КӨРШIЛЕРДЕ – МЕРЕКЕ АЛ БIЗДЕ – САБАҚ
КӨРШIЛЕРДЕ – МЕРЕКЕ АЛ БIЗДЕ – САБАҚ
Ақпан айының басында Қытайда Шығыс күнтiзбесiне сәйкес Жаңа жылды қарсы алады. Көршi мемлекеттiң кеденшiлерi Жаңа жылды мерекелесе, Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнiң құрамына кiретiн "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеттерiндегi қазақстандық әрiптестерi өздерiнiң кәсiби шеберлiктерiн шыңдады.
– "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеттерiнiң жұмысындағы iркiлiстi пайдаланған бiз саптық және қызметтiк дайындықтың бекiтiлген жоспарына сәйкес 7 және 8 ақпанда Департаменттiң кадр аппараты екi күндiк оқу ұйымдастырып өткiздi, – дейдi кадр жұмысы бөлiмiнiң бастығы Шайдулла Қожахметов. – Сабақтың бiрiншi күнi кеден бекеттерiнiң қызметкерлерi үшiн Кедендiк одақ шеңберiнде кеден органдарының қызметiн реттейтiн құжаттарды зерделеуге арналған сабақтар ұйымдастырылды.
Мәселен Департаменттiң Кедендiк кiрiстер басқармасының бастығы Фарида Абылқалықова әрiптестерiне кедендiк ресiмдеу кезiндегi тарифтiк реттеу бойынша енгiзiлген жаңалықтардың мән-мағынасын түсiндiрсе, Кедендiк бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Ризабек Қалиаждаров кедендiк тексерудi жүзеге асыру кезiндегi тарифтiк емес реттеудiң шараларымен таныстырды. Ал Кедендiк бақылауды ұйымдастыру бөлiмiнiң бастығы Нұрлан Баймолдинов халықаралық тасымалдау құралдарын кедендiк рәсiмдеудiң тәртiбi мен ретiн түсiндiрдi.
Оқудың екiншi күнi Қазақстан Республикасы Президентi Жолдауының қағидаларын зерделеуге арналды. Iле аудандық әкiмдiгi iшкi саясат, Мәдениет және тiлдердi дамыту секторының меңгерушiсi Жұмәдiл Серъянов және "Нұр Отан" ХДП Iле аудандық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесiнiң төрайымы Роза Әбiлова Елбасы Жолдауының мән-мағынасын түсiндiрдi. Еркiн пiкiр алмасу барысында тараптар Елбасы Жолдауының қағидаларын жүзеге асырудың жолдары мен нысандарын белгiледi.
– Мұндай сабақтарды өткiзу кеден бекеттерi қызметкерлерiнiң кәсiби шеберлiгiн шыңдап, оларды тәртiпке шақырады, – дейдi Шайдулла Қожахметов.
Қайрат МАТРЕКОВ, Алматы облысы бойынша
КБД Баспасөз-хатшысы