа да сан алуан сұрақтар бойынша 15 қызмет түрiн үйден шықпай-ақ ала алады.

Веб-порталды құрудағы басты мақсат – тұрғындар тарапынан барынша сұранысқа ие мемлекеттiк қызметтердiң қол жетiмдiлiгi мен сапасын арттыру. Интернет қызмет жұмысы күндiз-түнi қосылып тұрады. Қызмет көрсету жеделдiгi қала тұрғындарына кез келген уақытта интернет қосылған жерден тапсырыс жiберiп, қызмет алуға мүмкiндiк бередi.

Аталмыш жобаның жаңа мүмкiндiктерi:

– тұрғындардың компьютерлiк сауаттылығын арттыру ;

– белсендi интернет-тұтынушылар санын көбейту;

– азаматтар мен компанияларға мемлекеттiк қызмет алуға мүмкiндiк беру;

– мемлекеттiк мекемелердiң үдерiстерiн автоматтандыру;

– мемлекеттiк органдар мен мекемелердегi қызметкерлер жұмысының жариялылығын арттыру.

Электронды қызмет көрсетудiң жаңа жүйесi екi қауiпсiздiк сатысынан тұрады: бұл веб-порталға қосылу каналының қорғалуы және жеке теңестiрiлген нөмiр (ИИН) арқылы берiлетiн тапсырысты қосымша растауға арналған арнайы электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ).

Электронды сандық қолтаңбаны қазiрден бастап электронды үкiметтiң e.gov.kz сайтынан, сондай-ақ қаладағы ХҚО-нан ала аласыз. Жүйе ЭСҚ-ға ие азаматтарға құжаттардың көшiрмесiн сақтауға мүмкiндiк беретiн жеке электронды кабинет ұсынады.

Сонымен қатар ЭСҚ-сы жоқ тұтынушылар үшiн мемлекеттiк қызмет алу үшiн тапсырыс беруге және кезектi брондауға мүмкiндiк бар. Осылайша Астана қаласының әкiмдiгi қаланың кәмелетке толған тұрғындарының барлығын электронды мемлекеттiк қызметтi пайдалану мүмкiндiгiмен қамтамасыз етедi.

Интернет желiсi арқылы салық және басқа да төлемдердi талап етпейтiн қызметтер тегiн көрсетiледi.

Серіктес жаңалықтары