АҒАТТЫҚТЫ “АҒАТТЫҚ” ДЕМЕУ ДЕ – АҒАТТЫҚ

АҒАТТЫҚТЫ “АҒАТТЫҚ” ДЕМЕУ ДЕ – АҒАТТЫҚ

АҒАТТЫҚТЫ “АҒАТТЫҚ” ДЕМЕУ ДЕ – АҒАТТЫҚ
ашық дереккөзі
234

МҰҚАҒАЛИҒА ҚАТЫСТЫ БIР ЖӘЙТ

Осы газеттiң 3 ақпандағы санынан "Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны" атты жазбаны (марқұм Жәлел Кеттебектiң естелiгiнен үзiндiнi) оқып, ақын аға жайындағы бiр ескi өсектiң сонда тағы қайталанғанына өкiндiм. Ол – күнделiктегi: "…Кейiннен ол кiсiнi Әдебиет институтынан шығарып, Жазушылар одағынан қуды деп естiдiм. "Естiдiм" деп отырғаным, өсiттi деген нақты құжатты өз көзiммен көрген жоқпын. Осылайша қазақтың Мағжаннан кейiнгi ең әруақты ақыны ресми әдебиеттен шеттетiлдi" деген екiұшты сөз. Мен марқұм Жәлелдi жазғырудан аулақпын, бiрақ "нақты құжатты өз көзiммен көрген жоқпын" дей тұра Мұқағали "ресми әдебиеттен шеттетiлдi" деп тұжыруы ағаттық болған. Атүстi оқыған кiсiге бұл тұжырым шындық iспеттенедi. "Түркiстанның" оқырмандары байыпты деп бiлсем де, бұл әңгiме жөнiнде пiкiр айтуым керек тәрiздi.

КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының қазақ бөлiмшесiне директорлыққа тағайындалған кезiм. 1975 жыл. Бiр күнi бөлмемнiң есiгi айқара ашылып, алып денелi Мұқағали тiсi ақсиып кiрiп келдi. Ұшып тұрып сәлем берiп, қарсы қабырға iргесiндегi диванға жайғасуына ишара жасадым. Ол диванға емес, үстелiмдi жанай тұрған биiк арқалықты орындыққа отырды. Үстiнде – қоңырқай жылы күртешесi, басында – қауқиған сары малақайы. Өңi жүдеу. Әншейiнде жымиысын жарасымды етiп түратын бет шұңқыры суалыңқы жағына сiңiп кеткендей. Мен iрге жақтағы орындықтардың бiрiн алып, Мұқаңмен тiзе түйiстiре бере:

– Иә, Мұқа, қал-ахуалың қалай? – дедiм.

Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970 жылда, мен "Қазақ әдебиетi" газетiнiң редакциясында қызмет iстеп жүрген тұста жатқан және қалайша екенiн бiлмеймiн, мен әу дескеннен-ақ "сен" деп кеткенмiн-дi.

– Диваныңа отырмағаныма сен ренжiме, қызталақтың жүмсағын да, қаттысын да көрiп жүрмiн ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды оны қойшы, саған келген себебiм: сенiң анау бұғалтырың бар ғой, сол менiң "көкқағазымды" көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айтарыңды айтшы! – дедi ол.

– Шошығаны қалай? – дедiм ештеңе түсiнбей.

– Өзiнен сұра, – деп сәл жымиды да, малақайын алып диванға тастай салды. Қобыраған шашын қос қолдың саусағымен артқа қарай салалап-салалап тарады. Кең мандайы жарқырай ашылды.

– Қазiр сұрайын, – деп орныма бардым да, бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны шақырдым. Мұқаң:

– Қызық, – дедi.

– Не "қызық"? Қай сұлу есiңе түстi? – дедiм әзiлдесе беретiн әдетiммен. Сол әредiкте келiп кiрген Факең не үшiн шақырылғанын аңғарса керек, қолындағы "көкқағазды" – еңбекке жарамсыздық жөнiндегi бюллетеньдi маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап:

– Бұларыңа ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, – дедi.

– "Правомыз жоғы" қалай? – дедiм. "Көкқағаз" екеу екен.

– Литфондтың мүшелiгiнен шығарылған, өзiне айтқанмын.

– "Шығарылғаны" қалай?! – дедiм ерiксiз танданып.

– Постановлениенi алып келейiн, көрiңдер, – деп Факең бұрылып жөнеле бердi.

– Айттым ғой, "қызық" деп?! – дедi Мұқаң, тиiстi ақшасын санап алған кiсiше жылы күлiп.

– "Қызығың" бар болсын! – дедiм. "Көкқағаздарына" қарасам: бiреуi жақында ғана берiлiптi, екiншiсi төрт ай мөлшерi бұрында жазылған.

Факең қайтадан келiп, бiр парақты алдыма қойды. Бөлiмшенiң ресми бланкiсiнде "Постановление правления" деп орыс тiлiнде сайрап тұрған қаулының тұжырымы: "Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелiгiнен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелiгiнен де шығарылғаны болып табыладыны" айтып айқұлақтанған. Бөлiмше директоры Әбдiрашит Ахметов қол қойып, мөр басқан.

– Қызық, ә? – дейдi Мұқаң жайбарақат сөйлеп. Сөзi қитығыма тиiп:

– Мына қаулыны Мәскеу бекiтiп қойса, "қызық" сонда болады, "қызықтың" көкесiн сонда көремiз! Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазiр келемiн, – дедiм де, Әнуар Әлiмжановқа барып келетiнiмдi айтып, есiкке беттедiм.

– Бiрiншi секретарьға барасың ба? Ол шешер ме екен? – дедi Факең маған iлесе шығып. Үндемедiм.

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлiмжанов – Жазушылар одағының басшысы бөлмесiнде оңаша екен. Сәлемдестiм де, мән-жайды айтып, әлгi қаулыны ұсындым:

– Мұқағалиды одақ мүшелiгiнен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешiлiп пе едi? – деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнiң қабағы түйiлiп, көзi өткiрлене қалды. Басын шайқап:

– Әкәу, (Әнекенде осылай "әкәу" дейтiн одағай сөз бар-ды – Ғ.Қ.), бiр рет сыртынан ақылдасқанбыз оның мәселесiн. Масайып жүретiнiн қоймаған соң. Бiрiмiз: "одақтан шығарайық!" деп, бiрiмiз: "мүшелiгiн бiр жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!" деп талқылағанбыз. Мен ол екi ұсынысқа да келiсiм берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол – Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, бiрде Мұқағалидың мәселесiн қарап, бiздiң жiгiттер ұятқа қалыпты ғой, өздерi осы қызық! – деп иығын қужың еткiздi.

– "Қызық" көбейдi, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жiберемiн де, ол жақтың жауабын тоспай-ақ, Мұқаңның бюллетеньдерiнiң ақшасын төлеп беремiн, – дедiм. Әнекең қаулыны маған қайырып:

– Дұрыс, дұрыс! – дедi. Мен үстелге қаулыны аударып төседiм:

– Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазiр жазып қоямын, – дедiм.

– Сөйт, мен қол қойып берейiн, – дедi ол.

Қысқасы, Мұқағалидың "Жазушылар одағына мүшелiктен шығарылуы себептi Әдеби қор мүшелiгiнен шығарылғаны туралы қаулының" жаңсақ екенi жайында Мәскеуге хат жаздым. Сөйтiп тынышталдық.

Ал "Әнуар Әлiмжанов Жазушылар одағын басқарып тұрғанында Мұқағалиды одақ мүшелiгiнен шығарып тастаған болатын" деген "жаңалық" мүлде бекер, ол – кәдiмгi өсек.

Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатжайында басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-i күнi өткiзген мәжiлiсiнiң №3 "а" қаулысы бар. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелiгiнен шығаруға шешiм қабылданғаны жазылған. Ол – жалған шешiм. Себебi бiрiншiден, сол мәжiлiсте қаралған негiзгi мәселе жайында баяндама жасаған Қалаубек Түрсынқұловтан (одақ басқармасының үшiншi хатшысы) кейiн сұрағанымда, ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты. Екiншiден, ҚЖО басқармасының бiрiншi хатшысы Ә. Әлiмжанов Мәскеуде iссапарда жүрген, ал бiрiншi басшы жоқ кезде кiмдi болсын мүшелiктен шығару сияқты күрделi мәселе қаралмайтыны өзiнен-өзi белгiлi. Егер тiптi бiр шұғыл себептермен қарау қажет болған күннiң өзiнде мәжiлiстi бiрiншi басшының мiндетiн уақытша атқарушы екiншi басшы – Iлияс Есенберлин өткiзiп, шешiмге сол қол қоюға мiндеттi едi. Олай болмаған. Сыртқы байланыс жөнiндегi хатшы (төртiншi) Олжас Сүлейменов қол қойыпты. Үшiншiден, қаулының өзiн "а", "ә", "б"… деп нөмiрлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына: "а", "ә", "б"… деп тармақ енгiзiледi. Яғни мынау "№3 "а" қаулы" әлдекiмге не Мұқағалиды мұқату үшiн, не Әнуардi арандату үшiн керек болған да, кейiн және сауатсыз жазылған, демек жалған құжат екенi даусыз. Жалғандығына және бiр дәлел – ол мәжiлiсте Мұқағалидың тәртiбi қаралса, шешiм қабылданбастан бұрын талқылау, пiкiрлесу болуы, хатшылар алқасының мүшелерiнен кiм-кiмнiң сөйлегенi, не дегенi, шешiмнiң неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етiледi ғой, мұнда ондай құжат (мәжiлiс хаттамасы) жоқ, пәленбай мәжiлiс өттi, түгенбай шешiм қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар.

2009 жылғы мамырда Президент мұрағатжайынан Әнуар Әлiмжановқа қатысты ақпарлар iздеп, мақалалары, сұхбаттары, аудармалары, хаттары бар он шақты папканы ақтардым. Әнекеңнiң туғанына 2010 жылдың мамырында 80 жыл толатын едi де, соған орай жазушының бұрын жарық көрмеген мақалаларын, хаттарын кiтап етiп шығаруды қолға алғанмын. Сөз ретiне қарай айта отырайын: Әнекеңнiң 70 жылдығы жетiм қыздың тойына ұқсап ауданында ғана өткiзiлдi. Ал 80 жылдығы Алматыда, М.Әуезов атындағы драма театрында "өткiзiлдi" деу үшiн ғана өткiзiлдi, атына заты сай болған жоқ. Әлемнiң алпыс бiрдеңе елiнде болған, Қазақстанын, қазағын мейлiнше насихаттаған, КСРО түгел дерлiк таныған, құрметтеген, күнi кеше КСРО Жоғарғы кеңесiнiң Республикалар кеңесiн басқарып, Кеңес Одағын ыдырату туралы қаулыға қол қойған атақты қаламгерiнiң әруағына Алматы облысының басшылары әлi де тағзым етер емес. "Естелiк жинақты шығарып беремiз" деп алдағандары өз алдына, Әнекеңнiң мүсiнiн жасатуды таусылмас жырға айналдырып, оған "қаржы таппай қиналып", мектеп мұғалiмдерiне салмақ салып жатқан көрiнедi. Көзi тiрi жазушыларының 60-70 жылдығын дүркiретiп өткiзiп, автокөлiк бастаған сый-сияпатты үйiп-төгедi. "Айтыс жеңiмпаздарына" автокөлiктi тiзiп тастайтын мақтан-әдет үдеп барады. Ал Мұхтар Әуезов алғашқы кiтабына алғысөз жазған, кейiнде: "Егер Бiрiншi Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлiмжанов Азияға айқара ашты" деп мақтаныш тұтқан Әнекеңе "өзi жоқтың көзi жоқ" жасалып келедi. Студент Әнуардың 1953 жылдың көктемiнде Ұстазы Мұхтар Әуезовтi КГБ деген пәлекеттiң қақпанына тұтылудан сақтап, құтқарып жiберген ерлiгi көпке мәлiм болса да, бiздiң ұлықтарға беймәлiм сияқты.

Ендi аталған мұрағатжайдан табылған мына хатқа үңiлелiк:

"Әнуар!

Айып етпе, сенiң алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенiң қазiргi жұмысың қауырт, оны да түсiнем. Сондықтан менiң Жаңа жылдан бергi жағдайымды өзiң бiлесiң бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келдi. Менiң, семьямның қазiргi халi осыған мойын ұсындырды менi. Үйiңе барып жолығуды ұят көрдiм. Тағы да өтiнем, айыпқа бұйырма.

Өзiңе белгiлi болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзiрше. "Жұлдыздан" менi босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едiң. Сенiң келiсiмiң болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлi белгiсiз. Өзiм де кiнәлiмiн, әрине дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегiнен ажырататындай ешкiмге ешнәрсе iстей қойған жоқ едiм…

Жасыратыны жоқ, байқаймын сен маған суық қарайсың. Сен менi, менiң болмысымды танитын сияқты едiң ғой. Түсiнбеймiн, қандай ғана өсекшiнiң тiлiне ердiң?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бiр адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбiк езу бiреулер саған бiрдеңе деп жеткiзсе, оның бәрi жалған екендiгiн түсiнуiңдi өтiнем.

Ал әлгi дерт, iшiмдiк мәселесiне келетiн болсақ, ендi оның иiсiн сездiрiп, iзiн де бiлдiрмеуге бел байлағам. Есiңде болсын, бұл -менiң азаматтық сөзiм!

Адамның бәрiн дос санап, көңiлдерiн жықпай, көлгiрсiп келiппiн. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па – бiлмеймiн. Мендегi бар айып – жеккөретiн, құлқым сүймейтiн адамға жеккөретiнiмдi, құлқым сүймейтiндiгiн сол адамның алдында оп-оңай бiлдiрiп алатындығым (iшсем де, iшпесем де).

Әнуар! Бүгiннiң қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безiнiп, болашақ үшiн, қауым үшiн, болашақтың әдебиетi үшiн өмiр сүрейiн десем, менiң қазiргi болмыс-тұрмысым соншама езiп, жаншып, жуасытып барады. Өзiм жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кеттi…

Өтiнiш: егер менен үмiтiңдi бiржола үзбесең, менi өзiңнiң қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргiм келмейдi. Бәрi де ержетiп, естерi кiрiп қалыпты, ұялып жүрмiн солардан… Өзiң бiлесiң, қырықтан аттанып барам ғой, ендi қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кеттi. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтiнiшiм осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттiм!

Сәлеммен, Мұқағали.

20. 03. 1973 ж.

Панфилов 147, кв.95. Телеф. 27497".

Бұл хаттан кейiн екеуi жақсылап әңгiмелескен болар. Көп кешiкпей Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жiберiлген. Ол – Әнуардың мұндағы "достарынан" уақытша болса да қол үзсiн, үлкен ортаны көрсiн, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниетi ғой. Бiрақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973 жылғы қарашада хат келiптi. Жолдаған кiсi аты-жөнiн анық жазбастан иiрлеп қол қоя салған. Ол бiздiң ақынды "стихийная одаренность которого несомненна" деп бағалай келiп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкiне мәлiмдептi. Ал Әнуар хат иесiн әбден танитын болса керек, жауабын: "Уважаемый Александр Петрович!" деп бастап, Мұқағалиды өзiнiң жоғары құрметтейтiнiн айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде қазақ тiлiне аударып жазып алғанымды ұсындым): "…Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шетелде едiм, ол орнымда қалған хатшыға: – Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Ендi мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетiп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемiн, – деп кетiптi… Талантты ақынның одаққа танылуы үшiн кiтабын Мәскеуде орыс тiлiнде шығарғымыз келедi, Сiз көмектессеңiз жарар едi", – деп жазыпты. Кейiнде ақынымыздың Мәскеуде "Зов души" деген атпен шыққан (орысшалағандар – Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңi енгiзiлген жинағына алғысөзiн Әнуар: "…творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия", деп бастап: "Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом… Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку", – деп тұжырыпты. Осындай адал пiкiрлi Әнуардың Мұқағалиға қашанда оң көзiмен қарағанына бұл – және бiр дәлел. Әнуар болмаса, бұл жинақ шықпас та едi (сөз ыңғайына қарай айта отыруға болар бiр жәйт: сол жылдары Ленинград баспасынан жарық көрген "Поэты Казахстана" жинағын Мұхтар Мағауинге құрастыртып, жолын ашқан да Әнуар екен).

Әнуардың хатындағы Александр Петровичтiң әйгiлi ақын, аудармашы Межиров екенiн Өтеген Күмiсбаевтың "Мәскеуге сыймаған Мұқағали" деп жазған естелiгiнен бiлдiм ("Айқын" газетi, 14 тамыз, 2010 жыл). Өтеген ақынның Мәскеумен хош айтысқан өлеңiнен мынау жолдарды келтiрiптi:

…Үйренiп қалған ұямдай,

Мәскеудi барам қия алмай.

Миллиондардың iшiнде

Бiр басым менiң сия алмай.

Еңсемдi бiр сәт жия алмай.

Не бетiмдi айттым, Алматым,

Не деймiн саған, ұялмай?!.

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, менi аман-сау

Алматыммен жолықтыр!

Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: "ауылыма кетiп барамын" дегенi осы көңiл күйiнiң жалғасы екен-ау!..

Жалпы Мұқағалидың аспаны ерекше бұлтты болған жоқ. Өлеңдерi газет-журналдарда да, кiтап болып та шығып жатты. Ал қайсыбiр жинағымыздың баспадан бiр жыл, екi жыл кешiгiп шығуы бәрiмiзде дерлiк кездескен.

Әнекеңнiң: "…бiздiң жiгiттер ұятқа қалыпты ғой, өздерi осы қызық" дегенiне оралайын.

Бiр күнi одақтың кәсiподақ комитетi жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердiң бiрi – Мүқағали Мақатаевтың тәртiбi. Жиналысты Олжас Сүлейменов ашып, жүргiзiп отырды. Негiзгi мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, одан соң күн тәртiбiндегi басқа мәселелердi қарауға кезек келдi. Олжас әрқашанғы әдетiнше Мұқағалиға шүйiлiп бiраз сөйлеп: – Мақатаевты кәсiподақ мүшелiгiнен, тiптi Жазушылар одағынан шығару да керек! – деп көсiлдi. Мiнберге шыққандардың бiрсыпырасы қостады. Екi-үш кiсi қарсы сөйледiк. Мен: – Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретiнi рас, бiрақ ешкiмнiң басын жарған жоқ, көзiн шығарған жоқ. Сәкенiнен, Iлиясынан, Бейiмбетiнен, Мұхтарынан, Сәбитiнен, басқа да үлкен-кiшi тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетiне ендi жетпей тұрғаны Мұқағалиды қуып тастау ма? – деп, орынсыз ұсынысқа мүлде қарсы екенiмдi айттым. Ию-қию өршiдi. О тұстан, бұ тұстан ала-құла сөздi айқай шықты. Сол кезде әлдекiм:

– Мұқағали кәсiподақтың мүшелiк жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзi! – дедi.

Мұқағали залдың орта шенiнде отырған-ды. Жұрт: "Иә, иә, айтсын!" десiп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тiсi ақсия күлiп отыр. Қолын сiлтейдi. Және бiреу: "Оның айтқысы келмесе, комитеттiң жарна жинаушысы кiм едi, сол айтсын!" – деп талап еттi. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелерi жөнiндегi орынбасары бухгалтер Фарида Миникеева едi, сол кiсi орнынан тұрды да: "Мүшелiк жарнасын үш жыл бойы төлемегендiгi себептi Мақатаев жолдас мүшелiктен алдыңғы жылы шығарылған болатын", – дедi. Қарқ-қарқ күлкi залды жарып жiбере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшiлiк сол күлген бойы тарап кете барды. "Бiздiң жiгiттердiң қызығы" – сол!

Сөз соңында мына бiр ойды ортаға салғанды жөн көрдiм. Бұрын да қаперiмде бар жәйтке Жәлелдiң Мұқағали туралы: "…қазақтың Мағжаннан кейiнгi ең аруақты ақыны…" дегенi жетекшi болды. Соңғы жылдары әдеби баспасөзде жарияланып жатқан мақалалардан: Абайдан кейiнгi ең пәлендей де түгендей ақын Мағжан Жұмабаев… Iлияс Жансүгiров… Қасым Аманжолов… Мұқағали Мақатаев… деп түрлi-түрлi анықтама беру жиi кездеседi. Бұл қаншалықты қажет? Үлкендi-кiшiлi марқұм ақындарымыздың әдебиет тарихымызда өз орыны, өз деңгейi бар емес пе? Оларды "екiншi орынға" қоюға құмарлық кiмге, неге қажет? Тiптi кейде Абаймен иықтастыру секiлдi өрескелдiк те қылаң бередi.

Сондай-ақ ақын-жазушыларымыздың арамызда жоғына да, барына да: "ұлы; кемеңгер; әулие; пайғамбар…" деп атақ үлестiретiн ойсыздық, дарақылық өршiп барады. Менiңше, бұл – әдеби сын бетiн басып, аузын жапқан соң, жол алған бейпiлауыздық! Атақ үлестiргiштер – не өзiн әдебиеттiң бiлгiрi, төрешiсi санайтындар, не "батыл пiкiр айтқыштар", не жағымпаздар, не "мен де айта салайындар".

Қалай болғанда да, бұл жәйттер ақын-жазушыларымыздың, ең алдымен әдебиетiмiздiң мерейiн, беделiн арттырмайды, керiсiнше кемiтедi.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары